Қазақтың Күләші – адамзаттың бұлбұлы

Мансұр ХАМИТ (фото)

Күләш... Құйқылжыған әсем дауысымен күллі қазақ жұртына, қазаққа ғана емес, әлемге мәшһүр болған қазақ бұлбұлы. Әлем сахнасының төрінде аса сирек кездесетін колорантуралық сопрано даусымен талайды мойындатқан қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы. Түркі халқының даусына айналған әнші. Сұлу сырлы әнімен қанқұйлы Иосиф Сталиннің өзін тамсандырып, таңдай қақтырған, бас идірткен күміс көмей ән падишасы Күләш Байсейітованың биыл 100 жылдығы. Қамшының сабын­дай ғана ғұмырында жарқ етіп өткен «қазақтың шоқжұлдызы» артында өшпес­тей із қалдырды. Ол із бүгінде қазақтың дарынды жастарына мәңгілік жол сілтеп қала бермек.
Күләш Байсейітова сахна төрінде ширек ғасырға жуық уақыт қана өнер көрсетсе де, қазақ операсының мәңгілік мақтаны­шына айналды. Жастайынан әкесі Жасын­ның айтқан жыр-дастанына қанығып өскендіктен де: «Ән менің жас күнімнен серігім еді, – дейді екен Күләш Байсейітова. – Әкем домбыра тартып, ән салатын. Әнге деген сүйіспеншілігім маған сол кісіден дары­ды. Ол әндерде жабыққан көңілдің мұңлы сазы, келер күннен күткен асыл арман естілетін. Осы жарқын заманның лебі есетін».
1936 жылы Қазақ өнерінің Мәскеудегі тұңғыш онкүндігінде үлкен театр сахна­сында Күләш Байсейітова Қыз Жібектің рөлін сомдап, «Гәкку» ариясын орындайды. Осылайша қарапайым қазақтың қызы өзінің дарынымен күллі жұрттың жүрегінен орын алады. Сол жылы ол әлемге әйгілі Станиславский, Нежданов, Немирович-Данченко секілді режиссерлермен қатар КСРО халық артисі атағын алады. Ол кезде Күләш небәрі 24 жаста еді.
Осыдан кейін қазақ бұлбұлының өне­рі­не тәнті болған орыс жазушысы Алексей Толстой Күләшқа: «Ғажайып, асыл өнер, сұлу, ерекше дарынды жас өнер», – деп баға береді.
Күләш Байсейітова «Ер Тарғын» жы­рын­да – Ақжүністің, «Айман – Шолпан» спектаклінде – Айманның, «Біржан мен Сарада» – Сараның, Қыз Жібектің, Ажар­дың, Хадишаның рөлдерін сомдады. Күләштің ең үздік туындыларының бірі Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсындағы Сара рөлі болатын. «Мен Сара образына берілгенім соншалық, екеуміз тіпті кейде бір адам сияқты болатын едік», – дейтін кейде әнші. Сара бейнесін сомдағаны үшін Күләшқа КСРО Мемлекет­тік сыйлығы берілді.
Күләш Байсейітованы әр елдің сахна­лары да өнер көрсетуге шақырады. Ол грузин композиторы Палиашвилидің «Даиси» операсында Мароның партиясын орындады. Бұл өнерін КСРО халық әртісі, профессор Давид Андгуладзе былайша еске алады: «Күләш Тбилисиге келді. Біз қалай болар екен деп күдіктенгенбіз. Күді­гіміз алғашқы сәтте-ақ сейілді. Мароның бірінші ариясының өзінде-ақ жұртты өзіне баурап алды. Ол өзін тамаша өнерпаз әнші есебінде танытты. Операда Киазо мен Малхаздың Маро үшін төбелесетін сәті бар. Сондағы Мароның жанұшырып, көпшілікті көмекке шақыратын шағын Кү­ләш ерекше бейнеледі. Бүкіл зал көтеріліп, сахнаға шығып кете жаздады. Ол шынында Кеңес Одағы халықтарының бәріне ортақ артистка еді. Әттең, ерте дүние салды».
Міне, осылайша Күләш жасаған талай тамаша бейнелер қазақ опера өнерінің тарихынан берік орын алды. Ол орыстың, сондай-ақ шетел классикасының небір күрделі образдарын сахнаға шығарды.
Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты Күләш Байсейітова атын­дағы Ұлттық опера және балет театрымен бірігіп, әншінің 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Ғасыр бұлбұлы – Кү­ләш» атты құжаттық көрменің тұсауын кесті.

Күллі түркі әлемінің дауысы шырқап тұр
Марат Әбсеметов, ҚР Ұлттық мұрағатының директоры:
– Күләш Байсейітова – қазақ ұлтының мақтанышы, қазақ операсының негізін қалаушы тұлға. Күләш 1930 жылдары Мәскеуде жүріп ән айтқанда Сталин қатты таңғалыпты. «Грузия әншілерінен де мықты болған бұл не халық?» – деп тамсаныпты. Бұған намыстанған груз­индер Күләшті театрларына «Даиси» операсында ой­науға шақырыпты. Сонда Күләш өзінің даусымен Гру­зия­ның сахнасында тұрып та жұртты мойындатып кет­кен. Осыдан кейін Сталин: «Бұл қазақтың дауысы емес, күллі түркі әлемінің дауысы шырқап тұр», – деген екен.

Раушан Байсейітова, Күләш Байсейітованың қызы:
– Өздеріңіз білесіздер, анамыз өнер адамы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар Жоғарғы Кеңестің депутаты да болған. Сонда анамыздың барлық шаруа­ға қалай үлгеріп жүргеніне әлі күнге дейін таңғаламыз. «Қыз Жібек» операсын қояйын деп жүргенде анамыз таңертеңгі оннан түскі екіге дейін дайындыққа баратын. Дайындықтан шығып, үйге келгенде үйде қаншама адамдар күтіп отыратын. Бәрі көмек қолын созуды сұрап келуші еді. Сонда анамыз шаршап тұрса да, ешбірінің меселін қайтармай, келген мәселесін шешіп беруге тырысатын. Ал кешкі сағат жетіде спектакль басталады. Оған дейін анамызға жақсылап тынығу керек. Біз де анамызды аяп: «Анашым, жатып демалып алсаңызшы. Мына кісілердің шаруасымен жүріп, демалуға уақыт таппай қаласыз ғой», – дейтінбіз. Сонда ол кісі: «Адамдар келіп отырғанда мен қалайша демалып жатамын, ұят қой», – деп, келген адамдарға шай беріп, ет асып, шаруасы шешілмегендерді үйге қондырып, ертесінде Қалалық атқару комитетіне сол кісілермен бірге баратын. Солармен жүріп дәрігерге қаралуға да уақыты болмайтын. Анамыздың жүрегі ауыратын еді. Дәрігерлердің өзі хабарласып: «Ауруханаға келіңізші, жүрегіңізді тыңдайық», – деп денсаулығына қарайласуды қатты тапсырушы еді.

Кәкімбек Салықов, ақын:
– Күләш десе – Қыз Жібек, Қыз Жібек десе  Күләш еске түседі. Ал Қыз Жібек пен Күләшті байланыстырып тұрған Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі». Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» Күләш Мәскеуде айтып жүргенде Үкілі Ыбырай халық жауы атанып, 1932 жылы атылып кеткен еді. Менің айтайын дегенім, Сәкен Сейфуллин атылып кетсе де, оның Көкшетауын ешкім тоқтата алмады. Сол секілді Үкілі Ыбырай атылып кетсе де, оның «Гәккуін» де ешкім тоқтата алмады. Күләш апамыздың арқасында «Гәкку» күллі әлемге әйгілі болды. Осы үшін Күләш Байсейітоваға рақметімізді айтамыз. «Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!» дейміз.

Алдан Смайыл, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Күләш Байсейітованы түркі әлемінің бұлбұлы деп жатады. Шын мәнісінде, Күләш – адамзаттың бұлбұлы болған адам. Шындығын айтсақ, осы уақытқа дейін талай әншілерді тыңдап келсек те, Күләштің дауысын­дай дауысты әлі естімедік. Одан кейін кеше ғана өмір­ден озған Роза Бағлановадай дауыс әлі күнге дейін жоқ. Сондықтан да, біз осындай аз ғана қазақ өнерпаз­дарын 100, 150 жылдығында ғана емес, ылғи еске алып, келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге етуіміз керек. «Күләштей болмасаң да, ұқсап бақ» деп насихаттап отыруымыз қажет. Қысқаша айтқанда, «Гәкку» – әннің төресі, ал Күләш апамыз – қазақ әнінің гәккуі. Гәкку де – мәңгілік, Күләш апамыз да – мәңгілік.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста