Үш Татьяна. Қазақ әндерін әуелеткен өзге ұлт өкілдері Татьяна Бурмистрова, Татьяна Мартыненко, Татьяна Полтавская. Алғаш «Тамаша» ойын-сауық отауының сахнасында тұсауы кесілген топтың, яғни Татьяналардың таланты кеңінен танылып, лезде-ақ өнерсүйер қауымның сүйіктісіне айналғаны аға буын өкілдерінің есінен әлі шыға қойған жоқ. Кеңес заманында өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе славяндардың қазақ тілінде сөйлеуі, қазақша ән айтуы үлкен мақтаныш, жаңалық, тіпті сенсация болатын.
Осылайша қазақ өнерінде үлкен сенсация жасаған топ жарқ етіп бес-алты жыл сахнада жүрді де, кейін көрінбей кетті. Күнделікті күйбең тірлік оларды сахнадан суырып, өз ұйығына тартты да, жұтып кетті. Бірақ үш Татьяна да өнер базарын тастап шыққанымен, қайнаған өмір базарының бел ортасынан алшақтамай, өз орындарын тапқан. Біздің білуімізше, Татьяна Полтавская Ресейге қоныс аударса, Татьяна Бурмистрова – Қазақстанда. Жиі болмаса да, көрермендерімен көк сандық арқылы қауышып тұрады. Ал Татьяна Мартыненко – Шымкенттің тұрғыны. №66 «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі.
Оңтүстік Қазақстан облысының қазіргі Ордабасы ауданы Шұбар ауылында дүниеге келген Татьяна Мартыненконың фамилиясы украинше болғанымен, құжаттағы ұлты – орыс. Орыс мектебінде дәріс алған. Алайда кішкентай кезінен көрші тұрған қазақ балаларымен ойнап жүріп-ақ, қазақ тілін жетік меңгеріп алады. Қазақ тілінде әңгімелескенде титтей де акцент байқалмайды. Таза, мөлдіретіп сөйлейді. Тіпті оңтүстіктің жергілікті диалект сөздерін де мықтап меңгерген. Әрине, Шұбар ауылында Татьяна секілді өзге ұлттың өкілдері көп. Алайда олардың барлығы да қазақ тілін дәл Татьянадай меңгерген деп айта алмайсың. Бұл болашақ қазақ келініне табиғаттың берген ерекше сыйы, дарыны болар...
«...Үшеуміздің тағдырымызды тоғыстырған – телеарна. Алғаш Бурмистрованы көгілдір экраннан көріп жүретінмін. Мен ол кезде Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова сынды жұлдыздарды тәрбиелеген Шымкенттегі Мәдениет және өнер институтында оқитынмын. Оқу орнының атын шығарып жүрген атақты «Фараби сазы» ансамблінің белді мүшесімін. Институт басшылығы телеарна басшыларымен тығыз байланыста болатын. Осы байланыстың арқасында бізді «Тамаша» ойын-сауық отауында өнер көрсетуге шақырды. Сөйтіп, үш Татьянаның басын қосты. Кейіннен концерттерде ғана емес, түрлі съездерде, форумдарда жұбымыз жазылмаған күйі қатысып жүрдік. Кеңес Одағының кезінде мұндай насихаттарға ерекше мән беретін. Сосын әрқайсымыз өз жолымызды таңдап, өз соқпағымызға түстік. Өйткені біз үшеуміз де кәсіби әртіс емес едік. Бурмистрова медицина саласының қызметкері еді, мен педагогпін. Оның үстіне, шырқаған әнің үшін телеарналар қомақты қаламақы төлемейтін. Тіпті бір тиын да төлемейтін кездер болды. Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді ғой, мен педагогтік жолды таңдадым...» Атақты үш Татьянаның елдің сүйіспеншілігіне бөленген сәттерін Мартыненко осылай деп еске алады.
Әрине, Мартыненко қалай да қазақ тілін үйренуім керек деп жаттап жүрмеді. Өмірдің өзі үйретті. Бірақ бұл Мартыненко үшін болашақ тағдырының күрт өзгеруіне себеп болды. Әрине, жақсы жағына қарай. Ең алдымен, қазақтан жақсы жар жолықтырды. Жұбайы Сәкенді, оның ата-анасын, бауырларын, ағайын-туыстарын, дос-жарандарын құрмет тұтады. Әсіресе 85 жасқа толған енесімен арадағы қарым-қатынас, сыйластық өте жоғары деңгейде. Қазақтың салт-дәстүріне де құрметпен қарайды, ұстанады. Екеуі тағдыр қосып, шаңырақ көтергенде қазақтың салты бойынша Сәкен болашақ жарын алып қашты, басына орамал жапты. Ауыл молдасы некелерін қиды, беташар болды, құдалық шақырысты. Енесі мен қайын ағаларына иіліп сәлем салды. Таңертең тұрып сиыр сауды, қара жұмыстан қашпады. Олар да келіндерін жатсынбай, жақсы көрді, еркелетті. Енді қазақтың ұрпағын көбейтіп отыр. Сәкеннің де Татьянаның отбасына деген құрметі ерекше. Отасқан күннен бастап енесі көз жұмғанға дейінгі 15 жылдың ішінде онымен арада бірде-бір рет болсын түсініспеушілік болған жоқ. Өте тату тұрды. Бірін-бірі құрметтеді.
Сәкен мен Татьянаның отбасында ерекше жағдай қалыптасқан. Отанын, дінін, сүйегін сату сатқындықтың шегі деп санайтын Татьяна өз ата-бабалары ұстанған жолдан айнымады, дінін өзгерткен жоқ. Сәкен болса ислам дінін ұстанады. Алайда бұл отбасыда көзқарас қарама-қайшылығы жоқ, болған да емес. Сол себепті бұл отбасында мұсылмандардың да, христиандардың да діни мерекелері атаусыз қалмайды. Біріне-бірі түсіністікпен қарайды. Бұл дәстүрге олардың ұл-қыздары да үйренген. Әрине, олар – мұсылмандар, бірақ аналарының да діни сеніміне қарсылық білдірмеген, құрметпен қарайды. Үлкен ұлы әжесінің тәрбиесін көрді. Қос ұлы қазақ мектебін бітірсе, қызы орыс мектебінде дәріс алады. Бірақ қазақша таза сөйлейді.
Татьяна Мартыненко сахнадан алыстағанымен, өнерден алыстаған жоқ. Қонаққа барғанда, қонақ күткенде, ағайын-туыстардың тойына барғанда тамылжытып ән салатыны бар. Татьяна үшін жанды дауыста ән айту аса қиын емес, баянын құшақтайды да, әдемі дауысымен қазақша әндерді әуелете жөнеледі. Керісінше, бүгінде белең алып кеткен фонограммамен ән айтқанды жаны қаламайды, қиналады. Сол себепті де үлкен сахнадан бойын аулақ ұстауға тырысады.
Қазақша сөйлеу Мартыненкоға тамаша тағдыр сыйлады
Последние статьи автора