Рухымыз бен мысымыз басым болсын десек...
«Ескерткіштер – елдің рухы» дейміз. Айна-қатесіз айтылған сөз. Ал осы «рух» деген философиялық түсініктің, рух деген сана айнасының, рух деген күш-жігер «қайласының» спорт саласында да алар орны айрықша...
Спорт саласында да әр ел өзінің ұлттық рухын паш ету үшін даңқты жұлдыздарына арнап ескерткіш қояды. Өз елінің тарихын, айбындылығын сомдау үшін өмірден озған дарабоз саңлақтарына арнап ескерткіш орнатады. Өкінішке қарай, бізде осындай ескерткіштер көп емес. Тым аз. Бар болса да, қазақстандықтардың көбі олардың қай жерде орналасқандықтарынан бейхабар. Ал шетелдерде тіпті көзі тірі жарық жұлдыздарын мақтан тұтып, ескерткіш қойып жатады.
Спорт саңлақтарының ескерткіштері, негізінен, спорт жанкүйерлері мен үлкен спортқа енді ғана қадам басқан жас ұрпақ көп жүретін жерлерге орнатылса, шіркін! Яғни ірі жарыстар көп өтетін стадиондар мен спорт сарайларының, спорт кешендері мен ғимараттарының көрнекті тұстарына қойылса. Сонда оны алыс-жақын шетелдерден келген меймандар да көреді. Мысалы, келесі жылы Астана мен Алматыда VІІ қысқы Азия ойындары өтеді. Төрт жылда бір өтетін осы дүбірлі доданың аламан жарыстары ұйымдастырылатын спорттық кешендер мен нысандардың алдына күш атасы Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ескерткіштерін неге орнатпасқа?! Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы осы VІІ қысқы Азия ойындарына қарсы қайта құрылымдау жұмыстарынан өтті. Сән-салтанатпен бой көтерді. Бір қуаныштысы, сыртына қазақы оюлар қиюластырып өрілді. Бұл да біздің ескерусіз қалып бара жатқан ұлттық құндылығымыз еді. Ендігі жетіңкіремей тұрғаны – тек Балуан Шолақ атамыздың ескерткіші. Қажымұқан бабамыздың ескерткіші еңсе түзеп тұрса, жапоны бар, басқасы бар, Азия елдерінің біразына сес болар еді. Кім біледі, мүмкін, бас терісі сыпырылған бабалары естеріне түсіп, тізелері қалтырайтындар болар. Мәселе онда емес, әрине. Мәселе – айбынды ата-бабаларымыздың бар екендігі мен тарихымыздың сонау ерте заманнан арна тартатындығын паш етуде.
Былтыр күзде Сыр өңіріндегі Арал ауданында «құрылысы аяқталуға жақын спорттық-сауықтыру кешеніне атақты қолбасшы Жалаңтөс батырдың есімі беріліп, ескерткіші де бой көтермек» деген ақпаратты естіген едік. Осындай ескерткіштер көбейе берсе екен дейміз. Тілегіміз – осы. Сонда спортшыларымызды батырларымыз да, аруақтарымыз да жебеп жүрер еді.
Байқаған болсаңыздар, Алматыдағы Орталық стадионның алдында екі спортшының қол ұстасып (алақан қысқан қолдарын жоғары көтеріп), жүгіріп келе жатқан ескерткішсымақ бірдеңесі тұр. Соның орнына бірнеше жылдар бойы КСРО құрамасының сапында 4х100 метрлік эстафеталық жарыстың көрігін қыздырған, 1965 жылы тіпті әлем рекордын жаңартқан марқұм Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов ағаларымыздың бір-біріне эстафета таяқшасын беріп, жүгіріп бара жатқан сәтінен неге ескерткіш орнатпасқа?!
Міне, екі жыл болды, Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүр. Бұл лигада төрт мемлекеттің клубтары бар. Жалпы саны – 24. Құрамдарында Канаданың, АҚШ-тың, Ресейдің, Чехияның, Швецияның, Финляндияның, Словакияның, Германияның, Беларусьтің, Латвияның, Украинаның және басқа да елдердің хоккейшілері мен мамандары бар. Яғни «Барыс» Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында 23 клубты қабылдайды. Әр клубтың сапында 20-дан астам ойыншы болады. Оларға бапкерлер құрамы мен әртүрлі қызмет көрсететін мамандарды қосыңыз. Көбі өздері ғана келмей, фан-клубтарын (жанкүйерлерін) ертіп келеді. Мұның бәрі қаншама адам десеңізші.
Осы спорт сарайының алдына немесе бір бұрышына марқұм Борис Александровтың ескерткішін немесе мүсінін қойып қойса, артық болмас еді. Борис Александров – Қазақстан спортшылары арасынан шыққан қысқы Олимпиада ойындарындағы ең алғашқы чемпионымыз. Ал Қазақстан құрамасы жақын арада шайбалы хоккейден Олимпиада чемпионы бола ала ма, жоқ па... белгісіз. Ең бастысы, «Барыс» сапындағы легионерлер Қазақстан шайбалы хоккейінің тарихын өздері жазып жүрген жоқ, біздің шежіреміздің сонау 1976 жылғы Инсбург Олимпиадасынан бастау алғандығын білер еді. Сондай-ақ қонаққа келген басқа командалардың сапындағы жұлдыздар да «е-е, Қазақстан хоккейінің тарихы тым тереңде екен-ау» деп бас иер еді. «Барыстың» күш-қуаты тек ақшада емес, қазақ хоккейінің шежіресінде екендігін түсінер еді.