Қазір не көп, әзіл-сықақ театрлары көп. Бірақ енді қымбат күлкіге қарық қылып жатқаны шамалы. Әзіл-сықақ театрларының кейбір қойылымдарын өз отбасымен отырып көру мүмкін емес. Ұятты бірдеңелерді төбеден түскендей етіп қойып қалуы мүмкін. Мысалы, басында әдемі басталған құда мен құдағидың диалогқа құрылған қойылымдары кейіннен екеуінің тіпті жақын «қатынастарын» меңзеп, құдағидың өз құдасынан аяғының ауырлауы секілді қазақ халқының мәдениетіне жат қойылымдарға ұласуы өзінің анайылығымен көрерменін жирендіргені жасырын емес.
Сексенінші жылдары ең алғаш Жаңа жылдық мерекеге әзірленген «Тамаша» театры халықты бірден баурап алған еді. Лұқпан Есеновтің басқаруымен жұмыс істеген театр ұжымында ең алғаш театр майталмандары – Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаев, Лидия Кәденова, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеев, Уәйіс Сұлтанғазин секілді өнер тарландары халық ішінде кеңінен танымал болды.
Бұл – «Тамаша» ойын-сауық отауының халықтың мәдениеті мен рухани деңгейін дөп басып, күлкінің астарымен қоғамдағы түрлі кемшіліктер мен олқылықтарды жеріне жеткізудегі қайталанбас кезең болып халық санасында қалып қойды. Сол уақыттағы Тұңғышбай мен Құдайберген сомдаған «Балдыз бен жездесі» немесе «Баласы мен әкесінің» арасындағы әдемі жеткізілген әзілдерін көрермендер ерекше қабылдағаны әлі ұмытыла қойған жоқ.
Театр адамдарға бір сәттік күлкіні емес, қоғамдағы кемшіліктерді дөп басып айтып әжуа арқылы көрермендеріне тәрбие мен жан-жақты рухани ләззат беретін. «Тамашаның» бір кешіне қатысқан әнші халық арасында беделге ие болып, бірден танымал еткені де белгілі. Қысқасы, «Тамашаның» әрбір қойылымын халық асыға күтетін.
Сөйтіп, театрға Бауыржан Ибрагимов секілді кейінгі толқын жастар келе бастады. Біраз уақыттан кейін олар өз театрларын ашуды қолға алды. Осылайша, «Бауыржан-шоу» жарыққа шықты. Ол театрдың бастапқы қадамдарына халық риза болып, жақсы қабылдаған еді. Осы бастама Бауыржан Ибрагимовтің тек әртіс қана емес, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің де бар екенін байқатты. Артынша театрлар саны көбейе бастады. «Күлкі керуені», «Терісқақпай», «Көпен келе жатыр», «Мафия мен Тақия», «Екі езу», «Шаншар», «Айна», «Аққу-Гәкку» секілді әзіл-сықақ театрлары халық алдында өнер көрсете бастады.
Әрине, театрлардың көп болғаны жаман емес, ол бұл өнер ұжымдарының бір-бірімен бәсекелесе отырып жұмыс істеуіне жол ашады. Саннан барып сапа шығатыны тағы белгілі. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда театрлардың деңгейі төмендеп кетті. Біріншіден, қойылымдардың уақыты созылып, артық сөздер мен диалогтар пайдаланып, қажетті уақыттан асып кетеді. Ал ол көрермендерді жалықтырып алудың бірден-бір себебі болып табылады. Екіншіден, әртістердің өзін-өзі ұстаудағы мәдениеті, сахна мәдениеті жоғалып бара жатыр. Құр босқа айғай, мағынасыз, мәнсіз сөз бен артық іс-қимыл көбейіп кетті. Іздену, жаңаша тәсілмен көрерменді баурап алу жоқтың қасы. Әр қойылым сайын соны бір жаңалық ұсыну емес, ескі қойылымды қайталап қою әдетке айналды. Әншінің өзі репертуарына жаңа ән кіргізбесе, тыңдармандарын жалықтырып алады емес пе? Сол секілді біздің әзіл-сықақ театрларда ізденіс мүлде байқалмайды. Көрермен бүгінде сауатты, сыншыл екені белгілі, ол өзіне қажетті нәрсені ғана талап етеді. Арзан күлкіге құралған, астарында тереңдігі жоқ дүниені ол қабылдамайды. Көрерменді қазіргі уақытта арзан әзілмен алдай алмайсың.
Бір нәрсе анық, күлкі театрлары халыққа керек. Ауадай керек. Қазіргі әзіл-сықақ театрларының бәрі де өз беттерінше қаражат тауып, өз күндерін өздері көруде. Ал өнер мен мәдениетті бизнеске айналдыру ұшпаққа апармайтынын білеміз. Ендеше неге мемлекеттің қолдауына сүйенетін әзіл-сықақ театрын құрмасқа. Сондай-ақ сахналық қойылымдарға мәтін жазатын сықақшылар әр сөзіне жауаппен қараса екен деген де тілегіміз бар...
Қымбат күлкіні арзан ойынға айналдырып жүрміз
Последние статьи автора