Қазақстандық жұлдыздар қоқыс жинау бойынша «Қоқыс қалдырма!» экологиялық челленджін бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Танымал қазақстандық опера әншісі Майра Мұхамедқызы және тележүргізуші, бизнесвумен Динара Сәтжан Сілеті құздарына барды және сол маңдағы қоқысты жинап, өзге қазақстандықтарды да табиғи демалыс аймақтарындағы тазалыққа шақырды.
«Сілеті құздары Нұр-Сұлтаннан Ерейментауға баратын бағытта орналасқан. Онда Сілеті өзені бар, Қазақстанның ең таза және ұзын өзендерінің бірі. Дәл осы өзеннің бойындағы құздарға өрмелеу үшін барамыз. Жеке өзім екі жылдан бері құзға өрмелеумен айналысамын. Осы жолы Майра Мұхамедқызын шақырдық, ол алғаш рет құзға өрмелеп, жартас басында ән салды», - деді Динара Сәтжан ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
ВИДЕО: www.facebook.com/dinara.satzhan/videos/3146472552056071/
Сонымен бірге, олар «Қоқыс қалдырма!» челленджін бастап, Сілеті маңынан 20 қапқа жуық қоқыс жинаған.
«Сілетіге тек құзға өрмелеу үшін емес, өзімізбен бірге қоқыс қаптарын да алып шықтық. Өйткені ондағы жер өте лас. Адамдар өз қоқысын да жинамайды, қарбыз әкеліп, қабығын сол күйі тастап кетеді. Жол білетін адам болмаса, бұл жерді табу өте қиын. Шомылатын жер де аз болғандықтан, көп адам келе бермейді. Әйтсе де, өзен маңынан 20 қапқа жуық қоқыс жиналды. Сол үшін «Қоқыс қалдырма!» челленджін жариялауды ұйғардық», - деді Динара Сәтжан.
Акцияға Динара Сәтжан, Майра Мұхамедқызы және өзге де құзға өрмелеушілер қатысқан.