Алдағы кезеңде Сыр жерінде орын тепкен Қорқыт ата ескерткіш кешені ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі әбден мүмкін. Бұл әңгіме жақында Қызылорда қаласында өткізілген тарихи-мәдени мұраларын қорғауға және насихаттауға бағытталған ғылыми-әдістемелік кеңесте жұртшылыққа жария етілді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен алғаш өткен кеңеске Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов бастаған көптеген археолог, тарихшы ғалымдар және белгілі мүсіншілер қатысты. Олардың қатарында Мұрат Әуезов, Карл Байпақов, Тынысбек Қоңыратбай, Бек Ыбыраев, Бауыржан Байтанаев, Мадияр Елеуов, Зейнолла Самашев, Жандарбек Мәлібеков сынды есімі елге белгілі азаматтар бар.
Бағзы заманда ұлан-байтақ даламызды қоныс етіп, алты Алаш атанған, түбі бір түркілер құрмет көрсеткен Қорқыт атаға арналған ескерткіші тек Сыр өңіріндегі ғана емес, еліміздегі айтулы мәдени орынның бірі саналады. Бүгінгі таңда көз тартарлық сәулетті ғимарат осыдан 30 жылдай бұрын көпшіліктің көзайымына айналған еді. Ендігі кезекте бұл киелі орынды ЮНЕСКО тізіміне енгізсек, түркі жұртының ортақ қуанышы болары сөзсіз. Жалпы алғанда, бүгінгі күні Қазақстанда сол тізімге енгізілген үш құндылығымыз бар. Солардың ішінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглиф тас кешені мен Сарыарқа-Солтүстік Қазақстан көлдері мен жазықтары бар. Алғашқы екеуі мәдениет ескерткіші есебінде енгізілсе, соңғысы табиғат ғажайыбы ретінде аталмыш тізімнен орын алған. Сондай-ақ біздің елімізде сол тізімге енгізілуге үміткер 12 мәдени-тарихи нысан бар. Атап айтқанда, олардың қатарында Меркі түркі ғибадатханасы, Беғазы-Дәндібай мәдениет кесенесі, Тасмола мәдениетінің тас қорғандары, Ешкіөлмес пен Арпаөзен петроглифтері, Отырар археологиялық нысаны, Ұлытау мәдени ландшафтысы, Іле Алатауы, Алтынемел ұлттық саябағы және Ақсу-Жабағылы қорығы саналады.
Қорқыт ата мемориалды кешені алдағы уақытта ЮНЕСКО тізіміне енгізіле ме? Оны алдағы уақыт көрсете жатады. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов өз сөзінде осы бағытта жұмыс жүргізетінін жеткізді. Өйткені бұл қасиетті мекен тек түркі жұртының ғана емес, бүкіл адамзат баласының басын біріктіре алатын рухани құндылыққа айналатыны анық.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі, Халық жазушысы:
– Қорқыт сөзінің шығу тарихы тұрғысында көптеген зерттеулер жүргізіп, бірқатар құнды еңбектерді қарап шықтым. Осындай деректерді Египет елінде болғанымда, сол елдің кітапханасындағы бір еңбектерден кездестірдім. Қысқасы, бұл жайында ғалымдардың әлі де тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізілсе, біз білмейтін талай құпияның бетін ашқан болар едік. Талай аңыздарға арқау болған Қорқыт бабаның жамбасы жерге тиген Сыр жерін құтты мекен деп атасақ та артық емес.
Карл БАЙПАҚОВ, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының құрметті директоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Бүкіләлемдік мұралар адамзат баласының және табиғаттың қайталанбас туындысы болып табылады. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитеті жыл сайын сессия өткізеді. Соның барысында жаңадан ұсынылған мұралар тізімге алынады. Жалпы алғанда, шығыс пен батыстың арасында алтын арқау болған Ұлы Жібек жолының адамзат өркениетінде алатын орны ерекше. Бұл орайда Қазақстан бойынша төрт бағытта зерттеу шаралары қолға алынған. Олар Жетісу, Сырдария, Сарыарқа және Маңғыстау аймақтарын қамтиды. Бүгінгі күнге дейін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары қатарына 911 нысан кірген екен. Оның ішінде Орталық Азия аймағында Қырғызстан мен Тәжікстаннан басқа елдерден 12 мәдени мұра енгізілген. Жалпы, Сырдария аймағындағы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Жуантөбе, Қарааспантөбе, Бөріжары, Сауран, Сығанақ, Жаңақала, Шірік-Рабат, Бәбіш-молда, Баланды секілді тарихи орындар бар екенін айта кету лазым.
Ғалымдардың айтуынша, Сыр бойы – тарихи мұраларға өте бай өлке. Десе де, бүгінгі күнге дейін сол мәдени мұраларға ғылыми негізде зерделі зерттеу жүргізілмей келгені жасырын емес. Соның салдарынан қаншама мұрамыз толыққанды бағасын алмай, әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда зерделене қоймағаны белгілі. Кезінде түркі жұртының атамекеніне айналған өңірде қаншама көне шаһарлар, мәдени-тарихи ескерткіштер және өзге де құндылықтар болды. Кейбірі замана ағымымен көзден ғайып болса, ендігі бірінің жұрнақтары бүгінгі заманға дейін жетіп отыр. Біз өткенімізді бағалай білсек, осындай құндылықты қастерлеп, оларға қамқорлық көрсете отырып, тиянақты жұмыс жүргізгеніміз артықтық етпейді. Келешекте облыс аумағындағы қандай да бір мәдени мұраға байланысты атқарылатын істер жоғарыда аталған кеңестің шешіміне сәйкес қаржыландырылатын болады.
Археологиялық-этнографиялық біртұтас жүйе қалыптаспауы салдарынан өңірдегі көптеген орындар көзден таса қалып қойып жатады. Еліміздегі белгілі ғалымдардың басын қосқан ғылыми кеңес олқылықтың орнын толтырып, мәдени мұраларды ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеуге жол ашылмақ. Бүгінгі таңда Қорқыт ата мемориалды кешенін зиярат ету орталығына айналдыру мақсатында оны халықаралық туризм маршрутына енгізу үшін құрылысты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде өтетін ЕХРО-2017 көрмесіне Сыр өңірінен Қорқыт ата кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағы енгізілуіне қолдау көрсетіп отыр.
Мұрат ӘУЕЗОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Сыр өңірі шежіреге бай. Жалпылай алғанда, өңірдің археологиялық-этнографиялық мұраларын зерттеуде материалдық құндылықтарға емес, рухани жағына көңіл бөлуіміз тиіс. Қорқыт бабаның жан серігіне айналған қобыздың үні де ерекше. Қобыз аспабының қасиеті де ерекше. Кейде ол өзінің иесіне де бағынбай жатады. Сондай-ақ Сыр бойы – Нұртуған, Нартай, Көшеней секілді атағы алысқа жайылған көптеген жыраулардың кіндік қаны тамған жері. Оған қоса, шығыстың дүлділ шайыры атанған Тұрмағанбет Ізтілеуов те осы бір қасиетті мекеннің тумасы. Ертеден құт дарыған мекен осылайша қазақтың бүйрегі бұрып тұратын алтын ордасына айналып отыр.
Аталмыш кеңес отырысы барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов, өнертанушы Тынысбек Қоңыратбай, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Алтай Базарбай салиқалы ойларын білдірді. Кеңес отырысы алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп тұратын болып шешілді.
Қорқыт ата кешені ЮНЕСКО тізіміне енгізіле ме?
Последние статьи автора