Аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдардың басындағы алмағайып уақытта алдаспандай жырларын жарқ еткізіп, қазақ айтыс өнерін жаңаша түлетіп, заманның зарын айтып, ақиқатын аршыған ақтаңгер ақын Оразалы Жарылқасынұлы Досбосынов тірі болғанда биыл қырықтың қырқасына шығар еді...
...Қанды ауыз тағдыр қалайсың,
Он екі мүшең аман ба?
Қорқыт боп келсем өмірге,
Қарсы тұрмас ем ажалға.
Әзірейіл тұрар тегінде,
Алынбай ешбір амалға.
Аш күзендей иіліп,
Аллаға адал сиынып,
Маңдайың жерге тигенше,
Шынтағың ақты сүйгенше,
Тұрағы жоқ тұл тағдыр,
Одан да жығыл намазға.
Мұқтаж боп өткен Мұхтар да,
Абайдың жырын оқыған,
Он сегіз мың ғаламға.
Мәйітке біржола айналып,
Көрдің есігін қағарда,
Бір шумақ өлең оқышы.
Қабірімді менің қазарда,
Қаламымды орап бірге көм,
Бір жапырақ қағазға.
Ақымға мені саларда,
Дәл солай істе болмаса.
Кебенегімді жамылып,
Асан боп арман айтармын,
Аңызды ажал далаңда.
Түркілер де білген ақырын,
Тағдырын тасқа жазарда. – деп қара өлеңмен мұңдас, сырлас болып, отты жырларын әрбір Алаш баласының жүрегіне жазып кеткен ақын Оразалы шынымен де Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары аяғын апыл-тапыл басып, еңсесін енді көтере бастаған ұлттың рухани өзегіне дем беріп кеткен тосын құбылыс еді...
Аспантаулар аясынан қанат қағып, жастайынан топ жарып, отызға жетпей орда бұзған, халық «от ауызды, орақ тілді» атап кеткен оғылан ұл қапелімде келген көлік апатынан қаза тауып, небәрі 29 жасында қыршын кетті. Арада аз уақыт өтпей жатып, аяулы жары, белгілі эстрада әншісі Ажар Түзелбекқызы да жол үстінде көз жұмды. Өнердің өз өкілі болған қос жұлдыздың артында қалған қызы Нұрайша мен ұлдары Нұрсұлтан бүгінде азамат болды.
Оразалы өмірден өткен 10 жылдам астам уақыттан бері ақынның өзі туып өскен жерінде еске алу кештері мен өзге де шаралар ұйымдастырылып келеді. Әйтсе де бір үлкен шаруаның басы қайырылмай тұрғаны анық еді... 2012 жылы 16 мамыр күні Алматыдағы Студенттер сарайында ақын Оразалы мен әнші Ажар Түзелбекқызының рухына арналған «Сағындым сені...» атты ән-жыр кеші өткен болатын. Осы кеште естеліктер мен Ораздың өлеңдері топтастырылған «Қос жұлдыз» деп аталатын кітапты тұсуы да кесілген.
Өткен жылы Ораздың Балғынбек Имашев бастаған айтыстағы үзеңгілдестері арнайы айтыс ұйымдастырса, Қазақстан жазушылар одағында ағасы Дүйсен Мүсірәлі мен шәкірті Ернат Ысқақовтың ұйытқы болуымен «Оразсыз өткен 10 жыл» атты терең мағыналы еске алу кеші болып өтті.
Енді Оразалының туғанына 40 жыл толуына орай алдағы мамыр айының соңғы екі күніде Алматыда «Құлмамбеттің құлыны» атты үлкен шаралар қолға алынбақ. 29 мамырда Студенттер сарайында кешкі сағат 19.00-де Еске алу кеші, 30 мамырда 16.00-де Халықаралық айтыс өтеді.
Аталған шараны ұйымдастырушы, Оразалының шәкірті Ернат Ысқақов басылымдарға берген сұхбаттарында бүгінгі кезеңде кеш пен айтыс өткізудің өзіндік қиндықтары турасында былай дейді:
«Үлкен залдарда рухани кештер ұйымдастыру оңай емес. Бірақ жағдайға қарайласақ, отыра беретін түріміз бар. Биыл Ораз ағам тірі болғанда 40 жасқа толғанын елмен бірге тойлап, құшағы гүлге толып, мәз-мейрам болар еді. Бірақ оған жаратушы мұндай қызықты қимапты. Ораздың көзін көріп, қатар жүрген замандастарымен ақылдаса келе «Студенттер сарайында» еске алу кеші мен айтыс ұйымдастыруды жөн деп таптық. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, бұл шаралардың лайықты деңгейде өтуіне Дүйсен Мүсірәлі, Жанарбек Әшімжан сынды азаматтар айрықша қолдау көрсетіп жатыр. Жүрсін Ерман ағамыздың да ықыласы ерекше. Еске алу кеші мен айтысқа «Құлманбеттің құлыны» деп оратақ атау бердік. Бұл Ораздың көзі тірісінде айтыскерлер арасында нақыл сөзге айналып кеткен сөз тіркесі ғой.
Дегенмен, аталған шараларды ойдағыдай өткізуге бірқатар қаржылай мәселелер де алдымыздан шығуда. Шындығында кеш пен айтысқа ақшасын үйіп-төгіп, жатқан азаматтар жоқ. Осы кешті ұйымдастыру турасында ой келгенде біраз дәулетті адамдардың есігін қағып, демеушілік көрсету турасында ұсынысымызды айттық. Өкінішке орай, апайтөс ағаларымыз әлемдік қаржы дағдарысын сылтау етіп, қолдау көрсетуге мүмкіншіліктері жоқ екенін айтып, шығарып салды. Осыдан кейін қалталыларға жәутеңдеп қарай берудің орынсыз екенін түсініп, еске алу кешінде сатылған билеттердің құнымен барлық шығынды өтеуді жөн деп шештік. Ораздың өнерін құрметтейтін адамдар көп қой. Солар билет сатып алып, кешке келетініне сенімдіміз. Ешкімге шақыру билетін таратқан жоқпыз. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстарымен шапқылап жүрген жайымыз бар.»
Өмірдерек:
Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол ауданы) Тегістік ауылында туған. Мектебін тәмамдаған соң, ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс істеген. Оқушы кезінен айтыстар мен түрлі мәдени шараларға қатысып жүрген ол айрықша талантымен ерте көзге түсті. Кейін Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінде оқыды. Үлкен өнер ордасында жүріп, Оразалы республикалық айтыстарға қатысып, айтыссүйер қауымның жоғары бағасын алды. Біраз жыл Қазақ ұлттық университетінде мәдени-ағартушылық саласында еңбек ете жүріп, бірқатар ізбасар шәкірттерін тәрбиеледі. Ол негізінен еркін шығармашылықпен айналысқан. Ешқандай ресми атақсыз-ақ аз уақыт ішінде ол халықтың ақынына айналды. Ірі айтыстарда талай рет топ жарған Оразалы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен додаларда да орақ тілімен кесімді сөз айтып, қазақтың атын асқақтатты. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жерленген.
Оразалыдай ақынға жар болған, қазіргі қазақ эстрадасының өкілі, әнші Ажар Түзелбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында туған. Ауыл мектебін тәмамдаған соң, ол Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқыды. Ол аяулы жары Оразалы өмірден озғаннан кейін ақын мұрасын жинақтап, жоқтаушысы бола білді. «Анаға хат», «Сағындым сені» атты әндер арқылы есімі халыққа кең тараған әншіге топырақ туған ауылынан бұйырды.
Бұл екі шараға да ақынның айтыстағы үзеңгілестері және шәкірттері, қаламдас аға-інілері, танымал өнер жұлдыздары, ұл-қызы - Нұрайша мен Нұрсұлтан қатысады. Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, естеліктер айтылып, айтыскерлер «Оразалы Досбосынов» атындағы жүлдені сарапқа салынады.
Еске алу кешінде Рамазан Стамғазиев, Бекжан Тұрыс, Саят Медеуов, Алтынай Жорабаева, Ақбота Керімбекова сынды майталмандар мен «Қоңыр», «Бәйтерек», «Жетісу» сынды талантты топтар өнер көрсетеді.
Екінші күнге негізделген айтыста Мэлс Қосымбаев, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Бағыт Жағыпар, Эльмирбек Иманәлиев (Қырғызстан), Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров, Болатбек Оразбаев, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Шәкен Рахметолла (ҚХР) сынды танымал айтыскер ақындар сөз жарыстырмақ.
Еске алу кеші мен айтыстың билеттерін алматыдағы Студенттер Сарайынын кассасынан (87272742062) алуға болады.