«Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясының» 10 томы жарыққа шықты
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 2004 жылдан бері «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясының» 30 ғасырды қамтитын көптомдығын шығаруды қолға алып, тоғыз томын шығарған еді. Енді, міне, «Сөздік-Словарь» баспасынан аталмыш антологияның соңғы 10-томы жарық көрді.
Антологияда оқырмандарға және ұрпақ тәрбиесіне қажетті тәлім тарихы, қазақ тәлімінің ежелгі заманнан бергі даму тарихынан мағлұмат беретін ұлттық бағалы мұралары кешегі кеңестік партиялық идеологиядан арылып, жинақталып, бір жүйеге келтіріліп берілген.
«Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясында» қазақтың ұлттық тәлімдік ойларының даму тарихы шартты түрде мынадай алты кезеңге бөліп топтастырылады:
– біздің жыл санау дәуірімізге дейінгі (VІІ-VІ ғғ.) Авеста жазуынан басталып, І-V ғасырлардағы халықтар мәдениеті (Орхон-Енисей жазба ескерткіштері);
– орта ғасыр заманындағы тәлімдік ойлар (ІХ-ХІV ғғ.);
– қазақ хандығы кезіндегі ұлттық тәлім-тәрбие (ХІV-ХVIII ғғ.);
– қазақ хандығының ыдырауы, Қазақстан даласының орыс патшасына бағынуымен байланысты демократиялық-ағартушылық бағыттағы тәлім-тәрбие (XIX ғ. мен XX ғ. 20 жылына дейінгі кезең);
– педагогикалық ойлардың кеңестік дәуірде ғылым ретінде қалыптасып, дамуы (XX ғ. 20-жылдары мен 90-жылдар арасындағы кезең);
– егемен Қазақстандағы ұлттық мәдениеттің қайта жандану кезеңі.
Гүлзия ПІРАЛИЕВА, Қазақ мемлекеттікқыздарпедагогикалық университеті филология факультетінің деканы, профессор:
– Ұлттық тәлім тарихын осылайша, алты дәуірге бөле топтастырып, оны 3000 жылдық көне тарихы бар мәдени мұра ретінде қарастыру ұлттық мәдениетімізді жүйелі баяндаудың үлгісі болмақ. Бұл еңбек біздің ұлттық ғылымға қосылған қомақты үлес деп ойлаймын. Талай ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін құнды қазына, рухани байлығымыз болары сөзсіз.
Антология – қазақстандық педагог-ғалымдар үшін ұлттық мәдениеттің інжу-маржанымен жастарды сусындата отырып, оларды шынайы отансүйгіш азамат етіп тәрбиелеуге жарайтын құнды еңбек. 30 ғасырлық мәдениет тарихын қамтитын «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы» бүгінгі егемен Қазақстанның ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасыр бойы қалыптасқан мәдениеті бар ел екендігін дәлелдейді.