Жұлдыз Әбдукәрімова алғаш келін болып түскенде тамақ әзірлеуді білмегенін айтты. Ол тұрмысқа шығуға қорқатын қыздарға кеңесін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті. Жұлдыз Tengrinews.kz сайтының Bizben Podcast жобасында сұхбат берді.
Жұлдыз енесімен қалай тіл табысқанын әңгімеледі.
"Ғашық болсаңыз, сүйгеніңізді дүниеге алып келген анасын да жақсы көресіз. Бала жақсы, ене жаман болмайды. Мен де келін болып түскен кезімде ештеңе істей алмайтынмын. Шайнектің астын жағудан басқа қолымнан түк келмейтін. Енеме айтып, басын ашып алғанмын.
"Еш саспа, бәрін өзім үйретемін. Адамның жасағанын адам жасайды" деді. Сол сөзі әлі күнге дейін жадымда. Кез келген іс, жұмыс болсын, қиыншылық болсын, сол сөзді еске аламын. Сөйтіп үйреніп кеттім. Басында тұзы көп болып кететін, біресе жетпей қалатын. Бірақ қазір асты ең дәмді дайындайтын мен шығармын... Атам да, жолдасым да, балаларым да сүйсініп жейді", - дейді Жұлдыз.
Қазір не көп, өзіңді өзгертуге арналған курс пен марафон көп. Олардың бәрінің дерлік айтатыны: "Өзіңді өзгертсең, айналаң өзгереді". Алайда Әбдукәрімова бұл пікірмен келіспейді.
"Өзіңді өзгерткен күннің өзінде, айналаңдағы екі адам өзгермесе, оған сен кінәлі емессің ғой. Оны бәрібір қабылдай алмайсың. Өзіңе зиян келмейтін адамдармен араласу керек шығар. Зияны келетін, пайдасы жоқ адамдармен шекараны сақтау керек", - деді ол.
Бұдан бөлек, Жұлдыз отбасындағы ер мен әйелдің міндеттеріне қатысты ойын білдірді.
"Тамақты анық әйел істеу керек болса, онда күйеуі асырасын. Айлығын берсін, азық-түлікке бөлек берсін. О бастан келісіп алу керек.
Өз басым, күйеуімнің ас үйде жағаласып жүргенін ұнатпаймын. Не ол, не мен істейін. Өйткені біреу келіп тұз, біреу бұрыш салып кетсе, тамақ дәмсіз болады ғой", - дейді Әбдукәрімова.