«Өнер – тәңір сыйы» десек, бойға біткен қасиетті танып, оны дамыту, жан дүниені тебіренткен ерекше сезімнен туған ән ырғағын тыңдаушыға жеткізіп, көкірек көзін ояту екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Ал әнші бола жүріп, поэзияны жанына серік етіп, көкейдегі сансыз сұрақтарды жыр жинағынан іздеп, ән тілеп тұрған тебіреністі ырғақтарды музыкаға айналдырып, тыңдаушысын тәнті ету тылсым дүниедегі үндестікке қосылу болса керек.
Өздеріңізге «Сәби болғым келеді» әнімен танымал сазгер әрі белгілі әнші Тұрсынғазы Рахимов, міне, осындай өнер иесі.
Тұрсынғазы өз жүрегіндегі әдемі сезім иірімдерін тыңдап, ойын мазалаған әсем әнге ұластырады. Табиғатынан жаны дарқан, ақкөңіл де аңғалдығымен сенгіш, аса бауырмал ол – сауықшыл халықтың өнерінен нәр алып, шырқау биікке көтерілетін асқақ әндердің иесі. Ән шығару үшін де әншіліктің қыр-сырын жете меңгеру абзал.
«Үш бақытым» деп Мұқағали жырлап өтсе, «үш ұстазым бар» деп Тұрсынғазы әркез мақтанышпен айтады. Өнер жолында үш дарын иесінен тәлім-тәрбие алғаны жайлы бізге берген сұхбатында былай деп еді:
– Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыттымын. Ол кісі үнемі «сен сазгерлікпен айналысасың» деп айтатын. Ол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. «Сені асырайтын – қара домбыраң» дейтін марқұм.
Екінші ұстазым – Есімхан Обаев. Ол маған талай рөл беріп, сахнаға шыңдады. Сахнаға шығу үшін де шеберлік керек.
Үшінші ұстазым – композитор Теміржан Базарбаев. Ол кісі 1979 жылы алғаш «Сәби болғым келеді» әнін жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбиелеген тәлімгерім еді...
Иә, әнге деген аңсарлы ынтызарлықты, халық үшін талмай еңбек етуді, төзімділікті, өнерге деген адалдықты Тұрсынғазы өз ұстазы Жүсіпбек Елебековтен үйренді. Жүсекең әр шәкіртінің болашағын болжап отыратын. Сол кезде шәкіртіне: «Балам, сен халқың еркелеткен асқақ әнші, ән шығаратын композитор боласың», – деп ақ батасын берген.
Ұстаз бен шәкірт бұрынғы Красин мен Киров көшесінің қиылысындағы Республикалық эстрада-цирк студиясынан сабақтан шыққан соң, жаяу серуендеп көп сырласатын.
Қызығы мол студенттік шақтың соңғы күндерінің бірінде Жүсекең: «Тұрсынғазы, сен өнер жолыңды Керекуден баста, ол жерде атақты Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы, Естай, Байғабыл әншілер дүниеге келген. Қасиетті жердің топырағы сенің әнші болып қалыптасуыңа көп септігін тигізеді», – дегені бар. Шындығында да, шәкірт ұстаз ақылын тыңдап, өнер жолын табиғаты сұлу Кереку өңірінде бастап, көршілес облыстармен қоса, Ресей жеріндегі қазақтарды өнер сапарларымен жиі аралап, сауық-сайран құрды.
Кешегі өткен Біржан, Абай, Ақан әндерінің, Жүсіпбек, Дәнеш, Мәдениет, Болат пен Жәнібектердің дауысынан нәр алып, әр орындаушының шеберлігін, әдемі иірімдерін өз өнеріне үлгі еткен Тұрсынғазы орындаушылық шеберліктің шыңына жеткен. Әсет, атасындай аңыратып ән салып, жоғары биік үнді алғанда қиналмай, еркін шырқайтын шеберлердің бірі. Сол елдің сазгері Арғынбек Ахметжановтың, «дауысы қанша созса да еркін самғайтын әнші» деуі – шындық.
Тұрсынғазы Рахимов Алматыға келсе достары ақын Несіпбек Айтов пен жазушы Тұрсын Жұртбаевты, жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменовті іздейтін. Кейін Жәнібектен көз жазып қалған шақта Несіпбек екеуі «Ақбөкен» әнін шығарса, бертінде Есенғали Әділбековтің өлеңіне «Әнің қайда, Жәнібек» әні туды.
1992 жылдың желтоқсан айында бір топ семейлік әнші өнерпаздар Алматыда өтетін Тұрсынғазы Рахимовтің есеп беру концертіне қатысады. Үш сағатқа созылған шығармашылық кештің соңында небір өнер адамдарының ішінде Қазақстанның Халық әртісі Асқар Тоқпанов та бар еді, ол кісі аса тебірене сөйлеп, ақ батасын береді. Сонда айтқан бірер ауыз шумағы әлі есінде:
Жолы көп өмірдің бұралаң, қиясы,
Ел үшін тірнектеп асылын жиясың.
Тәңірім сақтасын, кеудеңе орнаған,
Жезтаңдай бұлбұлдың шүпірлі ұясын, – деп берген батасы қабыл болып, Тұрсынғазы Рахимов «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атаққа ие болған.
Тұрсынғазы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Нені аңсаймын», «Дариға, домбырамды берші маған», «Дұшпаның бар ма дейсің», «Қырықта дәнеңе жоқ», «Аягөз ару», «Санаулы күн», «Ғашықпын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай» сынды бірнеше өлеңдеріне ән жазды. Ал енді Мұқағали поэзиясына деген ерекше ықылас қай кезден бастау алды. Ол жайлы сазгер өзі баяндап берсе деп жауабын күттік:
«Менің ағайым болды, ол кісі де жас кетті.
Мұқағали 1967 жылы біздің Аягөзге келді, ағам ақиық ақынмен дос еді. Өкпет деген қасиетті тауымыз бар.
Бірде мен жайлаудан келсем, үйде Мұқағали мен Ерғазы ағам отыр екен. Жетінші сыныпты бітірген кезім. Ол кісілер маған ән айтқызды. Қасым Аманжоловтың әнін Мұқаңа арнап он бір рет айттым. Ол кездер сондай бір қимас кезең еді-ау! Мен үшін тірі Мұқағалиды көру бақыт еді. Қатты қуандым. Ағаммен Мұқаңның достығы жарасып, көп уақыт хат алысып тұрды. Мұқағалидың қай өлеңі болсын, әнге сұранып тұрады ғой. Осы уақытқа дейін Мұқағалидың өлеңіне қырықтан астам ән жазыппын.»...
«Көбінесе ән басы келеді ащы» деп Абай атамыз айтқандай, Тұрсынғазы әндері биік бастау мен әдемі иірімдерден құралған. Бұл – көп әншілерде бола бермейтін ерекшелік. Дауысын мың құбылтып, сезіммен шырқаған әншінің тыңдаушысының жүрегіне самал желдей сіңе беретін ән дауасы осындай-ақ болар.
Теміржан Базарбаевтай ән шығарудағы майталман композиторымыз қамқорлығына алып, сазды әндердің сырын ашқан ұстазы бар Тұрсынғазы шынында да бақытты. Теміржан – үлкен талап қоя отырып, білгенін аямай үйретіп, Тұрсынғазының сазгерлік өнерін бір ізге салған тәлімгер. Оның үстіне, Мәдениет Ешекеев бастаған Дауыл Хайруллин, Амангелді Жікенов, Баян Сағымбаева, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов сынды халық әншілерімен бір ортада тәжірибе бөліскен Тұрсынғазы үлкенге еркелеп, кішіге қамқор бола білген жан.
Тұрсынғазы Рахимовтің «Нені аңсаймын» деген ән-жинағы жарық көрді. Ән – сазгердің жүрек лүпілі, өмір жолы десек, осы жинақта ақын-журналистердің Түкең жайлы жазған туындылары орын алды.
«Еркелеу етіп сені елің,
Ән менен жырға бөледің,
Ерітіп жанды әуенің,
«Сәби де болғың келеді».
Қарқара жүрек сыр бермей,
Тәңірдің сыйы жүргендей,
Мұқағалидың мұңымен,
«Аягөз ару» күлгендей.
Сәбидей аңғал баласың,
Сырт көзге жай бір ағасың.
Тұрсынғазы боп тарихта,
«Ақбөкен» болып барасың.
Қаламқас қыздар көктемдей,
Шолпылар сыңғыр еткендей,
Өлең боп Мұқағалидың,
Ән болып саған жеткендей.
Әуенге толып көмейің,
Жарқырай берсін мерейің,
Мейірге мейір тіл қатып,
Толқынға толды Семейім», – деп жергілікті ақын жырлағандай, шығармашылық толысқан шағында Жүсекеңнің әншілік мектебінің қасиетін ұрпаққа үйретіп, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжінде ұстаздық етіп жүрген Тұрсынғазы – өнер шырағын келер ұрпаққа жеткізген тәлімгер.
Өмір көші озған сайын «осы бір қамшының сабындай ғұмырда не тындырдым» деген ой оны әркез қатты толғандырады.
Жуырда Семей қаласының Әміре Қашаубаев атындағы филармониясында екі күн бойы Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, белгілі сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың 60 жасқа толған мерейтойы аталып өтпек. Бірінші күні сазгер Тұрсынғазы Рахимовтің әндерінен байқау өтсе, екінші күні әншінің мерейтойы аталып өтпекші.
Шыңғыстау баурайында екі күн бойы шырқалар әсерлі әндер жұртшылықты думанға бөлері хақ.
Киелі өнерді өмірінің мәніне айналдырған сері көңіл, дарқан мінезді халқының аяулы ұлы Жүсіпбек Елебековтің әншілік дәстүрін жалғастырып, айтқан өсиетін халық игілігіне айналдырған асқақ әнші, тамаша сазгер, шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз Тұрсынғазы Рахимов бүгінде толысқан шағында. Қос ғасырдың алтын көпіріндей болған арқалы әнші жан-жүрегін әсем ән билеп, өнер шыңына өрлеуде. Өнер бақыты деген осы да!