Испанияда өткен халықаралық байқауда Қазақстанның намысын қорғаған қостанайлық апалы-сіңлілі Байшиналар «Қорқыт-Қобыз» әнімен жұртшылықты қайран қалдырып, бас жүлдені жеңіп алды.
Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен BUEN VIAJE – 2010 халықаралық фестиваліне Ресей Федерациясы, Израиль, Литва және тағы да басқа елдерден жүздеген өнерпаз қатысты. Қостанайдан барған апалы-сіңлілі Нұргүл мен Фариза Байшиналар «жалғыз шауып» бәйге алды. Бұлай дейтініміз, барлық ел бірқатар әншілерін, мәселен, Израиль 45 өнерпазын әкелсе, Қазақстан атынан тек Байшиналар дуэті қатысқан болатын.
Байқауға Нұргүл мен Фариза төрт ән дайындап апарған болатын: қазақ тілінде – «Қорқыт-Қобыз» бен «Мұны неге білмейсің?..», ал қалған екі ән – орыс және француз тілдерінде. Қазақ қыздарының әуелеген әсем дауыстарына ерекше ықылас білдірген шетелдік жұртшылық соңғы күні айтылған «Қорқыт-Қобыз» әніне тамсанып, таңғалғаны сонша, көрермендер де, тіпті байқаудағы бәсекелестері де Нұргүл мен Фаризаны айналшықтап, аталмыш әнді қайтадан орындатқан. Ал жергілікті телеарна Қазақстаннан келген қос қарлығаштың әндерін прайм-таймда көрсетті.
«Үшінші орын алған жүлдегерлерден бастап хабарлаған еді, біздің атымыз айтылмағанға қамыға бастадық. Ең болмағанда үшінші орын алсақ екен деп тілеп едік. Қазылар алқасы Еуропа азаматтары болғандықтан, негізінен, еуропалық дауыс ырғағына көңіл бөледі деп ойладық. Сондықтан бірінші орын алған Ресей Федерациясынан кейін, «бас жүлде – Қазақстан» дегенде... Тіпті қандай күйде болғанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді қуаныштары қойнына сыймай, бір-бірін толықтырып, жарыса сөйлеген апалы-сіңлілер.
Әрине, «әу демейтін қазақ жоқ» десек те, керемет дауысымен қалың бұқараны баурап алу әркімнің қолынан келмейтіні анық. Нұргүл мен Фариза мұндай қасиеттің кімнен дарығанын айта алмай абдырады. «Анамыз – есепші, әкеміз – жеке кәсіпкер, туыс-туғандардың ішінде өнерге қатысы бар бірде-бір адам жоқ», – дейді олар. Дегенмен де ән салу қазақтың қанына әбден сіңген қасиет қой. Өздері үлгі тұтатын Алтынай Жорабаева, Гүлнұр Оразымбетова сынды апаларындай туған халқының ән құдіретін асқақтатуға асыққан апалы-сіңлілі Байшиналар бұған дейін де бірқатар сыннан сүрінбей өткен. Вокалдық жетекшілері Раушан Ногаеваның жетекшілігімен «Алтын микрофон», «Бозторғай» атты халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанса, былтыр Болгарияда өткен байқауда да Қазақстанның байрағын биік тұғырдан көрсетіп қайтты.
«Қобыз бабалардан қалған, Қорқыт – өкініш пен арман» деп Испанияның төрінде қазақ өнерін, тіпті қазақ тарихын паш еткен жас таланттарымызға Израильдің өнерпаз делегациясының жетекшісі жүгіріп келіп: «Сіздердің тілдеріңізді түсінбесем де, әндеріңіздің құдіретін түсіндім», – деген екен.
«Қорқыт-Қобыз» испандарды тәнті етті
Последние статьи автора