Қазақтың аталықтары менен төлеңгіттері жайлы не білеміз?

©buharbai.kz

Б. Кемелбеков,
Е. Жасымбаев

Қазіргі шұбартаулық төлеңгіттердің арғы аталары ежелгі теле бірлестігі ғұндарға дейін-ақ белгілі болатын, ал олардың ұрпақтары ғұн империясына қызмет жасады. Ғұн төлеңгіттерінің үлкен тобы қазақ даласына шашырай қоныстанып мемлекетке қызмет істеуін жалғастыра берді. Оның бір мысалы Байырғы Түрік қағанаты кезінде төлеңгіттердің қайтадан көтерілуі. Бірінші Түрік империясының ұлы көсемі Бумын (Момын) қаған, басқа да мемлекетшіл күштері сыртқы және ішкі жаулармен соғыста төлеңгіт топтарының көмегіне сүйенді. Шыңғыс хан, Алтын орда заманында бұл институт қайта жаңғырды және алып империяның бiрнеше жүз жыл өмiр сүруiне тiрек болды. Төлеңгiт өкiлдерi Алтын Орда ыдыраған, Дәштi Қыпшақта Жошы әулетiнiң үстемдiгi құлаған дүбәра кезеңен бастап тағы да ауыр жағдайға тап келдi. Осы кезеңде олардың iшiнен жаңа құрылып, жаңа күшейiп келе жатқан Ресей патшалығына қызметке барғандары орыстардың "дворян" әулетiнiң негiзiн қалады. 18 ғасырдағы қазақтың үлкен хандары Әбілмәмбетке, Абылайға және Әбілпейіз сұлтаған қызмет жасаған – Шұбартау елі ішінде «Қалмақ» атымен белгілі – Мамыт тобы және Дейіт, Құсшы, Тебежін, Оңажіт және Таз рулары да Қазақ хандығы қалыптаса бастаған кезеңдерде, Керей мен Жәнібекке тірек болған ертедегі төлеңгіттердің жұрнақтары болатын. Бір қызығы Қазақ хандығы тағдырдың сынына түскен уақытта Алтай - Арғын руларының ішінен небір мықты әулеттер хандар мен сұлтандарға, шын мәнінде мемлекетке қызмет жасап кейінен төлеңгіт атанып кетті. Оның бір жарқын мысалы қазақ тарихында аты белгілі Сайдалы Арыстан аталықтың Мамадайыр, Мамашық аталатын батыр ұлдарынан тараған ұрпақ өкілдері.
Алдымен көтерiлетiн мәселе - аталықтар деген кiмдер? Ең әуелi ескеретiн мәселе хандық дәуiрде қазақтың саяси элитасы болған аталықтардың билiк дәстүрi туралы арнайы зерттеулер болмағанын айтып өтейік, тiптi тарих және әдебиеттанушылар тарапынан ХV - ХIХ ғғ. шығыстың және орыстың елшiлiк жазбаларында кездесетiн және этнографиялық материалдар мен фольклорда "аталық" терминiне қатысты деректерге көңiл аударылмады, оны мемлекеттiк құрлыспен байланыстыра алмады. Мәшһүр Жүсiп және Құрбанғали Халидтiң шежiрелiк жазбаларында аталықтар туралы айтылып, түсiнiктер берiледi. Ресей тарихшыларының iшiнде, Шығыс деректерi бойынша ең толық көрсеткiш жасаған Бергель мен Бұқар хандығы туралы тамаша еңбектiң авторы Анке фон Кюгелман аталық ұғымына мынандай анықтама бередi: "Аталық (тюркоязычн.: "отцовства") в Золотой Орде и при ее прямых преемниках занимал место воспитателя принца и отвечал также за домашнее хозяйство своего подопечнего; кроме того, аталык мог служить также хану в качестве советника и доверенного лица в военных и административных вопросах" [4, 5-б]. Қоқанд өлкесiне аталық институтын билiк дәстүрiне енгiзген қыпшақ тектi тайпалар болған. Әйгiлi қолбасшы, Самарқан қаласының билеушiсi алшын Жалаңтөс баһадүр Аштрахан әулетiнiң ханы болған Абдоләзиз ханзадаға аталық болады. 1756 жылы Бұқар мемлекетiнiң билiгiне маңғыт Мұқаммед Рақым аталықтың келуiмен Аштрахан әулетiнiң билiгi аяқталғаны белгiлi. Бұл деректердi зерттеу қазақ хандығындағы аталық институтының белгiсiз парақтарын ашуға мүмкiндiк бередi. Ал, тәуелсiздiк кезеңiнде, қазақтың билiк дәстүрiне, оның белсендi өкiлдерi аталықтар институтына назар аударған белгiлi ғалым Жамбыл Артықбаев болды. Зерттеушi ғалымның 2011 жылы жарияланған "Аталықтар әулетi: Арыстан, Барқы, Нияз" (2011 ж.) атты кiтабы қазақ мемлекетi тарихында аса маңызды орын алатын "аталық" институтының өкiлдерiне арналады. Қазақ хандығын мемлекет деп ауыз толтырып айту үшiн, жас ұрпақтың санасына мемлекет деген ұғымды енгiзу үшiн бүгiнгi күнi ауызша дәстүр мен жазба мұрағаттарда сақталған тарихи деректiң ең маңыздысы бiздiң ойымызша аталықтар институтының қызметiне байланысты дейдi. Осы зерттеуiнде Ж.Артықбаев, ХVII ғасырдың соңындағы Тәуке ханның ақылшысы Барқы аталық туралы: "И Тевки ханов лучшей человек Аталық Барху батыр стал его Таушку бранить за то, что он такие непристойные слова говорит..." - делiнген ресейдiң елшiлiк жазбаларының iшiндегi мәлiметтегi "аталық" сөзiнiң қазақ хандығындағы ең үлкен лауазым атауы екенiн бiле тұра, оны 1948 жылдардан бастап кейiнгi зерттеу еңбектерiнен мүлдем алынып тасталғанын, тек 1740 жылғы ресей-қазақ елшiлiк құжаттарындағы Барқы ұлы Нияз аталықтың "аталық" лауазымын бiлместiкпен басқаша түсiнгендiктен - "дядька", "лучший человек" деп аударғанын атап көрсетедi. Ж. Артықбаевтың пiкiрiне қарағанда, кез келген жағдайда өз ру-тайпасының күшiне сүйене отырып бағынбаған елдердi хан дәргейiне келтiру аталықтың мiндетi... Мәшһүр Жүсiп, Күдерi қожаның бiр толғауына түсiнiк бере келiп "Егiз, Тайым- Малай - Жәдiгерден шыққан батырлар, заманында "Аталық" атанып, хандардың көшi- қонын билеген ерлер"- дейдi. Бұл Егiз, Тайым Бөкей хан әулетiне қызмет жасаған. Бiр жағынан хан қашанда елмен санасуға мәжбүр, екiншi жағынан ол өз саясатын аталық сайлап отырған күштi ру арқылы өткiзе алады. Барқы батырдың мысалынан бiз аталықтардың мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатындағы жетекшi қызметiн анықтасақ, тарихи деректер Мамадайырдың тағы бір інісі Барқы аталықтың ұлы Нияз батырдың Әз Тәуке хан қайтыс болғаннан кейiн күрделi кезеңде мемлекеттiң тiреуi болған кемеңгер тұлға екенiн айғақтайды. Сонымен бiрге Арыстан аталықтан туатын Мамадайыр, Мамашық, Тоғызақ сияқты аталардың тарихы, Тантай батырдың тағдыры аталық әулетiнiң мемлекет мүддесi үшiн үлкен құрбандықтарға барғанын дәлелдейдi деп жазады. Сондай-ақ 1718 жылы Қайып ханның Бiрiншi Петрге жазған хатында ең алдымен Арыстан аталық әулетiнiң Қазақ хандығына сiңiрген еңбегiн ерекше атап көрсетіп, Арыстан аталықтың баласы Тантай батырдың бас елші ретінде Санкт- Петербургке аттанғанына аса маңыз беріп, Петр патшаға да салмақ артқанын да көрсетедi деп айтады. Салқам Жәңгір кезінде саясатқа араласқан, хан тұтқынға түскен алақұйын заманда ел билігін қолына ұстаған Барқы туралы елдің «хан да Барқы, қара да Барқы» деген қанатты сөзі жәй ұйқас үшін айтылмаса керек. Әз Тәукенің Түркістандағы ордасына орыс, өзбек (Бұқар, Хиуа), қалмақ, т.б., елшілері де көп келген. Барқы аталық жөнінде орыс елшілері А.Неприпасов пен В. Кобяковтың қағаздарында бар. Бір сөзбен айтқанда, Барқы өзі батыр, өзі аталық, өзі би, қазақтың үлкен тұлғасының бірі. Ресей елшілік құжаттарында Нияз батыр Әбілмәмбет ханды таққа отырғызған, Сәмеке ханнан кейін Түркістанды билеген және Тәшкеннен салық жинап тұрған деген мәліметтер бар. Орыс деректері Нияз батырды «дядька хана» деп, ("аталық" лауазымын түсінбегендіктен, орысшаға осылай деп аударған), «Он пригласил Абульмамбета в Түркестан и утвердил его на троне», «Он духом хана владеет» деп жазады.
Міне, біз бірнеше жыл осы тақырыпқа қатысты деректер мен ғылыми әдебиетті сүзіп шығып құмның арасынан қиыршық алтын іздегендей аталықтар менен төлеңгіт қауымына қатысты мәліметтердің бәрін жүйелеуге күш салдық. Соның бір көрнекті нәтижесі 2011 жылы Алматы қаласында біздің жарияланған зерттеу еңбектеріміз "Арғын Арыстан тегi- Мамадайыр, Мамашық, Барқы шежiресi және Шұбартау төлеңгiттерiнiң тарихы" және "Шұбартау төлеңгiттерi: тарихы, аталары мен тұлғалары, дәстүр-салты» (2012) деп аталады. Алайда, бұл жарияланған кiтаптарда бiз өзiмiздi тануға күш салғанымызбен төлеңгiт ортасында айтылып және қолданылып жүрген аңыздар мен ұғымдар, салт-дәстүрлер мен ғұрыптардың сыры ашылмағандары да бар едi. Соның бiрi Салқам Жәңгір, Әз Тәуке хан замандарында ноғай, қырғыз, қарақалпақ және тәшкент билігін қазақ қолында ұстап қалу міндетімен Сайдалы Арыстан аталықтан туатын Мамадайыр, Мамашықтың үлкен ұлдарының қырғыз, ноғай, қарақалпақ және ташкент билiгiн қазақ қолында ұстап қалу мiндетiмен көршi қолаңмен бiрер ауыл болып төре сұлтандармен бiрге атанған олардың көпшiлiгi кейiнен хан - сұлтан жанында төлеңгiт атанып кеткенi жөнiнде деректерiмiз жетiспегендiктен толық көңiл бөле алмаған едiк. Мысалға, 1560 жылдары "қазақтар мен қырғыздардың" ханы Хақназармен бiрге келген Дейiт, Құсшы руларының бiр бөлiгi Ыстықкөл маңында "iшкiлiк" деп аталатын төлеңгiт қауымын құрса, бүгiнгi күнi Ыстықкөл маңында "Қазақ ауылы" деген атпен отырған Мамадайырларға қарап, шамамен 150 жылдан кейін олардың да Әз Тәуке хан заманында қырғыз билігін қазақ қолында ұстау міндетімен осы "Iшкiлiк" қауымына барған-ау деймiз бе? Әлде, 18 ғасырдың ең бiр күрделi 1757-62 жылдары жоңғардан босаған Iле - Құлжа өңiрлерiн қайта иелену міндетімен, қазақтың атақты сұлтаны Әбілпейізбен бірге келген Шұбартаулық Мамадайыр – Уанас- Таз төлеңгіттер өкілдері болса ше? Атырау мемлекеттiк университетiнiң профессоры Амангелдi Шамғоновтың Темiрхан Оразбековпен бiрлесе отырып жазған "Атыраулық төлеңгiттер" атты тамаша кiтабындағы мәліметтерге қарасақ, 1810 жылы Қарабай сұлтанмен бiрге Мамадайыр тобы Жайықтан алғаш болып өтiп, Iшкi Ордадағы Бөкей ханның қол астына өтедi. Осы тақырыптағы зерттеу барысында 2014 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ұйымдастырған IV халықаралық ғылыми - практикалық конференциясына қатысудың сәті түсіп, сол сапарымызда облыстық дәрежеде өткен кездесу барысында, Атырау мен Астраханның Гонюшкин елді мекенінен келген Мамадайыр ата ұрпақтарымен пікір алмасып, аталарымыздың шежірелері мен өткен тарихы туралы біршама тың мәліметтер алып қайттық. Атыраулық Мамадайыр ата ұрпағы Жәрдемалиев Қадырдан (1898 - 1985) қалған шежiреде: "Алтай бабамыз 10 атаның түбiрi. Балқаш көлiн жағалаған, Орта жүздiң Арғын деген руынан. Мамадайыр Алтай бабамыздың баласы. Мамадайырдан Көкен (Мамадайырдың баласы). Көкеннен Сүйiндiк (Көкеннiң баласы). Сүйiндiк бабамыздың 5 баласы болған. Олар: Анда, Алдасай, Теңiзбай, Қалыбай, Қырғызақ" - деп, арғы аталарының 500 түйеге көш болған ауыл елiмен Кiшi жүзге көшiрiлгенiн, ағайын - туыстарының Балқаш жақта қалғанын жазады. Деректерге қарасақ Әз Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін, 1717- 1718 ж.ж. және 1723 - 1725 ж.ж жоңғарлардың шабуылынан кейін қазақтың көптеген тайпалары ғасырлар бойы мекендеген жерлерінен кетуге мәжбүр болды. Ол уақытта Әбілхайырға тәуелді қазақ ауылдары Ырғыз өзенінің жағасында орналасты. Осы кезде қазаққа ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды - Алқакөл сұлама» уақыты орнады. Әбілхайырдың есімі алғаш рет Әз Тәуке хан тұсында елшілік қызметті басқарған Құлтабай аталықтың баласы Тайқоңырдың жазбаларында кездеседі: «Қазақ жерлерін билеуші Тәуке хан өлер алдында билікті Датқаның баласы Қайып ханға береді, осы Қайып ханның қол астында Әбілқайыр батыр қызметін өтейді. Әбілқайыр қол астында ханның 20 мың әскері бар» дейді ол 1715 жылғы хабарында. Ал, 1718 жылы Мамадайырдың бір інісі Арыстан аталықтың ұлы Тантай батырдың Ресей патшасы Петр I-ге әскери одақ мәселелері бойынша бас елші боп аттандырылғаны туралы Ж. Артықбаев: «Қазақ хандығының Әз Тәуке хан заманындағы елшіліктерін көп бастаған Тайқоңырдың өзі бұл жолы бас елші Тантай батырға көмекшілікке бекітілгені де көп мәселені аңғартса керек», - деп жазады. Міне осы деректер негізінде қарасақ, 1718 жылдары Қайып хан Мамадайырдың ортаншы балаларын ауыл елiмен Кіші жүздің ханы болып сайланған Әбілқайырмен бірге жіберген, осылайша батысқа көшкен елдің көпшілігі кейіннен хан-сұлтанның жанында төлеңгіт атанып кеткен. 1724 жылы Әбілқайыр ханның көптеген қазақтармен Жайық маңындағы территорияларға келуі бүкіл Еділ бойындағы жағдайды өзгертті. Қалмақтар Жайықтың оң жақ жағалауына көшіп, шығыстағы көршісіне қауіптене қарайтын болды, ал башқұрлар болса Жем өзенінің бойындағы қазақтың жайылымдық жерлерін босатып солтүстікке жылжыды. Осы жаугершiлiк кезеңде Мамадайыр ұрпақтары Мәуереннахр қалалары үшiн де, Ертiс пен Едiл арасындағы кең байтақ өлке үшiн де, Үстiрт пен Маңғыстау үшiн де соғысты. Оның бiр мысалы, Мамадайырдың үлкен ұлдарынан тараған тұқымдарының бiр шетi бүгiнгi күнi - Өзбекстанның Ауғанстанмен шектесетін Сурхандария облысы - Жиделі – Байсын жеріндегі Қызылсу бойында құсшы руымен бірге қоныстанса, Мамадайырдың Анда, Алдасай, Теңізбай, Қалыбай, Қырғызақ аталарынан тарайтын елдің негізгі тобы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, батысында ресейлiк Астрахан, Саратов, Волгоград облыстары аумағында да кездеседі. Кішi балаларынан тарайтын елдiң бiрер атасы Оңтүстiк Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Қызылккөлде, «Үш арыс» Мамадайыр: Боран, Жалаң, Өмірзақ аталардан тарайтын ел Балқаш – Шұбартау – Қарқаралы аумағында қоныстанған. Қазақтар тек рулардың конфедерациясы ғана емес, сонымен бiрге бiртұтас орталыққа бағынған мемлекет болған деп дәлелдегiмiз келсе, бiз осы мәселеге аса көңiл бөлуiмiз керек. Шұбартау елi iшiндегi төлеңгіт Уанас руынан шыққан Жаназар батырдың "Қара - ала туы" қытай жағында қалған деген сөздiң де кездейсоқтық еместiгi байқалады. Шұбартаудағы тағы бiр әңгiмеде Жаназар үйде өлгендi намыс көрiп, жорықта батырларша өлгендi армандап, аз жасақпен қырғызға қарсы жорыққа аттанады. Содан, Iле өзенiне жетiп, демалып жатқан Жаназар батырдың үстiнен қырғыздың жасағы түсiп, бейқам жатқан батырды өлтiрiп кетiптi-мыс. Сонымен бiрге, Кенесары хан опат болғаннан кейiн шұбартаулық Мамадайырлардың да бiразының Алатауға көшкенi туралы Жазық қыздың "Алатау - Дәнсу" жырында көрiнiс табады. Меңаяққызы Жазық ақынның (1826-1868) "Кенесары хан" туралы толғауы бар екенiн жазған поляк революционерi Адольф Янушкевич "Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбаларында" Жазық ақын туралы жылы лебiз бiлдiрiп, 1861 жылы ақын қыздың екi өлеңiн поляк тiлiнде Прагада басып шығарады. Міне осы жаңа мәліметтер аясында, бұл тақырыпқа қайта айналып келiп, "Қазақ хандығының аталықтары мен төлеңгiттерi: мемлекетке қызмет iстеу, тарихи оқиғаларға қатысы және шежiресi" атты кiтабымызды дайындап, оқырман қауымға аталық және төлеңгiт әулеттерiне қатысты жаңа деректердi ұсындық.
***
ХIХ ғасырда қазақ тарихына байланысты жазған Ресей тарихшыларының iшiнен А. Левшин, Н. Небольсин, Л. Мейер, М. Красовский, А.Харузин, Н.Аристов, Н.Крафт, А.Янушкевич, А.К. Гейнс, Н. Гродеков, М.Бродовский, Ш.Уәлиханов, Ф.Зобнин т.б. төлеңгiттер туралы пiкiрлер мен мәлiметтер қалдырған. Осылардың iшiнен қазақтар туралы толық сипаттаманың авторы А.Левшин: "мы не составляем особый класс из теленгутов или прислужников ханских и султанских...(они) принадлежат вообще к простому народу и пользуются одинковыми с ними правами"- дейдi [1, 292 б.]. Осыдан-ақ Ресей тарихшыларының қазақ мемлекетi туралы ХIХ ғасырдың басындағы түсiнiгi тым жұтаң болғанын байқауға болады. А. Левшин төлеңгiттердi хандар мен сұлтандардың қызметкерi ретiнде ғана қарастырады, ал шын мәнiнде бұл жерде мемлекет мәселесi маңызды орынға ие. Хандар мен сұлтандардың өзi де мемлекет қызметкерi емес пе? Ең әуелі ескертетін мәселе XVIII-XIX ғғ. тарихына қатысты орыстық және шығыстық дерек көзерінде «төлеңгіт» атауы жиі кездеседі. Көрсетілген уақыт межесінде төлеңгіттер хан мен сұлтандар төңірегінде жүрген ерекше топтық құрылым болып табылды. Осыдан-ақ төлеңгіттер институтының дамуы сол замандағы Қазақ хандығының саяси ұйымдасуы, экономикалық дамуымен тығыз байланысты болды деген ғылыми болжам жасауға болады. Себебі төре әлеуметтік-саяси тобының өзі мемлекеттік қызметкер деген мағынаны беретіні жоғарыда айтылды. ХХ ғасырдың басында да төлеңгіттердің шығу тегі, әлеуметтік институттар ішінде орны мен маңызы, құқықтық қатынастары т.б. бойынша зерттеушілердің ішінде бір жақты пікірлер қалыптаса қоймаған жоқ. Дегенмен қазақ жерінде қызмет істеген орыс шенеуніктерінің арасында төлеңгіт мәселесіне қызығушылық танытқан зерттеушілер пайда болды. Солардың бірі Ф.К.Зобниннің «К вопросу о невольниках, рабах и тюленгутах в киргизской степи» деген еңбегін ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл төлеңгіт мәселесіне арналған және төлеңгіттер мен құлдардың ара жігін ашып береген еңбек. Қазақ жерін отарлау, саяси институттарды жою барысында Ресей командирлері де төлеңгіттер институтын біржолата құрту үшін, оларды құлдардың тұқымы деп жариялаған кездері болды. Осыны пайдаланып Қарақаралы дуанының басшысы Жамантай (Тұрсын) Шыңғысұлы өз қарамағындағы төлеңгіттердің малын тартып алмақ болып, оларды орыстар өткізген санаққа құл есебінде кіргізеді. Осылайша ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары Қарқаралы аймағында Жамантай Шыңғысұлы мен Шама Абылайханұлы т.б. төрелер мен төлеңгіттердің әр түрлі әулеттерінің арасында ауыр күрес басталды. Патша үкіметінің күшін пайдаланып шенеунікке айналған сұлтандардың әуел бастан жеке ту тіккен және ұжымы күшті Шұбартау төлеңгіттеріне тісі батқан жоқ, бірақ өз жанына ертеден қоныстанған төлеңгіт ауылдарымен қатты жанжалдасты [2, 68 б]. Ф. Зобниннің бізге қызықты екінші мәліметі Шұбартау төлеңгіттерінің ХІХ ғасырдың ортасында ресми қағаздарда арғынның көз басын (о о) қолдануы. Патша замынанда Семей облысында еңбек еткен тамаша өлкетанушы Н.Коншин төлеңгіттерді «хан мен сұлтандарға жартылай тәуелді жағдайда болған адамдар...Олардың шығу тегі және құқықтық жағдайы осы күнге дейін белгісіз» деп жазады. 1884 ж. Дала генерал-губернаторының тапсырмасы бойынша Қарқаралы уездік басқармасынан Н.Коншин болыстықтардың тізімін, рулық құрамын және үй санын алып оны жариялайды. Бұл кестеден Шұбартау төлеңгіттері жөнінде біршама мәлімет аламыз және оны кітапта пайдаландық. Ә. Бөкейханов 1902 жылғы Ф.Щербина жүргізген санаққа қатысып, төлеңгіттердің Қарқаралы уезінде қанша отбасы барын анықтап, шаруашылықтары жөнінде шағын сызбасын келтіреді. Бұл мәліметтер де Шұбартау төлеңгіттеріне қатысты дерек көзі ретінде аса пайдалы. Семей өлкесін зерттеушілердің бірі Н.А. Логутов «төлеңгіттер әскери жорықтарда хандардың негізгі сенімді арқа сүйер тіректері, әскери күш ретінде қызмет жасайтын жартылай тәуелді адамдар. Бастапқыда төлеңгіттер тек қана тұтқындардан құралса, кейін уақыт өте келе әр түрлі себептермен кедейлікке ұшыраған қазақтар пана табу үшін өз руластарынан кетіп төлеңгіттікке өте бастады.Төлеңгіттердің ханға деген тәуелділік дәрежесі әр уақытта өзгеріп отырды» деген біздің ойымызша салмақты пікір білдірген. Төлеңгіттер тақырыбы бойынша революцияға дейіңгі жеткен жетістік кеңестік кезеңде осы тақырыппен айналысқан бірқатар зерттеушілер үшін үлгі болып қалды. Бұл тақырыптың шешілмеген даулы тұстары, түйіткілді сұрақтары өкінішіке орай арнайы тақырыпқа айналмай қала берді. ХХ ғасырдың 40-50 жылдары қазақ тарихы бойынша өнімді еңбек еткен М.П. Вяткин «XVIII ғасыр төлеңгіттері» атты мақаласында: «XVIII ғ. төлеңгіттер саны шамалы ғана болған. Сол кезеңнің материалдарында төлеңгіттердің саны жөнінде кездейсоқ мәліметтер кездессе, олардың өзі хан төңірегіндегі төлеңгіттер еді. Төлеңгіттер әлеуметтік жағдайының өзгеріске ұшырауы қазақ қоғамының феодалдануына әсер еткендіктен, біз төлеңгіттердің орнын анықтап алуымыз қажет» деп жазады. 1930-1960 жж. Орта Азия мен Қазақстанды зерттеуге ат салысқан К.Л. Задыхина 1941 ж. Ресейде «XVIII-XIX ғғ. қазақ хандары мен сұлтандарының төлеңгіттері» атты тақырыпта кандидаттық диссертацияны қорғады. Төлеңгіттер жасақ ретінде хан мен сұлтандардың қуат көзі ретінде қызмет жасады дейді зерттеуші. Төлеңгіттер қазақ халқының рулық қауымынан тысқары тұрды. К. Задыхина төлеңгіттерге деп қазақ төрелерінің патшадан келген сыйлықтардан, ұрыста олжаға түскен мал-мүліктен үлес, жылқы, киім, қару түрінде беріп отырғанын жазады. Тағы бір қызық дерек Ресейдегі император сарайына барған төлеңгіт өкілдерінің күнделікті шығындарына қаражаттың қара қазақ өкілдерінен көп бөлінуі. Кеңестік кезеңде төлеңгіттерге алғаш көңіл қойған кәсіби қазақ тарих ғылымының негізін салушы Е.Б. Бекмаханов болды. Ол өз еңбектерінде Қазақстанның Ресейге қосылуын, Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісін жан-жақты қарастырған. Бекмаханов XVIII ғ. төлеңгіттерді тек ақсүйектер ғана иелентін болды десе, ал ХІХ ғасырда кейбір сұлтандар төлеңгіттерді өздерінің басыбайлы шаруалары ретінде ұстағысы келгенімен, бұл шаралары жүзеге аспағандығын көптеген мұрағат құжаттарына сүйеніп жазады. Кеңестік кезеңде төлеңгіттер тақырыбында айтарлықтай жұмыс атқарған В.Шахматов деген тарихшы болды. Оның пікірінше төлеңгіт құрамы негізінен кедейленген адамдардан, сонымен қатар әсіресе шапқыншылықтар тұсында өздерін қорғау мақсатында сұлтанның қарамағына өтушілерден құралды. Зерттеуші Қазақстандағы төлеңгіттер институтының шығуы феодалдық қатынастардың қалыптасуымен байланысты деп атайды. Бұл жерде феодализм деп автордың еңі алдымен мемлекеттік құрылысты айтып отырғаны даусыз. Шын мәнінде төлеңгіт институты мемлекет құрушы, соған қызмет етуші күшті тетіктердің бірі. Тіпті арғы заманды айтпағанның өзіндік ХІХ ғасырдың ортасында Ресей империясына қарсы он жыл бойы соғысқан Кенесары ханның да сүйенгені өзіне аталарынан қамқорлық жасау міндеті қалған мың үйлі төлеңгіт болатын. Кенесары қозғалысы қазақ халқының ең соңғы ірі бас көтеруі, тәуелсіз мемлекетті қайта жаңғыртпақ күресі болды. Бұл күреске төлеңгіт қауымының түгелдей қытысуы да көп мәселені аңғартса керек. Біз ғалымдар тарапынан айтылып жүрген төлеңгіттердің әскери міндеткерліктері ХІХ ғ. 20 жылдарындағы «Жарғы» реформасымен шектеліп, ХІХ ғасырдың 60 жылдарындағы «Уақытша Ережеден» кейін ғана тоқтады деген пікір дұрыс деп санаймыз. Бұл зерттеу жұмыстарынан біздің түсінгеніміз ең бастысы қазақ төлеңгіттерінің тарихы зерттелмегендігі. Ресей және Қазақстандық тарихшылар мен құқықтанушылар төлеңгіттерді ХУІІІ ғасырдан әрі асырмайды, оны мемлекеттік құрылыспен байланыстра алмайды. Ресей тарихшыларының ішінде кейіңгі жылдары (1990) төлеңгіттер тақырыбына В.П. Курылев деген этнограф «К вопросу об институте толенгутов у казахов» мақаласын арнады. Ғалым төлеңгіттер институтының мәселесі бойынша революцияға дейін және революциядан кейін бірнеше авторлар жазса да, әлі де болсын бір пікір қалыптаспағандын жазады. В. Курылев П.Е.Маковецкийдің 1882 жылы Семей, Павлодар, Қарқаралы уездерінде сауалнама жүргізу барысында, өзінің жинаған материалдарын қортындылай отырып төлеңгіттерді әсіресе әскери жасақ ретінде қарастыруды мақсат тұтады. В. Курылев жазбаларында сұлтандардың төлеңгіттердің балаларын бауырына салып тәрбиелеген мысалдары келтірілген, В. Курылев В. Шахматовтың Патшалық Ресей тарапынан ХІХ ғ. екінші жартысында төлеңгіт атауын атауға тиым салды деп жазғанын теріске шығарады. Оның пікірінше төлеңгіт атауы ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында да кеңінен аталынды. Өз материалдарын жинақтап саралай келе төлеңгіттердің шығу тегіне байланысты әлі де болсын арнайы зерттеулер қажеттігін атайды. Тәуелсіздік кезеңінде ХYІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ халқының қоғамдық дамуының заңдылықтарын ашуды мақсат тұтқан зерттеуші Ж.Артықбаев төлеңгіттер мәселесіне қатысты бірнеше еңбектерінде пікірін білдірді. Төлеңгіттердің билеуші әулеттерге жақындығы, олардың ішінде аса маңызды саяи-мәмлегерлік шараларға қатысатын сенімді топтар болғандығы т.б. әсіресе Ж.О.Артықбаевтың ХYІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының тарихына арналған еңбегінде орыс, қытай деректерінің негізінде дәлелді суреттелген. Сондай - ақ Ж. Артықбаев 1757 жылғы Түркістанда болған хан кеңесінің шешімімен Өмірзақ бастаған аталықтардың Мамадайыр, Мамашық атты аталарының Әбілмәмбеттің төлеңгіттерімен бірге Әбілпейіз сұлтанның соңына еріп Шығысқа қарай қазақтың көшін бастағанын жазады. Әбілмәмбет ханның төлеңгіттерімен араласып кеткен Сайдалы Арыстан аталықтың Мамадайыр, Мамашық ұрпақтары Шұбартау тобын құрайды деп көрсетіп, Ә. Бөкейхановтың «Әбілмәмбеттің кенже үйі – қарашаңырағы Шұбартау елінде, күнгей Саяқта» деп жазғаны осыларға қатысты деп айтады[3, №466]. Ф.Зобниннің үшінші бір жазғаны қазақ төлеңгіттері Алтай телеңгіттерінің тұқымы деген мәселеге қарсылығы, ол «казахские тюленгуты не могли быть прямыми потомками теленгитов...» (45 б.). Бұл біздің ойымызша дұрыс пікір. Біздің пікірімізде Алтай телеңгіттері Ғұн империя ыдыраған уақытта тау қойнауларында аман - есен сақталып қалған патшаларды, яғни шаньюйді қолдаушы топтар мен қызметшілерден құралған қауымға болуы тиіс. Қазақ төлеңгiт қауымдарының көпшiлiгi, әсiресе Алтын Орда тарқағанан кейін Дәштi Қыпшақтың далалық алқаптарындағы төлеңгiттер XV ғасыр мен XVIII ғасыр ортасына дейiн бiртұтас Қазақ хандығына қызмет жасады. XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығы құрылған уақытта Керей мен Жәнiбекке қызмет жасаған ортағасырлардағы төлеңгiттердiң жұрнақтары болатын. Осы әскери ру - тайпалық бiрлестiгiнен кейiнгi 1756-57 жылдардан берi белгiлi бола бастаған - шұбартаулық Мамыт, Дейіт, Құсшы, Тебежін, Оңажіт және Таздар тобы шығады. Бұл топ - Түркiстандағы қазақтың үлкен ханы Әбiлмәмбетке, Абылайға және Әбілпейіз сұлтанға қызмет жасаған. Осы бiрнеше ғасырға созылған мемлекет құру және оны сақтауға бағытталған жойқын iс шаралардың басы қасында төлеңгiт қауымының өкiлдерiн көремiз. Тым әрiге бармай XVIII ғасырға қатысты Ресейдiң, Қытайдың, Бұхардың мұрағаттарында сақталған елшiлiк қағаздарын оқысаңыз iшiнен мiндеттi түрде төлеңгiт өкiлдерiн көресiз. Олар айтылған уағдаға берiк, сатқындыққа жоқ азаматтар, өзiнiң қызмет еткен төресi үшiн жанын беретiн жауынгер нөкер, олар өзiнiң ұлыс басшысының бетiн жерге қаратпайтын батыл және тапқыр елшiлер. Төлеңгiттердiң саяси аренада аса белсендi түрде көрiнетiн соңғы кезеңi ХIХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгiн сақтауға бағытталған күрес жылдары. Бұл қантөгiске толы жылдары Кенесары көтерiлiсiнiң мысалында төлеңгiттердiң қазақ төрелерiне қызмет жасағанына дәлелдер көп. Одан кейiн Қазақ мемлекетiмен бiрге төлеңгiттер институты да тарих қойнауына енiп жадыдан ұмытыла бастады. Бiр ғажабы ұлан-байтақ қазақ даласының әр жерiнде "бiз төрелердiң жанына ерген ержүрек төлеңгiттер ұрпағымыз" дейтiн ұсақ қауымдар қалды. Солардың iшiндегi тарихымен, дәстүр салтымен ерекше көзге түсетiн Шұбартау төлеңгiттерi осы қауымның бiрнеше жүз және мыңжылдық тарихының қойма-қазынасы есебiнде. Міне, осы Шұбартау төлеңгiттерi аталатын елдiң iшiнде Мамыттан тараған бiр қауым ел бар. Ел iшiнде Мамыттың шыққан тегiн қалмақпен байланыстыратын да әңгiме бар. Жақында ғана жарияланған "Шыңғыс хан және оның заманы" атты еңбегiнде Мұқтар Мағауин Шұбартау төлеңгiттерi қатарындағы "қалмақ" ұғымына қатысты пiкiрiн былай деп бiлдiредi: "Тек бiр ғана сөз - мұндағы "қалмақ" - кәдiмгi қалмақ емес, ХV - ХVI ғасырлардағы Дәштi- Қыпшақ көшпендiлерi құрамында аталатын рудың бiр ұшқыны, немесе әуелгi төлеңгiтпен бiрге келген аттас қауым болса керек". Бiзде осы болжамды қолдаймыз, өйткенi, төлеңгiт шежiресiнде оны айғақтайтын қисындар да аз емес. Қазақ шежiресiн қарап отырсақ Мамыт деген атауды бiрталай жерден, Шанышқылы сияқты Түркiстан-Тәшкент өңiрiн ертеден мекендеген елден көрiп қаламыз. Осыған қарағанда Мамыт атауы көнеден келе жатқан ру-тайпалардың iшiнде бар-ау деймiз. Ең әуелi ескеретiн мәселе шұбартаулық Мамыт ру бiрлестiгiнiң осы кезеңдерде Абылай сұлтанның элиталық әскери тобы ретiнде iштей Қақы және Сақы аталарына бөлiнiп, қайта құрылымдалғанына қарамастан, түп ататегiн Дештi-Қыпшақтық Шайқы Бұрқы әулиемен байланыстыруы ғажап нәрсе. Бiз алдыңғы жазған еңбегiмiзде, Мамыт сөзiнiң этимологиясының Шыңғыс хан заманынан берi келе жатқан дүние деген шешiмге келген болатынбыз. Осы ойымыздың дұрыстығына тағы бiр деректi бiз Башқұр ағайындарымыздан - өздерiн Мамыт атадан тарататын,"қалмақ" деп аталатын рулы елден тапқандай болдық. Олардың аңызы бойынша, Мамыт батыр нәресте кезiнде, Батый ханның жаугершiлiк заманында қолға түсiп, оны Юлдыбайлар жұртынан шыққан Букэт батыр асырайды. Аңызда Букэт батыр өзi үнемi жорықта жүргендiктен, баланы Башқұрдың Уляй деген батырдың тәрбиесiне бередi. Мамыт батыр ержеткен соң, жұрт оны Тангаурлы руының басшысылығына сайлайды. Мамыттан бiр ұл туады. Оны "Қалмақ" деп атайды. Қалмақтан Қашқар, Раим, Баязит туады. Осы көне шежiреде Мамыттың Тангаурлы елiне басшы болғанын, одан туған ұлдың "Қалмақ"есiмдi болғанын, кейiнiрек "қалмақ" атын иеленген рудың қалыптасқанын көремiз. Яғни, бұл жерде "Қалмақ" адам есiмi ру атауына негiз болған десек, ғылыми тiлде ат берушi тұлғаны эпоним дейдi. Ерте төлеңгiт бiрлестiктерiнiң ыдырауына байланысты Мамыт, Балық т.б. аталардың аттары түркi ұлыстары мекен еткен Еуразиялық кең алқапқа мейлiнше жайылып кеткен. Әрине, түркi тайпаларының ата мекенi аталатын Алтайда Мамыт атауының адам аты ретiнде сақталуы өте заңды. Мысалға, Таулы Алтайдағы, Майма өзенiнiң бойын мекендейтiн телеуiт руының iшiнде iшiнде Мамыт, Балық төре ұрпақтары бар. Бұлар Меркiт ру - тайпалық бiрлестiгiн құрайды. Шыршық ауданындағы Мамыт тобында қалмақ руы кездесуi, әлгi башқұрдың "Мамыттан қалмақ туады" деген көне түркiлiк шежiресiне толықтай сәйкес келедi. Жалғастық деген осы емес пе? Жаугершiлiк кезеңде Мамыт пен Балық аталардан тарайтын елдiң бiрер атасы осы Түркiстан маңында қалып, Шанышқылы iшiнде болса, қазақтың көшiн Шығысқа бағыттаған Әбiлпейiз сұлтанға iлескен бiрер ата ұрпақтары Мамадайыр қосынымен бiрге "Шұбартау төлеңгiтi" қатарынан көрiнуi де мүмкiн деген жорамалымыз да бар. ХVIII ғасырдағы абақ керей мен найманның шығысқа қарай көшiн басқарған Әбiлпейiз сұлтанға iлескен Өмiрзақ бастаған Мамадайыр ұрпақтары және Мамыт тобымен бiрге атақты батыр Бердiқожа да Ұлы жүздiң шанышқылы елiнiң бiрер атасын ертiп Шұбартауға келген. Ел аузындағы әңгiмелерге қарағанда ХVIII ғасырдың аласапыран кезеңiнде Мамадайырдың ұрпақтарын Өмiрзақ бастаса, оның сүйенгенi Мамыт тұқымы Жаназар батыр болған. "Өмiрзақтың дәулетiне, Жаназардың қуатына жиналған ел" деп айтылатын шұбартаудың есiл ерлерi көп заман қазақтың үлкен ханы Әбiлмәмбетке, Абылайға және Әбiлпейiз сұлтанға қызмет еттi. Бұл Өмiрзақ Шұбартау жерiне қазақтың атақты төресi Әбiлпейiз сұлтанды бастап келген, қалың елге құт болған атақты адам. Қазақтың ту тiккен, алтын тағы орналасқан Түркiстаннан Әбiлмәмбет ханның төлеңгiттерiн бастаған Жаназар батыр да Әбiлпейiз сұлтанға ерiп келгенде олардың алғашқы қонысы Шұбартау болғанын, одан кейiн Әбiлпейiз сұлтан басшылығымен Шыңғыстау, Шар Құрбан, одан Тарбағатайға қарай жылжығанын ескерсек, онда шекаралық үштiк бағытта орналасқан әскери қосынды көремiз. Тарихшы Ә. Елемесов Шұбартау төлеңгiттерiне байланысты азды-көптi ой қозғаған Б. Майтановтың мақаласын талдай келе: "Олар Абылайханның қалмақтарға қарсы Аягөз, Шар тұсындағы бекiнiс боп, шекара күзетi есептелген тәрiздi" деп ең басты мәселенi аңғарып қалған. Олардың ХVIII ғасырдағы ең ауыр шекаралық алқапқа Ақ - табын батыс, Сары - табын орталық, ал шығыс алқапқа Қара - табын атауымен орналасуы осы мәселеге байланысты. Мамыт ата туралы Шұбартауда айтылатын аңыздардың бiрiнде: "Тайшы деген қазақ баласы нағашысы қалмақ ханына қонаққа барады. Жастардың өнерiн сынағанда Тайшы садақтың оғын жетi кетпеннен өткiзiп жiбередi. Мұны көрген қалмақтар ойланып қалады, егер түптiң түбiнде соғыс бола қалса жиен болғанымен зияны тиуi мүмкiн деп, мас қылып, бiлдiрмей жауырынының шемiршегiн алып тастайды. Сол елде өзi жетiм, бiрақ өте пысық, күш-қуаты артылып, тасып, сондықтан ел билеушiлерiне ұнамай жүрген Мамыт деген қалмақ бала бар екен. Ол Тайшымен дос болып, жауырынының шемiршегiн қалмақтардың мас қылып алып тастағанын айтып қояды. Тайшы нанбайды. "Нанбасаң, садақ тартып көр" дейдi Мамыт. Тайшы садақ тартып көрсе оғы бiр кетпеннен ғана өтедi. Бұны бiлген соң Тайшы бiр күнi бұлар өлтiруден де тайынбас деп қалмақтарға бiлдiрмей Мамытты қасына ертiп елiне қашып келедi". Дәл осы әңгiме сәл өзгерiстермен қалмақтың атақты Сына батырына қатысты мәлiметтердiң де iшiнде бар. Қазақтар Сына батыр деп Сыбан Рабтанның ұлы Шуно Дабоны атайды. Қарқаралы өңiрiнiң Кент тауы маңында тұратын қариялар бұл әңгiмелердi бабына келтiрiп айтады. Олардың айтуы бойынша Сына батырдың шешесi Аюке ханның қызы Сетержаб, ал әкесi қазақтың Едiге деген батыры. Қыз аяғы ауыр күйiнде ұзатылып Сыбан Рабтан қолына барған соң босанып Сына батырды туған-мыс. Екi жауырынының шемiршегiн алып тастауы да ол түбiнде өзiнiң қазағына болысады деген қауiппен дейдi. Қалай болғанда да қазақ iшiнде қалмақтың сол заманда енгенi де, олардың бiр-бiрiмен аралас, нағашылы-жиендi екендiгi де даусыз. Төлеңгіттердің шығу тегіне байланысты аңыз деректер де баршылық. Ә.Елемесов «мұндай деректің бірі Ә. Марғұланның қолжазбасында келтірілген» дейді : «Қалдан Серен бір жорықта өзінің інісі Серуді өлтірген Абылайдың кімде кім маған басын кесіп әкеледі мен соған Аюкеден туған Төреш сұлуды бәйбешесіз беремін дейді. Сол үшін Сүзекенің қолы дейтін қол аттандырып, олар Абылайды қан шығармай Қалданның алдына алып келеді. Қалдан Серен нағыз Абылайдың өзі екеніне көз жеткізгісі келіп, бірнеше сынақтан өткізеді. Абылайдың өзі болып шыққаннан соң Төреш сұлуды қалындықсыз берген екен. Сол Төрештен Төлеңгіт атты бір туыпты мыс» делінген қолжазбада. Біздің ойымызша бұл сюжет соңғы бір-екі ғасырда ел аузында пайда болған әңгімелерден бастау алады. Расында да Абылайдың 12 әйелінің жетеуі қалмақ қыздары болғаны рас және Жоңғария дағдарысы кезінде қалмақ азаматтарының Абылай ордасына пана іздеп келгені де өтірік емес. Ал аңыздағы «Төреш сұлу» шын мәнінде Қасым, Қамбар төрелердің анасы Топыш ханым болуы керек, сонымен бірге Абылайдың қалмақтан алған әйелдерінің бірін Өрес сұлу атаған. Ел аузындағы тағы бiр шежiрелiк "Шайқы Бұрқы әулие - Зеңгi баба" аңызын қарастырайық: - ерте заманда Шайқы Бұрқы әулие атанған әулие бабамыздың қызметiне риза болған хан оған қызын берген екен. Сол әулиенiң үрлегенiн демiнен қыз буаз болып, Мамытты туған екен. Сондықтан ол Мамыт- Желден аталған. Әулиенiң демiмен үрленген желмен бойжеткендi екiқабат қылудағы төлеңгiттердiң атасы Мамыт Желденiң тууы туралы аңыздың тек мифтiк оқиға екенi көрiнiп тұр. Шұбартауда ғана мәлiм осы аңыздың астарында сонау: "арғы атаң сенiң - Шыңғыс хан, пайда болған сағымнан"ежелгi моңғолдардың аңызы негiзiнде жалғасын тапқан. Аңыздың да түбi бiр, екеуiнде де арғы аталарымыз желден, яғни сағымнан пайда болды дегендi бiлдiредi. Елдегi жеңгемiз, Зейнел Омарованың "бiз Жошы тұқымынанбыз" деп айтып отыратын әдетi бар. Осылай деп айтқанда жеңгемiз кәдiмгiдей шалқайып, маңғаз қалыпқа кiредi. Өкінішке орай төлеңгіт арасында сақталған көтеген тарихи аңыздар мен мифтік әңгімелер, дәстүр –салттары мен әдет-ғұрыптары этнографтар тарапынан арнайы зерттелінбеді. Бұл құрама аталар бірнеше жүз, мүмкін одан да көбірек тек ел бірлігі үшін деп өмір сүрді, олардың негізгі мақсаты мен міндеті бір орталыққа бағынған хандық билікті қолдау, сол үшін жан аямай қызмет ету, мемлекеттік билікті атқаратын төрелерді қорғау еді. Шұбартау төлеңгіттерінің өзге әңгімесін айтпағанның өзінде олардың ХУІІІ ғасырдың 50-60 жылдарында Әбілпейіз сұлтанның соңынан еріп, ел мүддесі үшін жанын құрбандыққа шалып Алтай, Тарбағатай, Жетісу сияқты жұмақ өлкелерді қазақ қарамағына алу жасаған жанқиярлығы жас ұрпаққа үлгі болар ерлік емес пе ?!

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Левшин А.И. Описание киргиз-казацких или киргиз-кайсацких орд и степей. Алматы, 1996. с. 292.
2. Зобнин Ф. Рабы и тюленгуты в казахской степи// Библиотека казахской этнографии. Т.36. Астана, 2007.-68 с.
3. Ж. Артықбаев. Шоқан да кезінде: «Ұлы аруақтар қамқорлық жасайды»,- деп айтып кеткен. «Халық сөзі» № 46б 12/ 06/ 2012
4. Жамбыл Омари. Аталықтар әулетi: Арыстан, Барқы, Нияз. - Астана: "Алтын кiтап" 2011.
5. Кемелбеков Б., Жасымбаев Е. Қазақ хандығының аталықтары мен төлеңгiттерi: мемлекетке қызмет iстеу, тарихи оқиғаларға қатысы және шежiресi. Алматы: «Информ-Арна», 2013.-480 б.
6. А. Шамғонов., Т.Оразбеков. «Атыраулық төлеңгiттер». Атырау. 2012 жыл

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста