Кеше Арқа төсіндегі арайлы Астана бір мезет қызғалдақтың алқызыл нұрына шомылды десек артық емес. Елордадағы Суретшілер одағының көрме залында шымылдығы түрілген «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан» республикалық фестивалінің нәтижелері бойынша, балалар салған және түсірген суреттердің көрмесі көрерменді еріксіз осындай ойға жетелейтін еді. Қызғалдақтың өзі өсіп тұрмаса да, жас жеткіншектердің табиғаттың ерекше құбылысын сезіне отырып салған және түсірген сезімге толы суреттері гүл болмысындағы сұлулық құдіретін паш етіп тұрды.
Өткізілген фестивальдің алға қойған мақсаты сан түрлі. Алдымен қызғалдақтың жабайы түрлері өсетін басты алқаптардың бірі ретінде Қазақстан жерінің абыройын асқақтату. Сонымен бірге, жас ұрпақтың табиғатпен байланыста тұрақты дамуын қамтамасыз ету және оларға еліміздегі өсімдіктердің саналуандығын сезіндіру. Фестивальді ұйымдастырушылар бұл шараның балаларға Қазақстандағы Қызыл кітапқа енген өсімдік түрлерін сақтауды және бүгінде өзекті тақырыпқа айналып отырған қоршаған орта мәселелеріне жауапкершілікпен қарауды үйретуді көздейтінін айтады. Аталған фестиваль биылғы жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында өткен болатын. Қызғалдаққа арналған шара мамырдың 5-і күні Алматыда өз жұмысын қорытындылады. Онда да республика көлемінде сынға түскен мектеп оқушыларының 522 туындысына сегіз номинация бойынша көрме ұйымдастырылған болатын. Астанада жалғасын тапқан көрме 20-шілдеге дейін көрерменге есік ашатын болады. Фестиваль «Гүлістан» республикалық ғылыми-көпшілік журналы, «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Ал фестивальді бірлесіп өткізушілердің ішінде Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы елшілігі де бар екенін айта кеткен жөн. Кешегі балалар сурет көрмесіне корольдіктің еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Клаас ван дер Темпел мырза да келіп қатысты. Қазақ тілінде сөз бастаған елші әлемде құлпырған қызғалдағымен танымал Қазақстан, Түркия және Голландия секілді үш ел бар екенін мақтанышпен атап өтті.