«Басқа балаларым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» деп әкесі Ерназар айтпақшы, қазақ эстрадасында «МузАрттың» орны алабөтен. Қандай әнге салсын, хитке айналдыратын құпия сырдың иесі, шынында да, бүгін өзін атына заты сай мұзарт шыңның мұзбалағы ретінде мойындатты. Алғаш үшеу болып үндестік тапқан олар бүгінде тұтас ансамбльге айналып, жанды дауыспен сахнаны жандырып жүр. Республика сарайында үш күн бойы аншлагпен концерт өткізіп, оған көрерменнің елден арнайы келіп, төрт билетке 100 мың теңге беруі тек «МузАрт» секілді топтың басында болуы мүмкін. Биыл «МузАрт» онға толды. Осыған орай топтың белді мүшесі Сәкен Майғазиевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Көпшілік көкейінде «МузАрттың» он жылдық концерті қалай өтер екен» деген сауал тұрған шығар, бірден содан бастайықшы...
– Осы он жыл ішінде тек «МузАрттың» өзі айтқан әндердің саны 50-ді еңсеріпті. Әңгіме тек әннің санында емес, осы он жылда жүрегін біздің әнімізбен әлдилеп, жанын біздің әнімізбен жұбататын қаншама жанкүйеріміз қалыптасты. Халықсыз, тыңдармансыз әнші әнші емес, сондықтан біз өз мерейтойымызды қалай өткізетінімізді олармен ақылдасып шешсек деп, жеке сайтымызда сауалнама жүргізудеміз. Өзімізден де бірақ идеялар туындап жатыр. Алла қаласа, Алматы мен Астанадан бастау алған он жылдық мерейтойда бүкіл Қазақстанды аралап, қала берді, қазақ көп шоғырланған алыс-жақын шетелдерге де шығатынымызды айта аламын, қалғаны тосынсый болғаны қызық қой.
– Вокалды-аспапты ансамбль құрып, жанды дауысты жандандыруда жақсы бастама көтергендеріңіз аян. Алайда жалпы қазақ эстрадасы соған қаншалықты дайындығын көрсетті?
– Бізде жанды дауыста айтуға қабілетті әншілер көп, шүкір. Тек біздің жалпы дауыс жайлы, эстрада жайлы көзқарасымыз көбіне түзу бола бермейтіні өкінішті. Мысалы, «қазір кім көрінген компьютермен дауыс жасап алады» дейтіндер бар, соларға айтарым, бәрібір мың жерден әспеттесең де, қарғаны бұлбұл қыла алмайсың. Демек, олар ойлағандай қазір эстрадада жүргендердің бәрі бірдей «қолдан жасалған бұлбұлдар» емес. Үлкен буынды айтпағанда, қазіргі жас әншілеріміз, «Суперстардың» жеңімпаздары – Алмас Кішкенбаев, Қайрат Түнтеков, Нұржан Керменбаев т.б. қай-қайсысы болсын жанды дауыста кез келген сахнада тайсалмай орындап бере алады. Ал енді техникалық тұрғыда әңгіме басқа. Дыбыстық ұлғайтқыш т.б. музыкалық құрылғылар мүмкіндігінің сапасы төмен болған жағдайда кез келген әнші ауытқиды. Тек қазақ эстрадасы ғана емес, әлемге әйгілі жоғары кәсіби әншілердің де кейде сол себептен мүлт кететін кездері болады. Тіпті поп-музыка королі саналатын марқұм Майкл Джексонның да сондай бір тұсын өз басым ғаламтор арқылы көргенмін. Алайда бір-екі рет солай болғаны үшін ешкім «ойбай, Майкл ән айта алмайды, өтірік әнші екен» демейді ғой. Ал бізде жанды дауысты тыңдап үйренбегендер бір әншінің сәл бір нотадан ауытқығанын байқаса, бітті, ол әншіні жоққа шығаруға дайын тұрады. Меніңше, олай дейтіндердің өзі – жанды дауысты тыңдай білмейтіндер. Мәселен, көптеген сахнаның, тойханалар мен салтанат сарайларының акустикалық, техникалық жағдайлары да жанды дауыста ән салуға мүмкіндік бермейді. Кейде өзіміздің де жанды дауыста айтуға мүмкіндігіміз болмағандықтан, фонограмма қолданатын кездеріміз болады, бірақ соғұрлы көкейімізде «қап, тірі дауыста шырқап жіберсе ғой» деген құмарлық тыныш таптырмайды. Бірақ қалай шырқайсың, егер бір микрофонның дауысы екіншісімен бірдей шықпаса, оны қадағалайтын дыбыс операторлары жоқ болса?! Сол үшін қандай да бір желсөзге ерік бермей тұрып, осы тарапта сауаттанып, түсінік қалыптастырып алу керек бізге.
– Әйтсе де қоғам тек ондай мұрын шүйіруге ғана шамасы жететіндерден ғана тұрмайды, «МузАрттың» интернет сайтының ашылуы сондай талғам-таразысы биік жандар мен жанкүйерлеріңіздің талабынан туындаған іс деу керек. Батысты айтпағанда, Ресейде сіздер секілді танымал топ, жұлдыздар жайлы әлдеқашан арнайы фильм түсіріп, кітап шығарып қояр еді. Бізде осы он жылда «МузАрт» жайлы кітап жазсам деген қаламгер, фильм түсірсем деген режиссер табылды ма?
– Негізі, «МузАрттың» басқан әрбір қадамы демесек те, көптеген концерті т.б. таспаға түскен. «Әттеген-ай, қап, мына жерде камераның болмай қалғаны-ай» деген де тұсымыз аз болған жоқ. Сол қолда бар біршама дүниені жинақтап, фильм жасау көптен ойда жүр. Онда біздің әу баста қалай бас қосқандығымыз жайлы өз естелігімізбен қатар, көпшілік жұрт, зиялы қауым, өнер тарландары арасында «МузАрт» кім» деген сауалнама жүргіземіз, бұйырса. Мейлі, онда біреудің сыны да жүруі мүмкін, бірақ ол да біз үшін маңызды. Ал кітап жайлы айтсақ, болашақта «МузАрт» жайлы естелік-эссе жазуды қолға алып жатсам, таңғалып, таңдай қақпаңыз (күлді). Жазу қолымнан келетін сияқты, негізі. Бала кезімнен кітапты көп оқитындардың бірімін. Тек кейіпкерлерін шатастырып алатыным жаман (күлді).
– Кейінгі кездері on.kz сайтында жеке блог жүргізуіңіздің өзі сіздің бір үлкен дүние жазуыңызға дайындық шығар, бәлкім?
– Жаһандану заманында ғаламтордың мүмкіндігі мен оңтайлы жағы көп қой. Оның үстіне электронды поштаны біреудің атынан біреу ашып ала беретін заман болды ғой. Сәкен Майғазиев деген атпен іздесеңіз, дәл қазір 20 шақты «әлем» бір-ақ шығады.
– Соның ең құрығанда біреуі өзіңіздікі ме?
– (күлді) Тіпті екеуі менікі, оны (логин) мен тек өзіммен тығыз қатынаста болатын өздеріңіз секілді журналистер мен аранжировка жасайтын музыканттарға, ақын, сазгерлерге, дос-жараныма ғана беремін. Менің on.kz-ке тіркелгенім де, бір жағы, сол, ол жерде менің жіті қадағалауымда екенін бәрі біледі. Блог жүргізу арқылы мен жеке ой-толғанысымды ортаға салып, сауалнама жүргізе аламын.
– Кейінгі кезде «Мейрамбек «МузАрттан», тіпті әннен кетіп қалады екен», сол сияқты «Болат жеке шықпақшы» деген сөздер кезіп жүр. Осының қайсысы өтірік, қайсысы шын? Сондай ақ «МузАрт» тобы «Досмұқасан» не «Ялла» секілді шаштары ағарғанша топты сақтап қалады деп сенімді түрде айта аласыз ба, қандай да бір келісімшарт бар ма осы тұрғыда?
– Батыстық шоу-бизнесте жұрт аузында жүру үшін әдейі қара пиар таратуды үрдіске айналдырған, Алла сақтасын, «МузАртта» ойдан жасалған нәрсе болған емес. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп қазақ тегін айтпаған. Әлгіндей сөздердің шет жағасы дұрыс. Мысалы, Болат шын мәнінде «МузАрттан» кетті. Өзі сондай иманды, ибалы жігіт, айта алмай ұзақ жүріпті. Ұлықпан ағамыз келіп: «Балам жеке шығармашылығын дамытқысы келеді екен, баталарыңды беріңдер, сендерден рұқсат болса...» – деді. Біз де ақ жол тілеп, жібердік. Бізде ешқандай біреуді еріксіз байлайтын құжат та, ондай пиғыл да жоқ. Бәрі адамгершілікпен жасалады. Мейрамбектің айтуынша, ол өнерден кетпейді, ол жағынан қорықпай-ақ қойыңыздар, өзінен де сұрап көріңіздер. Ал енді кепілдік мәселесіне келсек, ертең не болары тек бір Аллаға ғана аян. Біздікі тек арман ғой.
– Қазір әншілер т.б. өнер адамдарының көбі жайнамазға жығылып, Алласын танып жатыр. Солардың ішінде жүре келе, «ән – харам» деп сахнадан кетіп жатқандар бар, осындай жағдай сізді алаңдатпай ма?
– Алланың ақ жолында жүрген өнерлі жастарымыз баршылық, шүкір. Мысалы, «melomen»-дік бауырларымыздың бағыты дұрыс: әрі иманды, таза жүреді, адамгершіліктері қандай ол жігіттердің! Сонымен қоса олар заманауи стильде де талғаммен киіне біледі. Алланы насихаттайтын әндерді де, таза эстрадалық әндерді де кәсіби дәрежеде орындайды, бір сөзбен айтқанда, алтын орталықты ұстанып жүр. Негізі, тек әншілердің ғана емес, жалпы қазақтың түрлі сенімдер жетегінде кеткені мені қатты алаңдатады.
– «МузАрттан» тыс жеке әндеріңізді тыңдап жүрміз, әсіресе Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиевтей классик ағаларымыздың «Құстар әнін» сіздің орындауыңызда тыңдағанда «ән өз орындаушысын енді тапқандай» деушілер бар. Сәкен Майғазиев ретінде жеке ән жинағыңызды шығару жоспарыңызда бар ма?
– Бар күш-жігерімді бірінші кезекте «МузАртқа» салғаннан кейін бе, өз шығармашылығыма аса көңіл бөлмеппін. Соның өзінде ара-тұра жеке әндер жазылып жатты. Мысалы, жеке күйтабақ шығару үшін кем дегенде 17-18 ән керек, 12 әнмен де шығарып жатқандар бар. Бұрынғысы, кейінгісі бар, 30-ға тарта ән жиналып қалыпты. Екі диск шығарсам деп жүргенмін, қызық болғанда, таяуда маған біреу «күйтабағың құтты болсын» деп қоңырау шалып тұр. Қапелімде естіп, аң-таң болып қалдым. Бастапқыда менің келісімімсіз жасаған «қарақшыларға» қарным ашты, артынан «е, демек, менің әндерімді көпшілік керек еткен, сұраныс болған соң, жасаған ғой» деп қайта қуандым. Ренжіген күнде де бәрібір табылмайтын «қарақшылар» ғой олар. Бірақ алдағы уақытта сапасы жоғары, лицензияланған жинағымды өз қолыммен шығарғым келіп жүр.
– Қазақ эстрадасымен қатар, елімізде Мақпал Исабекова, Иван Бреусов, Дильназ Ахмадиевалар секілді қазақстандық әншілер де бар. Арада бір алшақтық байқала ма әлде «илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой» деген түсінік басым ба? Сондай-ақ халықаралық байқауларға қатысып жүрген эстрада өкілдері жайлы ойыңыз қалай?
– Бұрыннан бір іштей тілеп жүретін тілегім бар еді, ол – Қайрат Түнтеков халықаралық байқауға қатысса екен деген ой. Өткен жылы Қайрат «Новая волнада» шырқады. Әрине, оған өз мүмкіндігін көрсетуге толық мүмкіндік берген жоқ, славяндықтардың шовинизмін білеміз ғой. Тіпті Қайраттың шеберлігін көрсететін,орындап жүрген французша әнін де айтқызбай, қысым жасап, барынша дауыс мүмкіндігін көрсетпейтін ән бергенін іштей сеземін. Қайраттай қазақтың қаршадай ғана баласының поп-музыка королі Майкл Джексонның әнін еркін орындайтынына риза боламын. Кейбір үлкен кісілердің соған қарсылық білдіріп, сыртынан түрліше сөз айтатындарын түсінбеймін. Қайрат – өз бағытының биігінде. Оның домбырамен дәстүрлі ән салып тұрғанын елестете аласыз ба? Ал енді орыстілді, қазақтілді болып бөліну жоқ емес, бар, бірақ бір кездегідей емес, қазір қазақ эстрадасының орнын, рөлін көпшілігі мойындайды. Қазақ өнері өркендей берсін!
– Әңгімеңізге көп рақмет, шығармашылық табыс тілейміз!
• Күлеміз бе?
«Виртуалды Сәкендердің» бірі әлемдегі барлық досына «егер менің шын жанкүйерім болсаң, телефоныма 500 теңге сала сал» деп спам таратыпты. Естігенде «тым құрыса, мың теңге сұрамады ма екен...» деп күлдім.
• Айтпайын десең...
Үйінен жаназа шығартпайтындар, әке-шешесіне қарсы шығатындар, келінге сәлем салдырмайтындар, тіпті еліміздің туын көтертпейтіндер көбейіп кетті ғой. Атам қазақ «Отанды сүю – иманнан» дейді. Ал әлгіндей ту ұстатпайтындар – меніңше, біздің елімізді іштей ірітуге, қазақтың ұйыған бірлігін бұзуға әдейі жымысқы саясат жүргізуші, жат пиғылды сектаның құрбандары.