Қазаққа адал Асылы

Қазаққа адал Асылы

Қазақтың аяулы перзенті, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өмірден өткеніне де көп бола қойған жоқ. Махаббат жыршысына айналған қабырғалы қаламгер азаматтық пен адалдықтың, елге қызмет ету мен шыншылдықтың үлгісін танытып кетті. Әз-ағаң ұлтын шын сүйді, ел-жұрты да ол кісіні құрметтеп, бағалай білді. Қан майданда от кешіп өткен қаламгер қазақ Тәуелсіздігіне тәубе айтып, аталы сөзімен ұрпақтың ұстазы бола білді. Көркем әдеби шығармаларды дүниеге әкелумен қатар, Әз-ағаң қашанда елдің сөзін сөйлеп, елдің мұңын жоқтап жүретін. Өмір бойы «не жақсылық болса да қазаққа болсын» деген ұстанымын өзгертпеген тұлға халыққа адал қызмет етіп жүрген жандарды жоғары бағалайтын. Жанында жүрген жақсыларға жүрекжарды сөзін арнап, жылы пікір білдіріп, олардың өнегелі істерін өзгелерге үлгі етуді парыз санайтын.
Біз бүгін оқырман назарына Әз-ағаңның белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман жайында жазған мақаласын ұсынып отырмыз. Бұл – қарт қаламгердің ақ қағазға түсірген соңғы хаты. Әз-ағаң бұл мақаланы қайтыс боларынан 12 күн бұрын жазған екен.

Ұлты басқа болса да...
Жақында «Ана тілі» газетінде жазушы, про­фессор Әбілфайыз Ыдырысовтың «Са­даға кетейін сендерден...» деген ма­қа­ласы жария­лан­ды. Ол мақаласында автор қа­зақ тілін үй­рен­ген бірнеше ұлт адам­да­рының аттарын атап, соларға шын жү­рек­тен ризашылық біл­дір­ген. Олардың ішінде орыс қызы – қазақ ақы­ны Надежда Луш­ни­кова, неміс ұлы – қазақ жазушысы Ге­рольд Бельгер, қазақ тілінен диссертация қор­ғаған әзірбайжан қызы – қазақ ғалымы Асы­лы Осман, Мұқағали Мақа­таев­тан дис­сертация қорғаған орыс қызы Анна Нос­­кова, қазақша тележүргізушілер Ок­са­на Петерс, орыс қызы Майя Веронская және бас­қалары бар. Осылардың алғашқы үше­уі­нен өзге 60-қа жуығы қазақ тілін Қа­зақ­стан Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін үй­ренген.
Бұлардың бәріне шын жүректен риза боласың. Ал осылардың ішінде алғашқы үше­уін: Н.Лушникованы, Г.Бельгерді және А.Ос­манды мен ерекше бағалаймын. Ерекше баға­лай­тыным, бұл үшеуі ұлт тіл­де­ріне қысым жа­сал­ған кешегі кеңес за­маны кезінде қазақ тілін үй­ренді. Қазақ ақы­ны, қазақ жазушысы, қазақ ға­лымы бол­ды. Надежда титімдейінен қазақша үй­­реніп, қазақша оқып, ақыры қазақ ақы­ны­на ай­налды. Ақын болғанда, қазақта ақын­дықтың екі түрі бар: жазба ақын және ай­тыс ақыны. Айтыс ақыны болу ерекше да­рынды, қиыннан теңеу тауып, лезде ой құ­растырып, табан ас­тында көркем сөзбен жауап беруді талап етеді. Бұл өнер екі қазақтың бірінің қолынан келе бер­мейді. Ең дарындылардың ғана қолынан келеді.
Мен Надяның 1965 жылы көктемде шым­кенттік ақын Қалдыбек Әлім­құ­ловпен ай­тысын өз көзіммен көрдім. На­дя­ның тап­қыр­лы­ғы, ойын өрнектеп айтуы жи­налған жұртты таң­ғалдырды. Сол жерде ай­тысты көріп отыр­ған атақты Бауыржан Мо­мышұлының Луш­ни­ко­ваның өнеріне сүй­сініп, оған алтын сағат сый­лағанын өз кө­зіммен көрдім. Лушникованың үш өлең­дер жинағы қазақ тілінде басылып шық­­ты. Надя ол жинақтарын орыс тіліне не өзі, не өзгелерге аудартқан жоқ. «Менің ана тілім – қа­зақ тілі. Мен орыс қызы болып тусам да, қа­зақ ақыны болып қаламын», – деді ол.
Ал Бельгер туралы сөз жоқ. Ол қазақ, орыс, не­міс тілдерінде бірдей жазды. Үш тілде де бір­неше кітаптары шық­ты.
Жазушы-ғалым Әбекең Ыдырысов айт­қан­дай, мен де бұлардың бәрін де бауырым деп ба­ғалаймын. Бәріне бас иіп, туыстық құрмет көр­сетемін.
Солардың ішінде Асылы Әлиқызына деген құр­метім ерекше. Өйткені ол қазақ тілін үй­ренуші, үйреніп алып, ән салушы, шығарма жазушы ғана емес, оның үстіне қазақ тілі үшін жан аямай күресуші де, күресуші болғанда қаһарман дәрежесіндегі күресуші.
 Асылыны ең алғаш қалай көргенім есі­ме түседі.
1974-1986 жылдар аралығында «Қа­зақ тілі түсіндірме сөздігінің» 10 томы шықты. Бұл баға жетпес рухани ұлттық қа­зынаны зиялы қауым жапырлай сатып ал­ды. Мен де оның 10 томын қуана жинаған едім. Бірақ 7-томын жоғалтып алып, қат­ты қайғырып жүрдім. Кітап дүкендерінің бі­рінен таппадым. Алдақашан өтіп кет­кен.
Содан бір күні сол сөздікті даярлап, бас­падан шығарған Ғылым академиясының Тіл білімі институтына бардым. Сонда қыз­мет істейтін филология ғылымдарының док­торы Әсет Болғанбаев бауырыма өті­ні­шімді айттым, «Осылай да осылай. Маған 7-томды тауып беріңдер», – деп өтіндім. Ол сол томды қолма-қол тауып, бірінші бе­тіне:
«Сүйікті жазушымыз Әзілхан ағаға!
Лексикография бөлімінің
қыз­мет­кер­ле­­рінен.
15.03.1988 жыл.
 Бө­лім меңгерушісі: Ә.Болғанбаев»

– деп жазып, қолын қойып берді.
Содан кейін Әсет мені өзімен бірге қыз­мет істейтін ғалымдармен таныстырды. Май­ра Жүнісова, Нәркес Төлегенова деп аттарын атай келіп:
– Ал мына қарындасыңыз – Асылы Ос­ма­но­ва, әзірбайжан қызы. «Қазақ тілінің тү­сіндірме сөздігін» жасауға белсене қа­тысқан кісі. Басқа ұлттың адамы бол­ған­дықтан, бұл қа­рындасыңызбен толығырақ та­нысуыңызға болады, – деді.
– Әзілхан ағайды жақсы білеміз ғой. Осы инс­титутта аспирант болып жүрген ке­зімде шық­қан ағайдың «Махаббат, қызық мол жыл­дар» кітабын жарыса оқығанбыз. Аға­мызды жа­была жақсы көргенбіз, – деді Асылы ме­німен сәлемдесіп жатып.
– Сонау Кавказдағы Әзірбайжан елінің қы­зы қалай қазақ тілінің маманы болып шық­қан? – деп сұрадым мен одан. Ол күл­ді де:
– «Адамның басы – Алланың добы» де­­ген сөз рас қой, – деп қысқа-қысқа жа­уап берді. Ара-арасында сөзін қазақ ма­қал­дарымен әдіп­теп, жосыла сөйлеп те ке­теді.
Кавказда туған қайсар қыз
Асылы Ұлы Отан соғысы басталған жыл­дың екінші жартысында Кавказда ту­ған екен. Үш жасында ол жерден ауып, Қа­­зақстанға келеді. Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының Түлкібас ау­да­нынан әке-шешесі, апа-сіңлісі бәрі – үлкен от­басы орын тебеді. Бойы өсіп, тілі шығыңқы­ра­­ған­нан кейін ауыл балаларымен асыр сала ой­­нап жүріп, әзірбайжан тілі мен қазақ тілін қа­­тар үй­ренеді. Ойы мен сөзі қос тілді болып, қатар қа­лыптасады. Тілін білгеннен кейін өсе ке­ле қазақ дәстүріне қанығады. Қазақ ойын-той­ларын жиі қызықтайды. Тіпті ол орталау мек­­тепті қазақ тілінде бітіреді. Қазақ пе­ду­чи­ли­щесін тауысып, қазақтың өлеңін, салт-са­насын, шешендік сөздерін бойына судай сі­ңі­ре­ді. Қазақ ақын-жазу­шы­ла­ры­ның кітаптарын бас алмастан оқиды. Мек­теп­те де, училищеде де үлгерімі жағынан көп­теген қазақ қыздарынан озық болып шы­ғады.
Училищені үздік бітірген соң қазақ ауы­лын­да қазақ тілінің мұғалімі болып, шә­кірт­терге сабақ береді. Одан соң ауылдан Ал­матыға келіп, Қыздар педаго­ги­калық ин­ститутының филология фа­куль­тетінің қа­зақ бөлімін үздік ба­­ғамен аяқ­тай­ды. Одан Қазақстан Ғылым ака­демиясының Тіл білімі институтының ас­пи­ран­турасын та­­уысады. М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­ман-эпопеясы бойынша «Қазақ ті­лін­дегі си­нонимдес етістіктердің семантика-сти­лис­тикалық қызметі» деген тақырыпта кан­ди­даттық диссертация қорғайды. Ауыр та­қы­рып. Бірақ жігерлі ғалым қыз өз міндетін ой­дағыдай орындайды.
– Қазақта «Шешінген судан тайынбас» де­ген мақал бар емес пе, аға. Қысылсам да қи­нал­май қорғап шықтым. Санақ ко­мис­­сиясы ма­ған бірауыздан дауыс бе­ріл­ге­нін хабар­ла­ған­да атақты ғалымдар орын­дарынан тұрып қол соқты ғой, аға! – дей­ді Асылы күлімдеп.
Содан бері Асылы осы институтта қыз­мет істеп, «Қазақ тілінің түсіндірме сөз­ді­гінің» 10 том­дығын шығаруға белсене қа­тысып келген екен.
– Сонау Кавказдан жер аударылып кел­ге­німізде туған анамыздай қарсы алған қазақ хал­қының ұрпағына ұлы қазына болатын 10 том­дық кітапты шығаруға қатыс­қанымды өзіме ти­ген өзгеше бақыт деп санаймын. Бұл том­дарға 300-ге жуық ғылыми мақалалар жаз­дым. Сіз алып отыр­ған осы 7-томның ішінде де бір­неше мақалам бар. Қазақ тіл біліміне бай­­ла­нысты шығарған бірер кітабым және бар, – деп Асылы сөзін аяқтаған.
Бұл менің Асылы қарындасымды алғаш рет көр­генім еді.
Содан 5-6 жылдан кейін Асылыны екінші рет көр­дім. Бұл кезде Қазақстан Тәуелсіз Рес­пу­блика болып, жаңа қалыптаса бас­таған. Іс­те­летін іс, алатын асулар көп. Әр жа­ңа жұмысты жүзеге асыру майдан іс­пет­тес кез болатын. Әрине, мылтықсыз май­дан. Сол кезде бұрқ етіп Ана тілі май­даны аре­наға шықты. «Ана тілі» атты жауынгер га­зет дүниеге келіп, сол ба­тыл майданның бас штабына айналды.
Бұл майданның жауынгерлері кім еді? Әрине, зиялы қауым болды. Ақындар, жазу­шылар, ғалымдар алғы шепке шықты.
Осы кезде қазақ тілі майданының алғы шебіне шыққандардың тегеурінділерінің бірі әзірбайжан қызы Асылы Осман болды. Бұл тұста ол ҚР Министрлер Кабинеті жа­нын­дағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін да­мыту басқар­ма­сының бастығы, одан кейін ҚР Ұлт саясаты жө­нін­дегі мемлекеттік тілді дамыту, терминология жә­не ономастика жөніндегі Бас басқармасының төр­айымы болып, жанын жалау етіп қызмет іс­теді.
Тіл үшін күрес
Осы күндердің бірінде мен Асылымен екінші рет кездестім. Ана тілі майданының қолбасшыларының бірі ретінде қызмет істеп жүрген ақын Мұхтар Шаханов Алматыда ана ті­лінің мәртебесін арттыруға арналған жиналыс өт­кізді. Оған Астанадан арнайы келіп, Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары Амангелді Айталы, Нұрбек Рүс­темов және басқалар қа­тысты. Көп адам қатысқан осы жиналыста Асы­лы жалынды сөз сөйледі. Сонда айтқан мына бір сөзі әлі күнге дейін есімде:
– Әр адамның ана тілі бар. Әр халыққа, әр ұлт­қа өз ана тілінен қымбат қазына жоқ.
Ана тілін қорғау – Отанды жаудан қор­ғау­мен пара-пар. Өйткені жау еліңді ша­ба­ды, же­ріңді тартып алады. Ана тіліңді та­­банына салып таптайды. Бодан елге өз тілін үстем етеді.
Ана тілінен айырылған халық барлық ұлт­тық қасиеттерінен айырылады: өнері құ­ри­ды, өзегі солады, дәстүрі тозады, санасы сар­қыла­ды, – деген еді ол.
Содан кейін үшінші рет Асылымен Жа­зу­шылар одағында жүздестім. Ана тілін қор­ғауға арналған көп адам қатысқан жиналыс болды. Бұл жиынды да Мұхтар Шаханов басқарды. Бұл жиында да Асылы Османова сөз сөйледі.
Бұл жолы да ол зиялы қауымның жа­ны­на тие­тін жалынды сөз айтты.
– Отанды жаудан сарбаздар қорғайды, – деді ол биік мінберден ашық үнмен залға жа­лынды үн қатып. – Олар Отан қорғау жолында жау­мен жағаласады: алысады, атысады. Кү­ші­нен асса – өледі. Өлгеннің орнын тірі сарбаздар ба­сып, қанды шайқасты әрі жалғастырады. Сөй­тіп барып жеңіске жетеді.
Ана тілін сақтап, оның абыройын кө­те­ру – осын­дай ұлы соғыспен тең. Бұл да май­дан. Май­дан болғанымен, қан тө­гіл­ме­генімен, жаға жыр­тылады, жан қи­на­лады. Ұлттық намыс сы­на­лады. На­мыс­та­рыңды қылыштай қыл­шыл­дата қай­раң­дар, қаһарман қазақтар. Сөйтіп, же­ңіске же­тіңдер, бауырларым, туыстарым, жаны бірге жақындарым менің!
Асылы Әлиқызымен төртінші рет мен жиын­­да, жиналыста емес, қонақта, дастарқан басында ұшырастым. Ауған со­ғысының ар­да­ге­рі, ақын Бақытбек Сма­ғұ­лов жаңа пәтерін көр­сетуге бір топ адамды үйіне қонаққа ша­қырды. Қонақ­тар­дың ішінде атақты ұстаз, Қазақстанның Ең­бек Ері Аягүл Миразова ханым, атақты әнші Майра Мұхамедқызы, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның көк туын жасаған атақты суретші Шәкен Ниязбеков ақсақал және басқа бір­сыпыра жас журналистер болды.
Осындай ресми емес дастарқан ба­сында да ана тілін ардақтау мәселесі Асы­лы­ның аузынан түскен жоқ:
– Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Көп ұлт­тың ұрпағы Қазақстанда тұрып, жанға жайлы ты­ныштықта бақытты өмір сүреді. Ендеше жал­ғыз қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болып қалуы ке­рек.
Қазақ тілін білу арқылы өзге ұлыстар өкіл­дері өздерінің достық, туыстығын күшейтеді.
Мылтықты майдан кезінде атыс қа­рула­ры­ның аузынан қып-қызыл оқтар ұшады. Ал қа­зіргідей мылтықсыз майдан кезінде сол қызыл оқ­тардың қызметін сөз ат­қарады: батыл сөз, ба­тыр сөз, жалынды сөз, дарынды сөз. Ондай сөз кімнің қо­лын­да? Жазушылардың, жур­на­лис­­тердің, зия­лы қауымның қолында, – деген сияқ­ты сөз­дер оның аузынан үнемі айтылып отырды.
«Қаным қазақ болмаса да, жаным қа­зақ!»
Асылының кейбір сөздері халық аузында мә­тел болып кеткен. Мәселен: «Қазақ бар жер­де мен бармын!», «Қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ!», «Қазақ тілін қорғау жолында қан майданға шығуға бармын!», «Қазақ тілі мен әзірбайжан тілі мен үшін бір ананың екі емшегіндей!» деген сияқты сөздер Асылының аузынан шыққан.
Мына сөзді де Асылы айтқан: «Тіл – ха­лық­тың жаны әрі ары. Сондай-ақ ол – достықтың кіл­ті, ынтымақтың бастауы, ырыс-берекенің ал­ды. Қазақ елі деген қарашаңырақтың астын­да тату-тәтті ғұмыр кешсек, ол – ең алдымен, осы қазақ халқының меймандостығы мен құ­нар­лы да бай тілінің арқасы», – деген де Асы­лы­ның сөзі.
Осындай қажырлы еңбегі үшін қазақ халқы Асылыны шексіз жақсы көріп, құрметтейді. Сол себептен де ол Түлкібас ауданының және Ал­ма­ты облысының Құрметті азаматы. Сол се­беп­­тен де ол бірнеше орден, бірнеше медаль, гра­моталармен наградталған. Осылардың үс­тіне ол Қазақстандағы Әзірбайжан мәдени ор­та­лығының төрайымы.
Асылы сияқты орта, жоғары оқу орындарын үздік бітірген қазақ қыздары аз ба? Бірақ со­лар­дың қаншасы Асылы сияқты Ана тілін (қа­зақ тілін) қорғауға қызмет етіп жүр? Аз ғой. Олар­дың көпшілігі ана тілін білмей, білгісі де кел­мей кердеңдеп жүр. Сен сондай мың қазақ қы­зынан артықсың ғой, Асылы қарындасым.
Мен сенің мылтықсыз майдандағы бұл ер­лі­гіңді кешегі қан майданда қаһармандық көр­сет­кен Мәншүк пен Әлияның ерлігіне ұқсатамын.
Қонақта Асылының сөздерін тыңдай оты­рып, мен осылай ойладым. Бұл ойымды жұрт кө­зінше өзіне айтып, оған үш рет басымды идім.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста