Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева кәсіби қызметінің 40-жылдығын тойлап жатыр. Мерейтойлық концертке арналған баспасөз мәслихатында әнші BNews.kz тілшісіне күнделікті сахнаға қалай дайындалатынымен бөлісті.
«Мен кәсіби қызметтің шыңына жеттім деп айтудан аулақпын. Күн сайын өзімді, дауысымды, репертуарымды жетілдіріп отырамын. Жеке концерттерімді айтпағанда, сахнаға әрбір шыққан уақытымда аса ыждаһаттылықпен дайындаламын. Мен үшін сахна – киелі орын. Еліміздің қай түкпірінде болмасын, кімнің алдында болмасын өнер көрсеткенде оған үлкен жауапкершілікпен қараймын, өзіме талап қоямын. Өйткені, көрермен менің өнерімді тамашалауға Рымбаева бірінші нөмірлі әнші деген сеніммен келеді, ал мен сол сенімді ақтауым керек. Халықтың жадында мен жайлы осындай пікір қалыптасқан. Кей кездері бабымда болмай қаламын, кейде шаршаймын, сырқаттанып дұрыстап ән айта алмай қалатын кездерім де болады. Дегенмен, мұндай келеңсіздікті мүлде болдырмауым қажет, сондықтан, барлық уақытта жанымды салып, тыңдарманымның көңіліндегідей өнер көрсетуге тырысамын», - дейді Р.Рымбаева.
Әншінің айтуынша, 40-жылдық мерейтойда жас әншілер оның ғана әндерін орындайды.
«Мен өте ашкөз әншімін. 2 бөлімнің барлығында өзім ән айтқанды қалаймын және өз әндерімді тек өзім ғана орындаймын. Менің ұжымым бағдарламама жас әншілерді араластырғысы келгенде мен оларға тек менің әндерімді ғана орындайтындарын айттым. Алдағы концертіміздің басты екрешелігі де осында. Сіздер менің қалай ән айтқанымды, сонан соң жас әншілердің менің 30-40 жыл бұрынғы әндерімді қалай орындайтынына куә боласыздар. Бұл туындыларды нағыз майталман композиторлар жазған, сондықтан бұл әндер бүгінге дейін орындалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып келеді. Бұл композиторлар бүгінгі жас мамандардан аспаса, кем түспейді», - дейді халық әртісі.
Естеріңізге саламыз, әнші Роза Рымбаева кәсіби қызметінің 40-жылдығына орай Алматыда мерейтойлық концертін өткізбек. Бұл кеште халық әртісінің ең үздік 32 әні орындалады. Концерт 28 қазан күні Алматыдағы Республика сарайында өтеді.
bnews.kz
Роза Рымбаева: Мен өте ашкөз әншімін,... (видео)
Последние статьи автора