Әбілхан Қастеевтің қадіріне жете алдық па?
Танымалдылыққа дейінгі ауыр жол
Халқымыздың ұлы суретшісі, «қазақ бейнелеу өнерінің атасы» Әбілхан Қастеев 1904 жылы 1 қаңтарда қазіргі Алматы облысы, Панфилов ауданы, Шежін ауылында диқандықты кәсіп еткен қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінен үш жасында айырылған ол тұрмыс тауқыметін ерте тартып, бала жасынан еңбекке араласты. Таң атқаннан күн батқанға дейін малдың соңында тау-таста жүретін бала Әбілханның мұңдасы да, сырласы да шежірелі Шежінінің көркем табиғаты болды. Табиғаттың сан түрлі бояуын санасына сіңіріп, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің аты мен затын, түр-түсін, тіршілігін терең сезініп, түсініп өскен Әбілханның суретшілік дарынының ұштала түсуіне анасы Қалипаның да әсері көп болды. Тоқыған кестесі мен ойған оюына ауыл-аймақ тегіс таңдай қаққан Қалипа он саусағынан өнер тамған шебер адам болған. Тумысынан зерек, өнерлі Әбілхан анасына көмектесе жүріп, сырмаққа, текеметке арнап оюдың түр-түрін оя білген. Әсемдікке жаны құмар ол сонымен бірге тау өзенінің аңғар-аңғарынан небір асыл тастарды теріп алып, олардан әдемі моншақ, түйме, ұршық, қуыршақ жасап, ауылдағы апалары мен қарындастарын қуантуды да әдетке айналдырды. Зергерлік өнері бара-бара мүсіншілікке ұласып, Әбілхан енді тастан түрлі бейнелер жасауға көшкен. Бірақ қанша талапты болғанымен, қыстың қақаған аязына, жаздың шыжыған аптабына қарамастан, 15 жылға жуық мал соңында жүрген жалшы жігіттің жас күнінде білім қуатындай жағдайы болмайды. Әркімнен әр нәрсені үйреніп жүріп, қара таниды, шала-шарпы сауат ашады. Тек жасы 22-23-ке келгенде ғана қойшының таяғын біржола тастап, аудан орталығы Жаркентке келеді. Бір татарға жалданып, соның ауласын сыпырады, қорасын тазалайды. Ара-арасында бұлақтан бөшкелеп су тасып сатады. Маңдай терімен тапқан азын-аулақ тиын-тебеніне қағаз бен бояу сатып алады. Күндіз қара жұмыстан босай алмайтындықтан, сығырайған шамның жарығымен кейде таң атқанша сурет салып шығатын кездері де болады. Жаркентке келу арқылы Әбілхан үлкен ортаға, озық өркениетке бір табан болса да жақындай түседі. Қала тіршілігімен танысып, қайнаған өмір ағымына бой үйрете бастайды. Жаркентке келуінің тағы бір пайдасы: С.Саламатов деген фотографпен танысады. Салған суреттеріне қарап Әбілханның талантын таныған С.Саламатов үлкен азаматтық жасап, оның жұмыстарын қазақ елінің сол кездегі астанасы Қызылордадағы тиісті мекемелерге жолдайды.
Ал Әбілхан болса, тура сол кезде әйгілі Түрксібтің Сарыөзек маңындағы Айнабұлақ елді мекеніндегі жол құрылысына жұмысқа кіреді. Сонда жүріп те Әбілхан өзінің сүйікті кәсібі – суретшілікті тастамайды. Шойын жолдың бойындағы үлкен жартасқа Лениннің суретін арба доңғалағының майымен салып, маңайындағы жұмысшыларды таң-тамаша етеді. Сол екі аралықта С.Саламатовтың жолдаған суреттері арқылы Қастеев талантына тәнті болған үлкен жердегі басшылар ел ішінде елеусіз жүрген біртуар дарынға іздеу сала бастайды. Ақырында көздеріне түскен бойда қол-аяғын жерге тигізбей іліп әкетеді және әрі қарай Әбілхан Қастеевтің өзгеше мазмұндағы мүлде жаңа өмірі басталады...
Қылқаламмен жазылған жылнама
Түрксібтен Алматыға жол тартқан Әбілхан Қастеевтің одан арғы тағдыры, қысқаша айтқанда, былайша өрілді: республикалық Халық ағарту комиссариаты 1929 жылы оны Н.Хлудовтың көркемсурет студиясына жібереді. Жұмыстарымен танысып шыққаннан кейін Қастеевке қатты риза болғаны соншалық – 78 жастағы қарт суретші «Осыншама жасқа келгенде қазақтан шыққан мұндай талантты суретшіні көргенім үшін бақыттымын» деп қолын қысқан деседі. Сөйтіп, Әбілхан Қастеев біраз уақыт Н.Хлудовтан дәріс алады, акварельмен жұмыс істеуге үйренеді.
Әбілхан Қастеевтің талғамы мен талабы зор кәсіби ортада алғаш рет Қазақстан көркемөнершілерінің 1934 жылы өткен тұңғыш слеті кезінде бағаланғаны анық. Сол слет барысындағы байқауда Әбілханның Абай тақырыбына салынған суреті мен Ленин портреті жүлде алады. Өмір бойы өз бетімен ізденіп, өзінше тырбанумен келе жатқан Әбілхан содан кейін-ақ Мәскеуге бет түзейді. Ондағы көркемөнер студиясының кешкі бөліміне екі жылдай қатысып, сурет өнерінің қыр-сырын үйренеді, сонымен қатар Мәскеудегі үлкен галереялар мен көрмелерге үзбей барып, орыстың, шетелдің атақты суретшілерінің жұмыстарымен танысады, әрқайсысынан өзінше сыр аңдап, ой түйеді. Орысша жарытып тіл білмесе де, ара-арасында әртүрлі жұмыстарды кәсіп етіп, афишалар мен мұражайларды безендіру, тіпті студенттер жатақханасының еденін жуу арқылы да қаражат тауып, үлкен қалада таза еңбегімен күнелтеді. Сөйтіп, екі жылдың ішінде Алматыға білімі әжептәуір молайып, таланты толысып оралады, Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады, ел ішінде және сырт мемлекеттерде ұйымдастырылған көрмелерге үздіксіз қатыса бастайды. Ізденісін арттыра отырып, қазақ бейнелеу өнерін жанрлық жағынан байытуға көп күш жұмсайды. Туған жерінің қадір-қасиеті мен елінің ерлігін дәріптеуге, төл тарихын қылқалам арқылы сөйлетуге құлшына кіріседі. Сол себепті де жердің шалғайлығына қарамастан, ердің ері Амангелдінің, жігіттің төресі Біржан салдың мүлде сақталмаған, қағаз бетіне түспеген бейнелерін тірілту үшін ел ішіне аттанады. Туған тарихын терең білетіндіктен және қастерлейтіндіктен де, жұрт атын ауызға алуға да бата алмай жүрген уақытта ол қазақтың соңғы ханы, кемеңгер Кенесарының портретін жасады. Бейнесі көкірегінде сайрап тұратын жер жаннаты Жетісудың, туып-өскен өлкесі – жазиралы Жаркенті мен шежірелі Шежінінің, қала берді, күллі қазақ даласының тамылжыған табиғатын қылқаламмен сөйлетті. Өзі айтпақшы, Әбілхан аға қолы қалт еткен әрбір сәтте ел арасында болуға тырысты, тіпті айлап, жылдап, ел-елді, жер-жерді, жаңа өндіріс ошақтарын, құрылыс нысандарын аралады. Сол арқылы туған халқының өткен-кеткен тарихының, жаңа дәуірдегі бай шежіресінің жарқын дауысты жыршысы, жаршысы болды. Озық талантымен дараланған біртуар суретші ғылыми тәсіл дегенге бас қатырмай-ақ, әр туындысынан өзіндік өрнегін, қолтаңбасын байқатқан. Оның басты артықшылығы табандылығы, мақсатына жету жолындағы жанкештілігі болған. Мысалы, бір топ суретшілер Астраханьнан Бакуге кемемен сапар шеккенде теңізде алты балдық дауыл тұрады. Өзге әріптестері дүлей күштен бой тасалап іште жатқанда жалғыз Қастеев қана ештеңеге қарамастан, кеменің жоғарғы жағында жүреді және ол сәтте өзі куә болған құбылыстардың бәрін артынша қағаз бетіне түсіреді. Сол жұмыстары Бакуде ұйымдастырылған көрмеде жоғары бағаға ие болады. Ұлы державалық шовинизм дертіне шалдыққандар Қастеевті қанша жерден төмендетуге, кеудесінен итеруге тырысқанымен, көзге ұрып тұрған және әлем жұртшылығын тәнті еткен талантын мойындауға мәжбүр болған. Түкпірдегі бір ауылда туып-өсіп, даңқы төрткүл дүниеге жайылған сол қарапайым Қастеев, өмірлік серігі Сақыш апай айтпақшы, «аз-кем сауатымен әлемге, Одаққа әйгілі Қазақстан суретшілерінің қадірменді бастығы боп талай жыл қызмет атқарды». Қазақстанның Халық суретшісі деген құрметті атақ алды.
Өкінішке қарай, бала күнінен бейнетті өмір кешкен осынау аяулы жан сол ауыртпалықтың бәрі артта қалып, нағыз зейнетін көретін уақытта, 1973 жылы 3 қарашада, дүниеден озды. Балаларының айтуынша, өмірінің соңына қарай Әбілхан ағаның жүрегі қатты ауырып жүрген. Алайда соңғы демі біткенше қылқаламын қолынан тастамаған. Сөйтіп, аулада сурет салып отырған жерінен жүрек талмасы ұстап, балаларының көз алдында жүріп кеткен. Ол кезде ұлы суретші небәрі 69 жаста ғана болатын...
Қарапайымдылықпен астасқан ұлылық
Көзкөргендер Әбілхан Қастеевтің тумысынан адал да ақкөңіл, мейірімді, ерекше бауырмал, көпшіл адам болғанын айтады. Жұбайы Сақыш та отағасының тура өзіндей қарапайым, қонақжай болған. Екеуі алты ұл, үш қыз – барлығы тоғыз бала тәрбиеленген. Мұның сыртында еліміздің түкпір-түкпірінен суретші болуды аңсап келген балауса жастардың барлығы Қастеев шаңырағынан сая тапқан. Келімді-кетімді кесілердің көптігі соншалық – кейде өз балаларына көрпе-жастық тимей қалады екен. Соны айтып, сәл қиналыңқыраған жұбайын Әбілхан аға: «Ештеңе етпейді, мен де кезінде осылардай болғам. Жақсы кісілердің көмегінің арқасында жетілгем. Бұлар да ертең дұрыс азамат болып шығады», – деп жұбатады екен. Ол аздай, «Үйдегі балалар не ішіп-жейді?» дегенін тыңдамастан, Сақыш апайдың «Ұятты кісі келіп қалса...» деп сары майдай сақтап отырған жылы-жұмсағы мен қазы-қартасын, құрт-майын арқалап, Мәскеуде, Ленинградта оқып жатқан шәкірттеріне тартып кететін көрінеді.
Әдеттегі өмірде көп сөзге жоқ, істің адамы болғанымен, Әбілхан аға бірдеңені айтса, тауып сөйлейтін, аз сөзге көп мағына сыйғызатын аса парасатты, сабырлы да салмақты жан болған. Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысу әдетінде болмаған. Тіпті «көзіне көрінгенді көшіріп сала салатын натуралист», «отбасы, ошақ қасынан аса алмаған адам» деп, өзін төмендеткісі келетіндермен де айтысып-тартысып жатпаған, үндемей жүріп-ақ үлкен іс бітіргенді жөн көрген.
Қастеевтанушы Бәзілжан Асылжанов айтпақшы, Әбілхан аға туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Бірақ қалай болғанда да, Қастеев Қастеев болып қала береді. Дегенмен қастеевтануға қатысты көңілді қынжылтатын бірталай маңызды мәселе бар. Мысалы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған осынау ұлы тұлғаны, оның қайталанбас қолтаңбасы қалған өміршең мұраларын ұлықтау әлі күнге дейін шындап қолға алынған емес. Суретшінің өмірі мен өнерін зерттеп, зерделей отырып жазылған мәнді де мағыналы монография жоққа тән. Қастеевтің кейбір картиналарының өз ұрпақтарының қолындағы түпнұсқалары сақталу жағдайларының нашарлығынан бояуы оңып бүлінудің алдында тұр. Ал ұлы суретшінің 1958 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін тұрған және теңдессіз туындыларын өмірге әкелген қасиетті шаңырағы не нақты мұражай екені, не жай ғана үй екені белгісіз, әрі-сәрі күй кешуде. Нақтырақ айтсақ, осыдан жеті жыл бұрын мұражай жасаймыз деп, құзыретті мекемелер суретшінің ұрпақтарын жылы ұяларынан үдере көшіріп жіберген. Өкінішке қарай, Қастеев шаңырағының жуық арада мемориалды-мұражайға айналып, маңдайы жарқырайтын түрі тағы көрінбейді.
Сайып келгенде, осының бәрі – көзінің тірісінде-ақ ұлт мақтанышына айналып үлгерген Әбілхан Қастеевтей ұлы тұлғаны лайықты дәрежеде дәріптей алмай отырғанымыздың айғағы.
Қазақты бірсарынды бейнелеуден аулақ болды
Гүлфайрус ИСМАЙЫЛОВА, Қазақстанның Халық суретшісі:
– Шындығында, суретші ретінде танылғанша оны ешкім көзге ілмеді. Алғашқы салған суреттеріне кәсіби суретшілердің менсінбей қарағаны рас. Кейінгі оқыған суретшілер де оны «Әбілхан өз бетінше үйренген, дарынды болғанымен, сурет салу әдісі қарабайыр» деп сынайтын. Бірақ солардың өзі суреттің әліппесін Әбілханнан үйренген. Яғни мұның бәрі – көреалмаушылықтан айтылған сөздер. Өзінің қарапайымдылығы ма, ұяңдығы басым ба, әйтеуір, тынбай еңбектеніп, қанша сурет салса да, Әбілхан аға мақтанып, көпке көрсете бермейтін. Көрмелерге қатысқанда менің суретім жүлдегер болса екен деп, өздігінен атақ-дәрежелерге ұмтылған емес. Басты артықшылығы – төрт-бес жыл бойы тапжылмай суреттің оқуын оқығандардан суретті артық сала білгендігінде. Оның шығармашылығының кілті – қазақтың өмірін, өз заманының ауыртпалығын бояудың тілімен сөйлеткендігінде.
Әбілхан аға өз суреттерінде қазақты аңғал, сенгіш, өзгеге бағынышты кейіпте емес, текті халық ретінде бейнеледі. Қазақтың тұрмысын бейнелей отырып, ол көшіп-қонып жүретін кең жайлау мен киіз үйді, ұлттық киімдегі қыз-келіншектерді, ат үстіндегі алпамсадай алып батырды салатын суретшілерді қайталамайтын. Қастеев қазақтың қандай халық екенін кең- байтақ сахарасынан бастап бейнелеп, өлкедегі тарихи оқиғаларды қамти отырып, біртуар тұлғаларымыздың жеке портретін салды. Қазақтың тұрмысына жан-жақты көзқараспен қарай білді. Қай суретінде болса да қазақты бірсарынды бейнелеуден аулақ болды.
Аңқаулықтары көп еді
Нұртас ҚАСТЕЕВ, суретшінің ұлы:
– Әкем Мәскеуде жүргенде бір қызық жағдай болыпты. Орыс тілін білмегендіктен оқи алмаған ғой. Суретін салып, мұражайларды аралап жүріп жатқан. Жатақхананың еденін жуған. Сөйтіп жүрген жерінен «бұл – Қытайдың шпионы» деп НКВД қызметкерлері ұстап алады да, қамап қояды. Өзін қорғауға әкемнің тілі жетпейді, Мәскеудегі суретшілер институтының директоры, Д.Фурмановтың әйелі Анна Фурманова болмағанда сотталып та кетер ме еді? Сол кісінің арқасында босап, елге оралады. Одан кейін 1936 жылы «Қастеев суретшімін деп тау-тасты аралайды. Жердің өлшемін сызып жүр, шетелге сатпақшы» деген жаламен де сұраққа алыныпты.
Негізі, әкем қазақтың тарихын жақсы білетін. Сол себепті де ұлы тұлғаларымыздың біразының суретін салып кетті. Кенесарының суретін де сонау 1934 жылы салған. Бірақ ешкімге көрсетпеген. Себебі ол кезде оны жарыққа шығара алмайтыны өз алдына, өзінің басына да бәле болатын еді. Сол сурет әкем қайтыс болғаннан кейін ғана жарық көрді.
Әкем Мәскеудің өзіне барғанда да қазақша сөйлеген. Мынадай бір жағдай болыпты. Партия съезіне барғанда сөз беріліп, мінбеге шығады. Ол кезде социалистік міндеттеме деген болды, яғни тапсырма беріліп, соны орындау талап етілетін. Әкем «Қой болсын, қой болмасын, біз берген тапсырмаларыңызды орындаймыз!» демей ме?! Сөйтсе орыстар «Не, мынау мінбеге шығып боқтап тұр ма?» деп шошыса керек. Біздің делегацияның мүшелері «Жоқ, қазақта сондай сөз бар» деп, орыс жолдастарға сөзін аударып беріп, тыныштандырған екен.
Әкемнің суреттен басқа ештеңемен әуестенгенін көрмеппін. Айналдыратыны тек қана сурет еді. Суретшілерді көлікпен қала сыртына, табиғат аясына алып шығатын. Бара салысымен барлығы алдымен ішіп-жеп, таза ауада демалып отырса, әкем құрал-сайманын алып, сурет салуға кетіп қалатын. Таңертең ерте тұратын. Аулада серуендеп жүретін, күпәйкесін киіп алып ауланы сыпыратын. Гүл өсіргенді, алма ағашын баптағанды жақсы көретін. Жалпы, өзі табиғатқа тым жақын еді.
Өзі өте қарапайым киінетін. Үстінен күпәйкесін тастамайтын.
Бір күні жиналысқа баратын болды. Үстіне ақ жейдесін, костюмін киіп, галстугын тағып, шляпасын киіп, шығып кеткен. Анам соңынан терезеден қарап тұрған: «Әбілхан-ау, үйге қайт», – деп айғайлап жатыр. «Не болып қалды екен?» деп сырттан оралған әкемнің алдынан шықтым. Сөйтсем, әкем үстіне бәрін киіп, тек шалбар киюді ұмытып, дамбалымен кетіп қалыпты. Анам терезеден көрмегенде жиналысқа солай барып тұрар ма еді?! Сондай аңқаулықтары көп еді...
Шоқан мен Қастеевті салыстыруға болмайды
Бәзілжан АСЫЛЖАНОВ, қастеевтанушы, әдебиетші ғалым:
– Американ суретшісі, жазушы әрі қоғам қайраткері Рокуэлл Кент бір келгенінде Қастеевпен танысып, оның суреттерінен ұйымдастырылған көрмені тамашалаған екен. Сонда: «Мен Қазақстанның кең-байтақ жерін қайтіп аралап шығамын деп келіп едім. Қастеевтің шығармаларын көру арқылы Қазақстанды толық танып-білгендей, көргендей болдым. Қастеев еңбектері Қазақстанның жанды шежіресі іспетті», – деп жоғары баға берген. Сол сияқты, Алматыға екі рет келген итальян суретшісі Ренато Гуттузо да Қастеев мұражайында болғанда: «Не деген керемет суретші! Біз екі шақырымдық жерді бір шығарманың ішіне, бір кеңістікте сала алмаушы едік. Ал Қастеев 200 шақырымдық жерді бір картинаға сыйдырып жібереді екен», – деп таңдай қағыпты.
Дегенмен бізге Қастеевке құр тамсанудың қажеті жоқ. Қастеевті жастарымызға, үлкен-кішіге түгел танытуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Қастеев мұрасы ғылыми-зерттеуді күтіп отыр. Яғни суретші еңбектерін ғылыми жүйеге келтіріп, талдау жасауға тиіспіз. Қастеев мұрасын тіпті өмірді танып-білудің қайнар көзі, бұлағы деп білген жөн. Қарап тұрсаңыз, қазіргі талап пен кешегі талап деңгейінің арасында айырмашылық көбейіп кетті. Модернистер, постмодернистер бірдеңені қағазға шимайлай салып, «міне, сурет» дейді. Аттың басы қайсы, аяғы қайсы – білмейсің. «Соны ойланып, өзің тап» дейді. Ал Қастеев картиналарының бояуы адамды еріксіз өзіне тартып, суретті жанды бейнеге айналдырып тұрады. Әбекеңе тән бұл қасиет, бұл ерекшелік бүгінгі постмодернизмнен асып түспесе, кем түспейді. Демек, Қастеев еңбектерінің ғылыми құндылығы бағасын жоғалтқан жоқ. Сондықтан кейінгі ұрпақтың сол арқылы әдемілікті, сұлулықты көре білуі, өмірдің мағынасын ұғынуы – қазіргі жастар үшін ауадай керек нәрсе.
Біреу біледі, біреу білмейді, бірақ қазірдің өзінде оған көзқарас басқаша. «Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы» десек, «жоқ, олай емес, оның алдында Шоқан Уәлиханов болған» дейді. Рас, Шоқан сурет сала білді, бірақ Қастеев екеуін салыстыруға болмайды. Осы орайда, Қастеевтің қасиетін барынша ашып көрсету, жұртқа ұғындыру үшін оның шығармаларын орта арнаулы мектептерде, жоғары оқу орындарында арнайы оқыту мәселесін шындап ойластырғанымыз абзал.