Облыстық көркемсурет галереясы күздің салқын күндерінде көбелектердің көрмесін өткізуде. Мұндай ерекше көрме біздің облысымызда алғашқы рет болып отыр. Оның ерекшелігі – көбелектердің экзотикалық болуында. Біріккен жобаны «Халықаралық көбелектер үйі» таныстырса, қостанайлық суретшілер де қалыс қалмай «Ғажайып көбелектер» атты жалпы атаумен сурет көрмесін ұйымдастырды. Сөйтіп, бір сәтке көркемсурет галереясының іші түрлі көбелектерге толып кетті.
Экспозицияда 100-ден астам панно-экспонаттары қойылған. Олардың әрқайсысы – сирек кездесетін жәндіктер. Тіптен олардың ішінен әлемдегі ең сұлу көбелекті де көруге болады. Ол – сонау Мадагаскар аралынан табылған Урания. Ал ең үлкен көбелек – Атлас және күндізгі, түнгі көбелектер де баршылық. Тропикалық ормандар мен полярлы тундралар мекендеушілері, гиганттар мен карликтер, белгілі және жақында ғана танылған көбелектердің де түрлері бар. Осы әдемілігі көз тойдыратын көбелектердің ішінде улылары да бар екен. Тіпті саяхатшы, сирек кездесетін және ең қымбат, символдық көбелектерді де көрермендер тамашалап, олармен жақын таныса алды.
Ашылған көрме қостанайлықтарды өзіндік идеясының жаңашылдығымен баурап алды деуге болады. Себебі мұндайды күнде көре бермейсіз. Шынайы экспонаттар (бірегей көбелектердің үлгілері) таңғалдырып, көбелектердің де соншалықты түрлері бар екендігіне көз жеткізгендей.
Ал «Ғажайып көбелектер» атты көрмені жергілікті суретшілердің жұмыстары толықтырды. Бұл екі көрме бір-бірімен сабақтасып, тақырыпты тіптен аша түскендей. Суретшілер өз туындыларында көбелектер әлемі мен гүл натюрморттарын тақырып етіп алған. Кескіндеме, графика және батик техникасында орындалған.
Көрменің бір өзгешелігі – келушілер өздеріне ұнаған туындыларды сатып ала алады. Халықаралық көбелек үйінің аймақтағы өкілі Елена Труханованың айтуынша, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері көрмені тегін тамашалай алады. Ал зейнеткерлер үшін кіру бағасы екі есеге дейін арзандатылған.
Қостанайға ерекше көбелектер келді
Последние статьи автора