Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы білім және мәдениет саласындағы қарым-қатынастардың нығаюы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы болып өтті.
Дөңгелек үстелде Қазақстан мен Қытай арасындағы білім және мәдениет саласындағы қарым-қатынастардың қалыптасуы мен дамуы, Қытай тілін оқыту және алған білімді ары қарай жетілдіру мәселелері, Қытай елінде білім алғысы келген жастарға қажетті ақпараттар мен білім және мәдениет саласындағы жан-жақты әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды.
Жиынды Қыздар университетінің бірінші проректоры Баходир Алиев ашты:
– Мемлекетаралық қатынастарда мәдениет және білім саласындағы байланыстар аса маңызды. Екі елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығының дамуына жоғары оқу орындары да зор үлес қосуда. 2009 жылдың маусым айынан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Шинжияң педагогикалық университеті арасындағы достық қарым-қатынас орнатылғалы бері университетіміздің студенттері көп мәрте ақысыз түрде және Цин-каз компаниясының тегін білім грантымен Шыңжаң педагогикалық университетінде тіл ұстарту курсында білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болса, біздің магистранттар 2008 жылдан бері Қытайдың астанасы Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінде, сондай-ақ Үрімжі қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде ғылыми іс-тәжірибеден өтіп келеді.
Өз кезегінде Қытай елшілігінің мәдениет және білім саласындағы Алматыдағы елшісі Гау Чын мырза екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жылдан-жылға артып келе жатқандығын және оған маңызды мәселе ретінде қарайтындығын, сондай-ақ Қытай елінде білім алушы қазақстандық жастардың саны артқандығын атап өтіп, білім саласы бойынша ЖОО-мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрқашан әзір екендігін жеткізді. Елші сонымен қатар Қазақстанмен байланыс орнатылғаннан бері оқу орындарында өткізілген шараларға тоқталып, Қыздар университеті ұжымына елшілік тарапынан ұйымдастырылатын шараларға белсенді атсалысқандығы үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, келер жылы да Қыздар университетімен бірнеше біріккен шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
Қытаймен мәдени байланыс нығаймақ
Последние статьи автора