Қазір теледидар қоса қалсаңыз болды, қай арнадан да түрлі сериалдарды көрсетіп жатады. Ерінбеген адам оларды армансыз тамашалай алады. Ұйқыны қандырып оянғаннан кейін теледидар алдына келсеңіз, көзіңізге ұйқы тығылып, түннің бір уақыты болғанша сериалдар таусыла бермейді. Еліміздің телеарналарының көпшілігі сол сериалдарды көрсетуге әбден машықтанып алған. Осыдан он шақты жылдай бұрын еліміздің телеарналары Бразилия, Мексика туындыларын көрсетіп жататын. Одан бергі уақытта мұхит асып, ондағы ел-жұрттың өміріне зер салмайтын болдық. Тіпті ол жақтағы кейбір сериалдар бірнеше жыл бойы үздіксіз көрсетіліп, біздің еліміздегі көрермен қауымды әбден мезі еткен еді. Не керек, көрермен санынан жаңылысып қалған "Санта-Барбара" жайлы қазір ешкім де әңгіме етпейтін шығар. Одан кейін біздің телеарналар Оңтүстік Корея мен Жапония сериалдарына "ауыз салды". Бұдан да әбден жалықты-ау деймін, соңғы 5-6 жылда біздің патша көңілді көрермен Босфор бұғазындағы елдің хал-ахуалын білмесе алдыңдағы ас-ауқаты батпайтын халге түсті. Мақұл делік, біздің өімірімізге жақын, беретін тәрбиесі мол туынды болса, оған еш қарсылығымыз жоқ. Өкінішке қарай, діні мен ділі бізге өте ұқсас дегенмен, түрік туындыларынан жиренетін жайлар кездесті. Бұл елдің арасында біршама өзекті проблемаға айналды.
Осыдан кейін түрік және кәріс сериалдарының қатары сиреді. Қазір бірлі-жарым телеарналар болмаса, көбісінде олар көрсетіле бермейді. Бұған қуанып жүргеніміз, ендігі сәтте үнді сериалдары теледидарды жаулап алды. "Үйде бір апам бар, ол менен өткен сорақы" дегендей, үнді елінен келген туындылар да бұрынғыдан артық емес сияқты. Сияқты емес, дәл солай деп айта аламыз. Қарын аштыратыны, одан мүлдем тәрбиелік ештеңе ұға алмай, пұшайман халге түсіп жүрміз. Айтыңызшы, соңғы бір-екі жылдан бері көрсетіліп, қазіргі таңда мыңнан астам сериясы халыққа көрсетіліп үлгерген "Келін" сериалында қандай мағына, қандай мән бар? Әрине, біздің телеарналар уақытты жапса болды, қалғанына бас ауыртқысы жоқ. Сол сериалдың ортасында жарнама беріп, одан қалта қампайтса жетіп жатыр. Ал оның астарына үңіліп қарап көрсеңіз, бүгінгі ұрпаққа тигізетін зияны орасан екенін ұғу қиын емес. Оны кәрі де, жас та, жасамыс та көреді. Тіпті тілге тиек ететін басқа әңгіме құрып қалғанда, сол сериалдағы кейіпкерлер жайында әңгімелей жөнелетін ағайындарды көргенде қайнайды қаның, ашиды жаның... Бірақ олармен жалғыз күресуге дәрмен бар ма?
Өтірік демей-ақ қоялық, кезінде телеарнадан тәрбиеге залал келетін кинолар мүлдем берілмейтін. Барлығының да мағыналық мәні ерекше еді. Қалың қауым сол киноларды әлі күнге дейін кірпік қақпастан көруге құштар. Бәлкім, сол кездегі кино түсіретін режиссерлер көрермен талғамынан шығатын дүниелер түсіру үшін түн ұйқысын төрт бөлген де шығар. Әйтеуір, әлеумет әлі күнге дейін сол туындыларды тамсана көреді. Осыдан кейін олардың талантына тамсанбай көріңізші. Олардың алдында әлі күнге дейін бас иіп жүргеніміз сондықтан шығар. Қысқасы, сол кезде киноға деген талап өте қатаң болатын. Әрине, сол уақытта қазақ ұлттық тұрғыда кино түсіре алмады деп айтамыз кейде. Дегенмен кейбір туындылардан қазақ ауылының боямасыз көрінісі жайында көзбен көріп отырмыз. Қазірге дейін көз алмай тамашалайтын, сол арқылы ауылы алыста қалған балалық шаққа қайта оралатын "Менің атым Қожа" фильмінде қазақ өмірінің бейнесі айқын көрінеді. Одан кейінгі "Алты жасар Алпамыс" фильмі де талай жеткіншектің қиялына қанат байлап, арман қанатына мініп, талай жерді шарлап қайтуына оң әсерін тигізетін еді. Өкінішке қарай, бүгінгі күннің бедерінде сондай дүниені таба алмай, қиналып жүрген жайымыз бар. Ол кезде барлық талапты Мәскеудегі атқамінерлер қоятын. Солардың айтқанын орындап, талабына бас шұлғитын едік. Ендігі кезекте өз ойымызды жүзеге асырсақ, оған ешкім қой деп жатқан жоқ. Неге тартынып жүрміз?
Бір қызығы, бізде ұлттық тақырыпта кеңінен қамти алатын режиссер жоқ секілді. Бар болғанның өзінде, олардың саны саусақпен санап аларлық. Сол себепті шығар, қазақы орта бұл киноларды бас бармақпен бағалай алмай келеді. "Жаңа кино шықты" дегенге жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп, соны көргенше асығатын ағайын оны тамашалағаннан кейін көңілі пәс түсіп қалатыны жасырын емес. Өйткені оның ішінде өзіне нәр алатын дүниені таппай қиналады. Қай нәрседе де имандылық, адамгершілік, адалдықты ту ететін қазақ үшін күнделікті өмірдің күнгей бетін көрсетіп, жас ұрпаққа ешқандай тәрбие бере алмайтын дүниелерді көру ешқандай рухани ләззатқа бөлей алмайды. Осыдан кейін көңіл құрғыр қоңылтақсып қалады. Оны қанағаттандыру үшін кино түсірген режиссер де көрерменнің сұранысына зер салуы тиіс.
Бірді айтып бірге кеткеніміз жөн болмас, сөз басында шетелдік сериалдардың қазақы ортаға тигізіп жатқан зияны жайында баяндаған едік. Расында, оның тигізіп жатқан залалы аз болмай жатыр. Мәселен, үнді киносын көріп жатқан жастар солар секілді мұрнын тесіп, оған түрлі жылтырақ тағып алатынды шығарды. Әрине, оның олардың өз дінінде белгілі бір мағынасы болуы әбден мүмкін. Оны түсініп, талғап, таразылап жатқан ешкім жоқ. Кинодан не көрсе соны істеуі керек. Тағы бір айтарлығы, қыздарымыз аяғына түрлі жылтырақты да тағып алатынды шығарды. Бұл да үнді киносына күндіз-түні үңіліп жатқанымыздың нәтижесі.
Айтпақшы, шамалы бұрын кәріс сериалын тамашалап жүрген кезімізде біздің қыздарымыз суретке ернін шүртитіп, дүрдитіп түсіп жататын. Өйткені кәріс қыздары кинода сөйтіп жүретін. Соны айна-қатесіз көшіріп алуға әбден әуес қарындастарымыз мәселенің жөні осы екен деп сондай әдетке басқаны бар-тын.
Қазақ "Жирен жаман әдеттен" дейді. Дегенмен жаман әдеттің жұққыш келетінін ұмытпағанымыз абзал. Өкініштісі, бұған тосқауыл қоя алмай отырмыз. Сол себепті шеттен келген телеөнімдерді көрсету барысында сол жағына сақ болғанымыз абзал. Тіпті соларды көреміз деп жүріп, басқа діннің құрығына да түсіп қалып жүрмейік. Қазақтықты сақтаған қандай ғанибет!
Қызықты сериал түсіруге қиялымыз жетпей ме?
Последние статьи автора