«Құрметке» лайық журналист
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, кеше елімізге есімі танымал публицист-журналист Айтбай Сәулебектегі Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Награданы Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов Кеншілердің мәдениет сарайында өткен салтанатты жиналыста табыс етті.
Айтбайдың есімі қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Ол «Лениншіл жас» (кейіннен «Жас Алаш») газетінде Орталық Қазақстан облыстары (Қарағанды, Жезқазған және Ақмола) бойынша меншікті тілші, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, республикалық «Азия транзит» газеті мен журналында бас редактор болып, сондай-ақ республикалық «Қазақ елі» газетінде қызмет атқарған. Бүгінде «Дала мен қала» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі.
Әріптесіміздің абырой-атағы да бір басына жетерлік. Атап айтқанда, Қазақстан Журналистер одағының, БҰҰ-ның Қазақстандағы, Қарағанды облысы әкімінің журналистерге берілетін «Алтын сұңқар» және жазушыларға арналған «Алтын жолақ» сыйлықтарының лауреаты. Әріптесіміз сондай-ақ 2009 жылы Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығын иеленді. Жеті кітаптың авторы.
Айтбай Сәулебектегі 2008 жылы «Астана – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, енді, міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасымыздың Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
Әріптесімізді шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.