Алдағы бір жыл уақыт ішінде қазақша Уикипедия – интернет энциклопедиясы 200 мың мақаламен толығады. Бұл туралы кеше Алматыда арнайы баспасөз мәлімдемесін өткізген Wiki Bilim қорының өкілдері мәлімдеді.
Енді әлемдегі ең ірі әмбебап интернет-энциклопедиясын қазақшалау жобасын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландыратын болады. Ал оның іс барысын жаңадан құрылған Wiki Bilim қоғамдық қоры жүзеге асырады. Сондай-ақ басқа да бірқатар ғылыми ұжымдар қазақтілді интернет-энциклопедияны дамыту жобасына қол ұшын беруге уәде беріп отыр.
Әлемдегі интернет пайдаланушылардың сүйікті «кеңесшісіне» айналған бұл энциклопедияда әлемнің 281 тілінде жазылған ақпарат қоры бар. Алайда қазақстандық интернет тұтынушылар мәліметтерді Уикипедияның орыс тіліндегі нұсқасынан танысуға мәжбүр. Баспасөз конференциясына қатысқан Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, қазақша Уикипедиядағы мақалалар саны орыс тіліндегі нұсқадан 100 есеге жұтаң. «Қазір елімізде мәдени мұра бойынша жасалып жатқан жұмыстар бар, сондай-ақ түрлі энциклопедиялық жобалар, ғылыми жұмыстар, басқа да мәлімет қорлары жетерлік. Алайда соның барлығы Уикипедияға енгізілмеген. Соның барлығын ұйымдастырып, ауқымды жұмыс жүргізу керек», – дейді халық қалаулысы. Депутат Мұрат Әбенов бұл мәселенің заңдық жағын да қарастырып, авторлық құқық мәселесін дұрыс жолға қою қажеттігін атап өтті. «Бұл мәселе қазір Парламентте қаралып жатыр. Мәселен, интернеттегі ақпараттардың тегін әлде ақылы түрде болуы автордың келісімі арқылы жасалуға тиіс», – деді ол.
Ерекше атап өтерлік жайт, қазақша Уикипедия сайты жақын уақытта «Қазақ энциклопедиясы» баспасының мәліметтерімен толығады. Wiki Bilim қоғамдық қорының өкілі Рауан Кенжехан «Қазақ энциклопедиясы» баспасы өзінің он томдық жарияланымын Уикипедияға енгізуге келісімін беріп, оның электронды нұсқасын ұсынғандарын жеткізді. «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры Бауыржан Жақып: «Халыққа қажетті ақпаратты неғұрлым қолжетімді ету – заман талабы. Сондықтан біз қазақтілді аудиторияның сұранысын қанағаттандыру үшін барлығымыз бірлесіп жұмыс жасауымыз қажет», – дегенді айтады. «Сондықтан біз баспамызда жарық көрген өнімдерді, оның ішінде интернет тұтынушыларға ерекше қажет болатын әмбебап және салалық энциклопедияларымызды ұсынамыз. Оның ішінде екі томдық «Қазақстан ғылымы» энциклопедиясын, үш томдық Балалар энциклопедиясын, Қазақстанның жер, су атауларын қамтитын төрт томдық «Қазақстан табиғаты» атты жарияланымдар интернет пайдаланушыларға таптырмас құрал болады деп сенеміз», – деді «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры.
Уикипедияның көптеген интернет жобалардан басты ерекшелігі – бұл электронды энциклопедиядағы жазбаларды жазатын да, дамытатын да, тұтынатын да – қарапайым интернет пайдаланушылар. Кез келген интернет пайдаланушы өзі жаңа мақала енгізе алады немесе бұрыннан бар ақпаратты жан-жақты толықтыра алады. Соңғы он жылдың ішінде ол әлемдегі ең танымал сайттардың біріне айналды. Уикипедия сайтына кірген адамдардың саны жағынан әлемдік сайттардың алғашқы бестігіне кіреді. Ол әлемнің 281 тілінде мәлімет береді. Барлық тілдердегі мақалалар санын қосып есептегенде, 18 миллионнан астам жазба бар екен.
Қазақша Уикипедия 200 мың мақаламен толығады
Последние статьи автора