Ресейлік әншілерді тым асыра бағалап, өзімізді өзіміз кемсітіп жатамыз

Игорь Благодарный, жас әнші:

– Игорь, негізі, сізді ака­де­мия­лық вокал әншісі ретінде білетінбіз. Естуімізше, эстрадаға ден қойған сияқтысыз. Илья Жақанов отандық БАҚ-тардың біріне берген сұхбатында: «Эстрада деген сөзді еш уақытта қазаққа қол­дан­баң­дар, ол біздің табиғатымызға, бол­мы­сы­мызға жат», – десе, Бибігүл Төле­генова апа­мыздың: «Эстрада деген сөз­ді айтпаңдар маған, ол - мен үшін нөл», –  дегені бар еді. Егер эстрада ән­шісі академиялық вокал орындауға тал­пынып жатса, түсінер едік, ал сіз ке­рі­сінше шешім қабылдапсыз. Себе­бі?
– Мен алғашында Күләш Байсейітова атын­дағы колледжде оқып, білімімді Құр­манғазы атындағы консерваторияда жал­ғас­тырдым. Реті келіп отырғанда ұстазым, Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімовті айта кетсем деймін. Ол кісінің мен үшін орны ерекше. Негізі, академиялық вокал операға жақындау дүние ғой. Ал опера – му­зыка саласында шоқтығы биік синте­ти­калық жанр. Десем де, қате шешім қа­был­да­дым деп ойламаймын. Маған дейін де талай-талай қас шебер деген академиялық вокал орындаушылары эстраданы таңдап, сый-құрметке бөленген-ді. Тарихта мұндай үрдіс қашаннан бар: бұл ретте Муслим Ма­го­маев, Иосиф Кобзон, Толқын Заби­рова, Мирас пен Құралай сияқты көптеген есімдерді атауға болады. Қалай дегенмен де академиялық вокал мен эстраданы бірге алып жүрудің еш қиындығы жоқ. Иә, эс­тра­­даға қырын қарайтындар бар. Алай­да осы жанр елімізде бір емес, бірнеше буын­ның атын шығарды. Өз заманында дүниеге келген эстраданы, менің ойымша, мүлде жоққа шығаруға болмайды.
Сіз секілді «мұндай академиялық вокал орындаушысы бола тұра неге эстрадаға кеттің?» деп таңғалғандар аз болған жоқ. Алайда академиялық вокал орын­дау­шы­ла­рының эстрадаға ауысқаннан қор болып жүргендерін көргенім жоқ. Мойындау керек, эстрада арқылы тыңдармандардың санын арттыруға болады. Өйткені қазір жұрт­тың көбісі эстраданы тыңдайды. Бәл­кім, мен жоғарыда атын атаған жандардың эстрадаға ауысуларының себебі осында жатса керек. Бұл, әрине, опера қалыс қал­ды деген сөз емес. Операның да өз ауди­ториясы бар. Соңғы кездері бұл жанрға да ден қойып жүргендер саны артып келеді. Опе­раға кездейсоқ емес, күтіп, іздеп арнайы баратындар қазір жетерлік.
Эстрада да – тарихы тереңде жатқан жанр. Оның қайда, қай кезде пайда бол­ға­нын әркім әрқалай айтады. Бірақ зерт­теу­шілердің пайымдауларына қарағанда, ол ХVIII ғасырда пайда болғанға ұқсайды. Ал XIX ғасырда ағылшындардың мюзик-холдарында кең тараған. Қазақстанда бұл жанр «Дос-Мұқсан» мен «Яшлык» тобынан бастау алады.
– Демек, танылу үшін эстрада ең тиімді жол демексіз бе?
– Қарап тұрсаңыз, қазір Қазақстанды эс­трада емес, опера әншілері төрткүл дү­ние­ге танытып жатыр. Мәселен, Нұр­жа­мал Үсенбаева – әлемдік сахнада орны бар та­лантты әнші. Ал дәл осындай деңгейге жет­кен эстрада әншісі жоқтың қасы. Иә, тың­дармандар санын көбейтуге болады дедім, бірақ көксегенім тек ол емес, эстрада жаныма жақын.
Негізінен, эстрада өз алдына, опера өз алдына даму үстінде. Жастар арасында да опе­раны сүйіп тыңдайтындар жоқ емес. Қанша дегенмен де классиканың берер әсері мүлде басқа. Оның адамның ой-өрісіне пайдалы жағы орасан. Бір айта кетерлігі, эстраданы тыңдайтындар – опе­ра­ға, операны тыңдайтындар эстрадамен шек­теліп қалып жатқан жоқ. Қазір көпшілік екеуін бір-бірінен бөліп-жармайды. Соған көзім жетті. Оған әрине қуанамыз.
– Жылт етіп, кейін ғайып бола­тын­дар эстрадада жоқ емес. Осы тура­сын­да не айтар едіңіз? Сіздіңше оның не­гіз­гі себебі неде?
– Менің ойымша, әрбір әнші артында әй­теуір бір естелік қал­ды­рады. Қазір Қазақ­станда эс­тра­даның талантты әншілері өте көп, әрқайсысының өз тың­дар­маны бар. Өкінішке қарай, со­лар­дың басым бөлігін қаржының жетіс­пеу­ші­лігі қинайды. Әсерлі клип, әде­мі ән, тіпті жарасымды киімі – барлығы қомақты қар­жы­ны та­лап етеді. Неге шетелдік ән­ші­лердің өнімдері сапалы бо­лып тұрады, өйткені оларда ақ­ша жетерлік. Мәселен, кон­церт берсе, тіпті сахналарынан-ақ кө­ру­ге болады оны. Дәл солай дайын­дықтарының деңгейі де байқалып қалады. Ал бізде тіпті вокалдан сабақ алудың өзі ақша жағынан қиындық туғызып жатады. Ал кез келген әншінің, тіпті сахнада жүргеніне 20-30 жыл болса да вокалдан сабақ алуды тоқтатпағаны дұрыс. Туабітті дарын болу керек әрине, бірақ соны шыңдауға ақша керек. Ал шы­ғар­машылықпен жүрген адам­ның бас­қа­лай жұмыс істеп, ақша табу­ға мүмкіндігі бола бермейді.
Сіз айтып отырғандай, бүгін бар, ертең жоқ әншілер қатарынан көрінбеуге барым­ды саламын. Орындауымдағы әндердің ел есінде қалуына аянып қалмаспын. Әрине, ол үшін көп еңбектену керек, жалықпау керек және әнді асығыс таңдамай, оның ма­ғынасына, тыңдармандар жүрегіне жете­ті­ніне айрықша мән беру керек.
– Қазақ – той-думанға кел­ген­де аянып қалмайтын халық. Қазір қан­дай той болмасын, әншілерді ша­қыр­туды үрдіске айналдырған. «Кей­бір әнші­лерді жұлдыз етіп отырған той бизнесі» деген де пікір қалыптасқан. «Біз «жұлдыз» деп атап жүрген кейбір өнер адамдарының деңгейі сол той биз­несінің шеңберінде қалып қойды» дейді біреулер...
– Өз басым олай деп ойламаймын. Тіпті бүкіл ел танып, өнерін мойындаған шынайы талант иесі атанып жүргендер де қазір корпоративтік кештерге қуана-қуана барады. Өнер адамы үшін сахнаның үлкен-кішісі, жақсы-жаманы болмауы тиіс. Мені де шақырып жатады, бас тартпаймын одан. Бірақ айтарым, әншілердің сол кор­па­ративтерге баруын бейберекетке айнал­ды­руға болмайды. Оған да дайындықпен бару керек. Өкінішке қарай, өздеріңіз де біле­сіздер, сөз болып отырғандай, той, кеш­терге, мәселен, ресейлік әншілерді ша­қырады да, олардың өнерлерін 30-50 мың АҚШ долларына бағалап жатады, ал өзі­міздің әншілерге 2-3 мыңын ойланып береді. Былайша айтқанда, ресейлік ән­ші­лер­ді тым асыра бағалап, өзімізді өзіміз кем­сітіп жатамыз. Ал шын мәнінде, олар­дың бізден айырмашылығы анау айт­қан­дай емес. Бәлкім, дайындықтарында ар­тық­шылықтар бар шығар. Мұндай ар­тық­­шылық – қаржы-қаражатпен келетін дүние. Әрине, бір күнде 30-50 мың дол­лар тауып жатсақ, біз де сондай деңгейге кө­терілер едік.
– Талантты продюсер – сапалы тауар. Бәлкім, Қазақстанда про­дю­сер­лік қызметті мейлінше дамыту керек шығар?
– Дұрыс айтасыз, біздің елде про­дю­сер­лік қызмет енді-енді қанат жайып келеді. Алыстағыны айтпай-ақ қояйын, көршіміз Ресейде бұл сала біршама алдыға озып кеткен. Жылтырап жатқан бұлақтың көзін ашып, одан сарқылмас дария, яғни жұл­дыз жасайтын мектеп қалыптасқан. Біз­ге де сондай мектеп керек-ақ. Бұл тұр­ғыда меценаттар аянып қалмаса екен деймін. Әйтпесе Қазақстанның қаласында да, даласында да талантты жастар көп қой. Десек те, мойындау керек, қазір бәсекеге лайық продюсерлік орталықтар бой көр­сете бастады.
– Шығармашылық өміріңізде қазір немен айналысып жатырсыз? Алдағы жоспарыңыз?
– Репертуарым әзірге шектеулі. Менің сүйікті комозиторларымның бірі – Шәмші Қалдаяқов. Осыдан біраз уақыт бұрын біртуар композитор Шәмшінің құрметіне ұйымдастырылған концертте бір әнін симфониялық оркестрмен орындап шықтым. Бұл – менің қазақша ән салудағы тұсаукесерім. Жуырда Қытайға барып, бұл күнде арамызда жоқ белгілі әнші әрі сазгер Ермұрат Зейіпханның «Жайлауым» әніне клип түсіріп қайттым. Алла жазса, жуырда тыңдармандарыма ұсынбақпын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста