Роза ӘЛҚОЖА: Бұл – менің емес, елдің, елде елеусіз жатқан дарындылардың кеші

Роза ӘЛҚОЖА: Бұл – менің емес, елдің, елде елеусіз жатқан дарындылардың кеші

Ақын Фариза Оңғарсынова апамыз айтпақшы, «Тақтайды тақтайға соққан композиторсымақтар асқынып кеткен мына заманда» қазақ әнінің ұлттық бояуының бір жеріне қылау түсірмеу үшін жанұшыра жүгіріп жүрген шын дарындар аз. Сондай аздың бірі – Роза Әлқожа. Алғаш ешкімнің қолдап, демеуінсіз өз күші, өзі дарынымен «Мен сыйға тартқан орамал» атты ән жаздырып, нағыз қазақ қызына тән биязы мінезімен бірден халықты баурап алған Роза қызын өнер де жат көрген жоқ. Біртіндеп шабытына шабыт қосып, әнін әнге жалғаған Әлқожаның әнге ғашық немересі қалайша өзінің барша қазақтың сүйікті әншісі, сүйікті қызына айналғанын аңғармай да қалған еді. Алматыда концерт өткізді ол солай. Енді, міне, елорда төрінен қазақтың Розасы өз әнімен барша Алашты сусындатқалы тұр. Сонымен 1 маусым, Астана қаласы, Жастар сарайы, «Жүрек назы»... Бұл – әнші сазгер, ақын Роза Әлқожаның алдағы болар үлкен қуаныш үні. Біз әншінің әбігерге түсіп жүрген бір кезін ұрлап алдық.

– Роза, жанға жағымды, түбі қуа­ныш­қа жетелейтін бір әбігер үстінде жүр­сіз, түсінеміз, әйтсе де сізбен бір тіл­дес­кіміз келді. Алматыға концерт бер­геніңіз есімізде, алайда Астана жай­лы ол кезде ауыз ашпап едіңіз, бұл тәт­тіні кейінге қалдырып, жұмбақтаған түрі­ңіз бе, әлде өзіңіз үшін де бұл бір то­сын сый болды ма?
– Шынымды айтсам, ол концерт өткелі екі жылдың қалай өте шыққанын өзім де сезбей қалыппын. 2011 жылы Алматыда концертімді бергеннен кейін мен көп нәрсе бітіріп қойған адам сияқты мамыражай бір күйге түсіппін де, содан кейінгі бір жыл бо­йына бірді-екілі ән жаздырғаным болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жа­самаппын. Мен осыны былтыр жыл бітер­де, өзіме-өзім есеп беру барысында түсін­дім. Оған бір оқиға себеп болды. Бірде ма­ған әйгілі актер, қазақ өнерінің саңлағы Тұңғышбай ағамыз қоңырау шалды. Шығармашылығыма байланысты өзінің жылы лебізін білдіре келе, ағамыздың сөз со­ңында менің «Сенің ғана», «Жүрек назы», «Ақберен» сияқты 3-4 әніме құда түс­песі бар ма?.. «Осы әндер маған қатты ұнай­ды, соны үйдегі жеңгең орындаса қа­лай қарайсың» деді. Алайда ол әндер мені таныт­қан әрі бейнеклип түсіріп қойған­дық­тан, ағамның қолқасын құп ала қойма­дым. Бірақ сонда да Дария жеңгеміз өз шығармашылық кешінде «Жүрек назын» орындап шығыпты, оған қуаныштымын, әрине. Бірақ «Ақберенге» клип түсіріп, ар­наларға бергені маған керісінше әсер етті. Намысыма тиіп, маған қамшы салғандай болды, бір жағы. Себебі ол әнді ең бірінші Ақмарал Ілеубаева апамыздан барып алып, жарыққа шығарған мен едім, сон­дықтан өзің елдің құлағына сіңірген әнді тағы біреу орындаса, адамда біртүрлі қыз­ға­ныш туады екен. Адамның өз баласын жақсы көріп, өзгеге бергісі келмейтіні сияқ­ты ғой. Ел де «ой, әніңді неге беріп қой­ғансың, өзің енді орындамайсың ба?» деген сияқты сұрақты көп қойып кетті. Осы жайт, бір жағы, менің ширығуыма түрткі болды, өмірдің бәсеке екенін одан сайын ұқтырды десем болғандай. Содан жаңа 2013 жылды еліміздің әр өңірін аралай жүріп концерт қоюмен бастадым. Қараған­ды облысының Шет ауданына барып бес кон­церт қойдым. Елдің ықыласы керемет бо­лып, маған рухани дем берді десем бол­ған­дай. Содан соң Қарағанды қаласының өзіне келіп концерт қойдым. Онда менің концертімді Қуаныш Медеубаев және Мирас Асан деген екі жігіт жүргізді. Олар­дың дайындығын, жалпы, менің шығар­ма­шылығыма деген құрметін көріп, өзімді ба­қытты сезіндім. Өздері ақын екен, әр әні­ме өлең шығарыпты, әсіресе Ажар Түзелбекқызы екеуміздің дуэтімізге арнап «Өлі мен тірінің дуэті» деп шығарған өлеңдері маған сондай қатты әсер етті. Сосын Түркістан қаласына да шығармашы­лық кешімді бердім. Солайша Қазақстанды бір айналып шықтым-ау деген тұста ақын Фариза апамыздан «Роза сіңлім, кешіңді Астананың төрінде беретін кезің жетті ғой» деген ұсыныс білдірмесі бар ма. Сіздерге берген сұхбатымды апамызбен қалай та­ны­сып, табысқанымыз және ол кісінің менің поэзияма да баға беріп, қазақ әнін аманаттағаны жөнінде айтып едім ғой. Фариза апамызбен сол кездесуден кейін ақын апамның өлеңдер жинағын қайда барсам да жанымнан тастамай, жастана оқып жүрдім. Алайда ән тумай қойды. Бірақ бір күні кенеттен «Фариза» деген ән кернемесі бар ма кеудемді?! Сөзін Бақыт­гүл Бабашқа жаздырдым. Басында «Фари­за деп жазбаңдаршы, ыңғайсыз тіпті» де­ген ақын апамыз жаңа әнді тыңдап көр­ген­нен кейін «Мұқағалидың «Фариза­сы» мені бір мұңға батырушы еді, мынау керісінше адамға көңіл күй сыйлайтын жақсы ән болып шығыпты, рақмет» деп шын қуана қабылдады. Сол ретте осы алда қойғалы жатқан Астанаға концерт беруіме қолқа салып, соған шабыт берген еді Фариза апамыз.
Тағы бір маған қанат бітірген жағдай, телеарнадан берілген менің концертімді көрген Сара Алпысқызы апамыз «мен талай әншіні көрсем де, дәл мынадай сауатты сөйлейтін әншіні көрмеппін» деп арнаға алғысхат жариялап, концертімді өзіне арнайы жаздырып алғаны болды. Жалпы, өнер адамы бала секілді болып келеді, кейде сәл нәрсеге мұңая қалсақ, керісінше бір ауыз жылы сөз біздің төбемізді көкке жеткізгендей күй кешеміз. Алдында әнімді бір апайымның алып кеткені мұңға батырып жүргенде, Фариза мен Сарадай апаларымның шығармашы­лы­ғыма сүйсініс білдіргені маған кәдімгі­дей үлкен рухани демеу болды. Бұйыртса, ма­мырдың 31-і күні БАҚ өкілдерінің, зия­лылардың басын қосып, баспасөз кон­ференциясын ұйымдастырмақ ниеттеміз, маусымның 1-інде концерт қоймақшымын. Кон­цертке үлкен дайындықпен келіп отыр­ғанымды айта кетсем, үш бірдей жинақ шығардым: бірі – әндерімнің жинағы, оны «Ән салшы, Роза» деп атасам, екінші жинаққа «Мен сыйға тартқан орамал» деген ат беріп, оған бейнебаяндарым мен концерттерімді топтастырдым. Үшіншісі – осы кезге дейін ешкімге көрсетпеген ең қым­бат қазынам өлеңдерімнің үнтас­пасы. Ол «Жүрек назы» деп аталады. Баспасөз конференциясын өткізуіміздегі мақсат – осы үш жинақтың тұсауын кесу. Тағы бір айта кетерлігі – концертімнің 1 маусымда өткелі отырғаны. Бұл күнді, өздеріңіз білесіздер, Бүкілдүниежүзілік балаларды қорғау күні. Ендеше, мен өз концертімді балаларым Бейбарыс пен Ақботаға аштырғалы отырмын, алайда олар қалай, немен ашатынын өздеріңіз көз­бен көрерсіздер, әзірге құпия бола тұрсын.
– Айтпақшы, ұлыңыз Бейбарыс таяуда көркемсөз оқудан топ жарып, бас жүлде алды деп естідік. Құтты болсын! Шыныңызды айтыңызшы, ұлыңыздан осындай бір жетістік күтіп пе едіңіз, әлде бұл сізге тосын сый болды ма?
– Қанша дегенмен ол менің білім алып жүрген студент шағымда әрі өнерге сонша­лық құштар, ән мен жырға іңкәр кезде бойыма біткен тұла бойы тұңғышым ғой. Оның бәрі де құрсақтағы балаға әсер етпеуі мүмкін емес. Сондай-ақ мен сізге бір тылсым дүние, әлі ешкімге айтпаған жұмбақ жағдайды айтсам деймін. Осы Бейбарысыма жүкті болған кезімде құрбым Нәзира бірде өзінің түс көргенін айтты. «Түсімде балаңды ертіп жүр екен­мін, ол бірақ кіп-кішкентай болса да, маған тіпті үлкен басыммен мен тосылып қала­тын­дай көркем тілмен кесек сөздер айтып жатыр екен. Сен бір жазушы туасың-ау, әй­теуір, тегін бала болмайын деп тұр» деп, өзімді қобалжытып тастағаны бар-тын. Сосын қазақ «сәби кіндік шешеге тартады» деп айтады ғой, сол сөздің де жаны бар ма деп қалдым. Ұлымның кіндік шешесі қа­зақ­тың ақын қыздарының бірі Жанар Әбса­дық болса, кіндік әкесі әйгілі ғалым, ма­р­құм Алма Қыраубаева апамыздың ұлы, өзі ақын, сазгер Бұлан Жамбыл. Соларға да тартқан секілді. Балам мені бір емес, бірнеше рет таңырқатқаны бар. Бірде ауылға бардық, сонадайда Бейбарыс бас­қа балалармен сөйлесіп тұр екен, сөзіне құлақ түрсем, тіпті кішкентай баланың сөзі емес, «мен Қазақстан Жазушылар одағына бар­ған кезімде бар ғой, ақын Жарас Сәр­сек ағамыз...» деп әңгіме соғып тұр. Өзім сонда ұлымның бала емес, ересек адам сынды ойлайтынына бірінші рет таңыр­қағам, сосын тағы бірде, ең алғаш Жазу­шы­лар одағында шығармашылық кешімді өткізгенімде тасынып, «осыны көретін күн бар екен-ау, енді өлсем де арман жоқ» деп айтып қалсам керек, сонда үндемей бір шетте отырған балам кенет: «Мама, сіз еш­теңені уайымдамаңыз, сіздің шығарма­шы­лық жолыңыз әлі талай жасайды, тіпті сіз үлгермесеңіз, ізіңізді жалғайтын мен бар­мын» – дегені. Әлгі сөз мені ойлантып тас­тады. Сондықтан Көкшетауда өткен «Жас толқында» көркем сөз оқудан бас жүлде алғаны мен үшін заңдылық, яғни Бейбарыс соған лайық секілді.
– Біз білетін Розадан гөрі, білмейтін Роза, яғни сіздің әлі де ашылмаған қырларыңыз мол секілді. Соңғы кезде сізді не мазалап жүр, яғни бұрынғыдан өзгеше нендей күй кешіп жүрсіз?
– Ән жазып, ән орындап, өзімнің өлең­мен де ауыратынымды меңзеп тұрс­ыз-ау?.. (күлді) Расында, кейінгі кездері маған терме мақамдары келіп жүр. Жырға құш­тар болып жүрмін. Шамасы, біртіндеп қазақ­тың сондай бір жауһарларын қолға алайын деп жүрмін-ау, қолымнан келсе. Өйткені адамға іштей маза бермеген нәр­се, демек, ол қоғамға қажет деген сөз. Шы­ғар­ма да сәби секілді ғой, құрсақта жатқан­да сәби белгі береді ғой, бір бүлк етіп, сол сияқты шығарма да туардың ал­дын­да сөйтіп белгі береді. Сыр сүлей­лерінің ізін жалғап, халық әндеріне ден қоюым да мүмкін. Құрманғазы атындағы оркестр­ден шақырту алдым.
–  Әңгімеңізге рақмет, шығармашы­лық табыстар тілеймін!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста