«Қазақстанның» бірінші орынға шығуы ненің белгісі?
«Қазақстан» ұлттық арнасы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында, 1 қыркүйектен бастап толығымен мемлекеттік тілде хабар таратуға көшкенде ақжолтай жаңалықты қазақтілді басылымдар жарыса жазып, халықтан сүйінші сұрап еді. Сол кезде біз де «енді 100 пайыз қазақша сөйлей бастаған «Қазақстан» ұлттық арнасы ұжымының алдында үлкен жауапкершілік тұрғаны анық. Тілдік пайызды толығымен орындадық, енді сапалық, көркемдік және мазмұндық көрсеткіштерді де арттырып, мемлекеттік тілдегі хабарлардың рейтингісін көтеруге жұмыла кірісу қажет» деген талап-тілегімізді жеткізген едік.
Жуырда ұлттық арна тағы бір жағымды жаңалықтың себепкері болды. Арнаның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сенсек, ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша 2013 жылдың 1 қаңтар мен 10 ақпан аралығында «Қазақстан» телеарнасы 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендер, яғни шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары арасында 23,3% орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шыққан. Осылайша 6+ бағамы бойынша, (6 жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында) ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да отандық өзге телеарналардың алдына шығып, жетекші позицияны нық ұстап тұр. Бұрын сараптамалық зерттеулер 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар қалаларда ғана жүргізіліп келсе, өткен жылдың 1 сәуірінен бастап 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендер зерттеу аясына енгізілген. Бұл рейтингілік көрсеткіштердің объективтілігін аңғаруға мүмкіндік береді.
Зерттеушілердің пайымынша, «Қазақстан» ұлттық арнасының үлес салмағы мен рейтингінің өсуіне төл өнімдері сапасының артуы мен қазақтілді бағдарламалардың бәсекеге қабілеттілігі әсер еткен.
Әдетте салмақты рейтингтік бағамдауларда отандық арналардың, оның ішінде қазақ тіліндегі бағдарламалардың үлес салмағы тым аз болып келетін. Мемлекеттік телеарналар мұндай беделді рейтингілік зерттеулер тізімінде тіпті алғашқы ондықтың да қатарынан көрінген емес. Күні-түні тек қазақ тілінде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының жоғары көрсеткішке ие болуы бағдарламалар сапасының артып, қазақтілді аудитория арасында едәуір сұранысқа ие бола бастағанының белгісі деп түсінгеніміз дұрыс.
Арқа төсіндегі Астана төрінен айшықты орын тапқан ұлттық арна бүгінде заманауи үрдіспен даму сатысына аяқ басып келеді. Кезең-кезеңімен жаңа жобалар мен тың бастамаларды жүзеге асыра бастаған арна басшылығы мен шығармашылық ұжымы қазақтілді бағдарламаларды жандандыра түсу жолында жұмыла еңбек етіп отырғаны анық.
Осыдан екі жыл бұрын Елбасы өзінің Жолдауында: «Алдымызда мынадай міндет тұр: 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде – 80%, ал 2020 жылға қарай кем дегенде 95%-ға жетуі тиіс. Енді 10 жылдан кейін мектеп бітіруші түлектер 100% мемлекеттік тілді білетін болады. Біз бұл үшін бәрін жасап жатырмыз», – деп атап көрсеткен еді.
«Қазақстан» ұлттық арнасы электронды бұқаралық ақпарат құралдарының арасынан бірінші болып Елбасының осы Жолдауда айтылған міндеттерін орындауға кірісті. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Қазақстан» ұлттық арнасы 100% қазақ тілінде хабар тарататын бірден-бір үлкен арнаға айналды. Алғашқыда ел тұрғындарының 95%-ы қазақ тілінде сөйлеп кетуіне күмән келтіргендер ұлттық арнаның рейтинг жинап, үлкен сұранысқа ие болатынына сенімсіздікпен қараған еді. Бірақ, жоғарыдағы нақты деректер көрсеткендей, «Қазақстан» ұлттық арнасы көрермен сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, халықтың көкейіндегісін таба білді.
Ұлттық арна ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық хабарлары, қызықты мегажобалары мен тартымды телехикаялары арқылы көрермен көңілінен шығып келеді. Әрине, отандық телевизия саласында әлі де болса атқарар шаруалар шаш етектен. Дегенмен осындай қарқынды бәсеңдетіп алмаса, аз уақыттың ішінде талай әлемдік телеарнамен бәсекеге түсе алатыны анық.
Сұлтан Оразалинов, жазушы, Қазақ телевизиясының ардагері:
– Бүгінгі күні елімізде хабар таратып жүрген барлық телеарналар қазіргі «Қазақстан» телеарнасының бауырынан өрбіген. Өзінің жарты ғасырдан астам тарихында бұл телеарна түрлі өзгерістерді бастан өткерді. Әйтсе де қандай қиын кезеңдерде де ол өзінің Қазақ телевизиясының көшбасшы қалыбын сақтай білді. «Қазақстан» арнасының толығымен қазақ тілінде хабар таратуы – ұлттық сана-сезіміміздің оянуының белгісі. Ал ұлтымыздың өз тілінде сөйлейтін ұлттық арнаның рейтингілік көрсеткішінің жоғарылауы – арнаның кәсібилік деңгейінің өскендігі мен жалпы халыққа қажет дүниелерді молынан ұсына бастауында. Бұрын отандық телеөнімдеріміз көрермен тарапынан да, сарапшылар тарапынан да бағалана бермейтін. Десек те, кейінгі кезеңдерде Қазақ телевизиясы өзгелермен ашық бәсекелес жағдайында жұмыс істей алатындығын дәлелдеп келеді. Оның үстіне, біздің еліміз бойынша жүргізілетін рейтингілік зерттеулердің басым бөлігі орыстілді аудиторияға сүйеніп жасалатын. Мұндай біржақты талдаулар шынайы көрсеткішке қол жеткізе бермейтін. Соның салдарынан қазақ тіліндегі бағдарламаларымыз тасада қалып қойып жататын. Алайда беделді талдау орталықтары ондай олқылықтарға жол бермейді. Өйткені көрерменді, жалпы, халықты алдау мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан» ұлттық арнасының өзге арналардың арасында көш бастап тұруы қуанарлық жайт.
Серік Абас-Шах, «Қазақстан» ҰТА продюсері:
– Кез келген медиақұрылым бірінші кезекте рейтингілік көрсеткішке жұмыс істейтіні белгілі. Себебі жақсы көрсеткішке ұмтылу барысында сапа мен мазмұнға баса назар аударылады. Бұл ретте, әрине, көрермен сұранысы да маңызды рөл атқарады. Соңғы кездердегі ұлттық арнаның жетістіктері – негізінен бағдарламалар кестесін дұрыс жоспарлап, менеджменттік әдіс-тәсілдерді тиімді қолданудың нәтижесі. Ал бағдарламалар кестесін тиімді уақытқа орайластырып, түзіп отыру үшін жақсы өнім керек. Аудиториямыздың көбеюіне біз бірнеше нақты қадамдар арқылы қол жеткізудеміз. Бірінші кезекте қызықты сериалдардың көрерменге қолайлы уақытта ұсынылуы. Мұның өзі арнамызға назар салатындар қатарын молайтты. Мысалы, аптасына төрт рет эфирден берілетін бір ғана «Айтуға оңай» ток-шоуы экран алдына қаншама көрермен жинайды?! Бұл бағдарлама бір тақырыптан келесі тақырыпқа дейін көпшілікті қызықтыра түсуде. Халыққа жақын жобалар мен өзге де телеөнімдердің көбеюі аудиториямыздың да көбеюіне алып келуде. Бәсекелестік мықты дамыған бүгінгі кезеңде телеарнада сауатты менеджмент мен жұмысты оңтайлы үйлестіру өте маңызды. Бұл ретте арна басшысы Нұржан Жалауқызы бастаған жаңашыл ұжымның еңбегінің зор екенін атап өткеніміз абзал.
Жоғарыда көрсетілген ТНС Гэллап Медиа Азия зерттеу компаниясының мәліметтері 100% мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін дәлелдейді. Бұл – «Мемлекеттік тіл, барша қазақстандықтарды біріктіруші фактор болуы тиіс» деген Елбасының сөзі шындыққа айнала бастағанының нақты көрінісі.
Жарты ғасырдан астам бейнелі тарихы бар «Қазақстан» ұлттық арнасының таралу ауқымы қазіргі кезде шамамен – еліміздің 98,63 пайыз, ал Қазақ радиосы – 88,74 пайыз, «Шалқар» радиосы 61,31 пайыз тұрғынын қамти алады. Бұған қоса, осы арналарды ғаламтор арқылы онлайн жүйесі арқылы миллиондаған адамдар көріп, тыңдай алады. Жалпылай алғанда, мұндай кең ауқымды аудитория еліміздегі басқа теле-радиоарналардың бірінде жоқ десек, артық айтқандығымыз емес. Мұнымен қатар отандық ақпарат саласында мемлекеттің пәрменімен үлкен жобалар еңсеріліп, «Балапан», «Мәдениет», «Білім» телеарналарының ашылуы қазақ тілінің бұдан да ары кең өріс алып өркен жаюына, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Енді аз күнде қазақ спортын арқау ететін жаңа бір арна эфирге шықпақ. Осылайша біз өзіміздің ақпараттық кеңістігімізде кезінде жіберіп алған еселерімізді уақыт өткен сайын еселеп қайтару үстіндеміз. Қалай болған күннің өзінде де, бұл қадамдарымыз ұлтымыздың болашағы үшін жасалып жатқан игі істер.
Ақпараттар тасқыны дес бермейтін бүгінгідей жаһанданған әлемде өз үніңді тиісті жерге естіртіп, өз бейнеңді айқындап, дүрмекке толы дүниеде өзіңді мойындату аса оңай шаруа емес. Әр саладағы күшті бәсеке тек өз ісінің мықты мамандарына жол береді. Әсіресе ақпарат саласында жемісті нәтижелер мен жоғары көрсеткіштерге ие болу тынымсыз еңбек пен жан-жақты ізденістерді қажет ететіні даусыз. Мұндайда қазіргі заман талабы мен нарықтың заңдылықтарына бейімделіп іс атқаратындардың жұлдызы жоғары. «Қазақстан» телеарнасының отандық арналардың арасынан оза шығып,биіктен көрінуі – бұл алдымен қазақ көрерменінің жеңісі. Өйткені арна сол көрерменнің сұранысын қанағаттандырып, сол көрерменге жұмыс істейді.
Р.S.
Көрермен дұрыс болса, арна да сапалы жұмыс істемек. Ендеше, «көк жәшіктің алдында» отырып алып, ананы-мынаны сынап-мінеп отыра бергенше, талғамды дүниелердің көп болуына қарапайым көрермен де атсалысуы тиіс. Қалай десек те, рейтингтегі жақсы көрсеткіштерге тоқмейілсіп, босаңсуға болмайды. «Мұндай қорытындылар қайта арна ұжымын ширата түссе» деген және бір тілегіміз бар.