Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару. Жылдағыдай биыл да миллиондаған мұсылмандар Меккеге баруға дайындалып жатыр. Аздаған күннен кейін олар қасиетті Қағбаға қарай бет алады. Қазірдің өзінде көптеген мұсылман елдері қажылыққа баруға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз ниет еткенімен, елде қажылықтың мән-мағынасын, ерекшеліктерін түсіндіретін орталықтар жетіспейді. Соның салдарынан азаматтарымыз өз беттерінше, білгені бойынша ғана дайындалуға мәжбүр.
Биыл Сауд Арабиясы Қазақстанға қажылыққа баруға 4000 орынға квота бөліп отыр. Егер қажет болса тағы мың адамға орын бөлуге келісетіндіктерін айтты. Әрине, квотаның көп болғаны жақсы. Дегенмен осы орындардың өзіне кейде адам жетпей жатады. Мәселен, өткен жылы да Қазақстанға төрт мың квота бөлінген. Бірақ қажылық сапарын орындауға бар болғаны 2860 адам ғана барды. Кейбір мамандардың айтуынша, квотаның толмауы қажылыққа алып баратын туристік компаниялар қызметі құнының қымбаттығымен байланысты. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, қажылыққа дайындау жұмыстарының жолға қойылмағандығы. Бүгінде елімізде мұндай іспен айналысатын бір ғана орталық бар. Оның өзі қазір уақытша жұмысын тоқтатып тұр. Сонда қажылыққа баратын төрт мың адам қайдан дайындықтан өтеді, оларға қажылықтың мән-мағынасын кім түсіндіріп береді? Мешіт имамдарының оған қолы тие ме? Ал ауылында тіпті имам, молдалары жоқ азаматтар қайтеді? Бұл сұрақтардың жауабы белгісіз. Ал енді Түркия, Малайзия сынды елдерді алып қарайық. Бұл мемлекеттерде қажылыққа баратын адамдар жаппай дайындықтан өтіп жатыр. Онда дайындықтан өтпеген адамды қасиетті орынға жібермейді. Себебі Меккеге барғанда олар барлық рәсімдер мен міндеттерін білуі шарт. «Мәселен, қажылыққа бара жатқан жолда барлық мұсылмандар мехат аймағына келгенде, үстеріне ихрам киюі тиіс. Араб компаниялары қажылыққа алып бара жатқанда азаматтарға ихрам киюін хабарлайды. Ал біздегі ұшақтар жалданатын болғандықтан, ондағылар мехаттың қайда екенін білмейді. Ал мехат аймағында ихрам кимесе күнә болып есептеледі. Мұндай адамдарға бір қой құрбандыққа шалу міндеттеледі. Көрдіңіз бе, біздің азаматтар білместіктің салдарынан сауаптың орнына онда күнә арқалайды. Сондай-ақ қажылықта бір амалды тастап кететін болса, онда ниет өтелмеген болып шығады», – дейді бұл туралы ҚМДБ жанындағы Ислам білімін жетілдіру институты филиалының директоры Бақыт қажы Тұрсынбек. Әрине, бұл жерде тек компанияларды кінәлау дұрыс емес. Кейде азаматтарымыз қажылық парызды өтеу жолдарымен таныс болмағандықтан, компанияларды сотқа беруге дейін барып жатады. Мәселен, Меккеде Мина деген жерде адамдар күркелердің ішінде, Мұздалифа деген жерде далада жатуы тиіс. Ал қандастарымыз «неге біз далада жатуға тиіспіз, уәде еткен қонақүйің қайда?» деп компаниялармен араздасады. Онда барған қандастарымыздың дорба-дорба зат сатып алып, мұнда келген соң малға айырбастап жатқанын да талай көргенбіз. Сондай-ақ қажылыққа қатысты тағы бір мәселе бар. Ол – Қазақстанда адамдарды тікелей қажылыққа алып баратын әуе жолдарының жолға қойылмағандығы. Отандық компаниялар көп жағдайда бұл қызмет үшін шетелдік әуе компанияларына жалынышты болады. Қысқаша айтқанда, қажылыққа дайындау орталықтарының жетіспейтіндігі – отандастарымызды алаңдатып отырған үлкен мәселенің бірі. Осы мәселе шешілмей, азаматтарымыз қажылық туралы толық мәліметті алдын ала емес, тек сонда барғаннан кейін ғана біледі. Тіпті қажылық шарттарын толық орындамай қайтып келетіндері де көп.
Бақыт қажы ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ, ҚМДБ жанындағы Ислам білімін жетілдіру институты филиалының директоры:
– Қажылық, негізінен, үйден басталуы керек. Яғни қажылыққа баратын адам сапар алдында ренжіткен адамынан кешірім сұрап, қарыз ақшасы болса қайтаруы тиіс. Кейбір азаматтар қажылықтың қасиетін түсінбейді. Қажылықты туристік сапар сияқты қабылдайтындар да жетіп-артылады. Егер олар қажылық орталығынан өтетін болса, бәрін толық білер еді. Өкінішке орай, бізде қазір мұндай бір ғана орталық бар. Жалпы, Меккеге баратын адамдардың барлық шарттарды білгені маңызды. Мәселен, онда бір оқылған намаз мың мәрте намаз оқығанмен, бір рет құрбан шалған мың мәрте құрбан шалғанмен тең. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеге барып, толық рәсімдерді орындаған адамның анадан жаңа туғандай тазаратынын айтқан.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
– Қазақстанда үлкен мешіттердің жанында қажылыққа дайындайтын орталықтар бар. Олар қажылық сапар жасайтындарға барлық шарттарды оқытады. Біз фирмалардың өздеріне қажылыққа баратын адамдарға барлық шарттарды түсіндіру қажет деген тапсырма береміз. Биыл азаматтарды қажылыққа алып барумен Қазақстанда 34 фирма айналысады. Қызметі үшін олар шамамен 3,5-4 мың АҚШ доллары көлемінде ақша алады.
Қанат Мұсағұлов, «Ақ орда» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары:
– Менің ойымша, қажылыққа баратын адамдарды кінәлауға болмайды. Себебі біз адамдардың қажылыққа бару ниетін төмендетіп алуымыз мүмкін. Әрине, біз мұсылман мемлекеті емеспіз. Сондықтан 20-30 жылдан кейін ғана оларға «дайындық орталығынан міндетті түрде өтулерің қажет» деген шарт қоюымызға болатын шығар. Біз жыл сайын шамамыз келгенше жүздеген адамды тегін қажылыққа алып барамыз. Сол жүз адамның ең болмағанда оны қажылықтың, Ислам дінінің қасиетін түсініп келсе – біздің мақсатымыздың орындалғаны.
Қажылық парызды өтеуге дайындығымыз әлсіз
Последние статьи автора