Қазақтың кәсіби киносы қалыптасқан бір ғасырға жуық уақыттың ішінде еліміздің тарихын, халқымыздың тағдырын, ұлтымыздың болмыс-бейнесін бейнелейтін қаншама фильмдер дүниеге келді. Кешегі өткен білікті режиссерлеріміз бен сценаристеріміздің, кино шеберлеріміздің қолтаңбасы, актерлеріміздің өшпес бейнесі қалған «Амангелді», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» секілді кинотуындыларымызды жадымыздан жоғалтпай, «Алтын қорымызда» сақтаудың маңызы зор. Ал біз болсақ, заманның ағымына ілесеміз деп өткенімізді өшірудің, жаһанданамыз деп барымыздан айырылудың аз алдында тұрмыз. Иә, кино түсірілген, түсіріліп те жатыр. Бірақ ескінің орнын жаңа басты екен деп, көнені лақтырып тастауға болмайды ғой?! Осы мәселе туралы «Қазақфильм» АҚ басшылығы енді ойланып, әрекет жасай бастапты. Бұған да тәубе делік...
Алматы қаласындағы Рысқұлов пен Розыбақиев көшелерінің қиылысында маңдайшасында «Қазақфильм» кинотеатры деп жазылған ғимарат бар. Алайда мұны қаладағы «Арман», «Цезарь», «Алатау» секілді басқа кинотеатрлармен салыстыруға да келмейді. Кезінде бұл «Мемлекеттік кино» (Госкино) ғимараты болған еді. Мұнда «Казфильмдеталь» деген кино түсіру аппараттарының бөлшектерін шығаратын зауыт жұмыс істеді. Сондай-ақ үлкен кинобилет базасы, кинопрокат, Кинематография комитетінің құрылыс басқармасы болды. Ал қазір ғимараттың бір бөлігінде жатақхана, екінші бір бөлігінде Қазақфильмнің «фильмдер қоры» бөлімі орналасыпты. Дәл осы бөлімде кешегі қазақ киносының «Алтын қоры» қайта жинақтала бастады. Ал 80 адамдық кинотеатр әзірге бос тұр...
Қазақ киносының қоры қанша?
Бүгінде «Қазақфильмде» бас-аяғы 10 мыңнан астам қор жинақталған. Оның ішінде елімізде түсірілген мультфильмдерден бастап, деректі фильмдер, төл киноларымыз, тіпті кейбір француздың, үндінің де фильмдері бар екен. Бұл қазақ халқының тұтас бір тарихынан сыр шертетін мәдени мұрасы болып табылады. Алайда соңғы 10 жылда түсірілген кинолардың бір де бірі осы қорға өткізілмеген. Қазіргі кезде көптеген тәуелсіз киностудиялар бар, түрлі кинолар түсірілуде. Сол киноларды түсіруші режиссерлер өз туындыларының бір көшірмесін қорға өткізу қажеттігін білуі керек. Бұл оның өзі үшін ең бастысы, ұлты үшін қажет.
Үйрен де, жирен!
Фильмдерді сақтау мен қор жинақтауда Бельгия мемлекеті көшбасында тұр. Бұл елде кино өнімдері «пленка» күйінде сақталады екен. Үлдірлерді сақтауда теориялық әрі ғылыми әдістер қолданылады және ең соңғы технологияның жетістіктерімен маман-кадрлар жұмыс істейді. Үлдірлерді ылғалдандыруға арналған химиялық қоспалар миллиграмына дейін өлшенеді. Ал біз әзірге қордағы фильмдерді сақтаудың әліпбиінде жүрміз. Біздің қолданып жүрген құралдарымыз — монтаж үстелі, спирт, глицерин, бархотка дейтін жұмсақ мата. Сондай-ақ арнайы технолог мамандар бізде жоқтың қасы. Мұндай мамандарды даярлайтын арнайы оқу орны да қарастырылмаған. Сондықтан мұның бәрі — болашақтың еншісінде шешілуі тиіс мәселелер.
Ресейде «Белая столба» деген ауыл бар. Ресейдің барлық кино қоры осында сақталған. Бұл жерге тіпті президент сұрап келсе де, оған бір фильм тұрмақ, бір метр пленка берілмейді екен. Олар қордағы кино өнімдерін пайдалану тәртібін қатаң заңға әкеп тіреп қойған. Ал бізде неше жылдан бері «Кино туралы» заң әлі қабылданбай келеді.
«Қазақфильм» АҚ «Фильмдер қоры» бөлімінің директоры, белгілі актер Нұрлыбай Есімғалиұлы:
– Өткен жылы «Қазақфильм «АҚ қазіргі басшысы Ермек Әмірханұлы Аманшаев маған қазақ киносының қорын жинақтап, қалпына келтіруді ерекше тапсырып, осы бір жауапты істі жүктеген еді. Содан бері қазақ кино қорын қолға алып, кешегі Кеңес Одағы кезеңінен бастап бүгінге дейінгі республика бойынша түсірілген фильмдерді жинап жатырмыз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қор құрдымға кетіп, фильмдер шашылып қалған болатын. Бір фильмнің басы бар болса, аяғы жоқ, бір фильм толығымен жоғалып кеткен дегендей. Бір ғана мысал, Алматы облысындағы Есік қаласында алты ауданды қамтамасыз етіп тұрған кинопрокат болған. Жақында сол жақта 17 жыл жатып қалған фильм үлдірлерін алып келдік. Кейбіреулер «бізге осы ескі-құсқы фильм үлдірлерінің қажеті қанша, CD, DVD дискілерге көшіріп алсақ болды емес пе, ескісін лақтырып тастау керек» деп жатады. Бір кездері талайын лақтырып та, жағып та жіберді. Бірақ мұны қастандықтан емес, білместіктен жасалған жағдай деп түсінгеніміз жөн. Жалпы, кино — жақсы болсын, жаман болсын біреудің маңдай терімен, азды-көпті еңбегімен, ізденісімен, ақыл-ойын жұмсап жасалатын шығармашылық дүние, олардың әрқайсысының тағдыры бар. Мынау түкке тұрмайтын фильм екен деп лақтырып тастауға әсте болмайды. Мысалы, Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібегі» мен Қажымұқан туралы фильмін салыстыруға келмейді. Бірінің деңгейі өте жоғары болса, бірінікі орташадан төмен. Бірақ екеуі де тарих үшін, халық үшін керек. Байқасаңыздар, кейбір фильмдердің титрларында «Останкино орталық телевизиясының тапсырысымен түсірілген» деген жазу шығады. Яғни осы фильмдер — «Останкиноның» меншігі болып табылады деген сөз. Біздің 70-80-ге жуық телевизиялық фильмдеріміз сол орталық киностудияда қалып қалған. Ал оларды қайта өзімізге қайтаруға қыруар қаржы қажет.
— Қандай жағдайда «Алтын қордағы» өнімдерді пайдалануға болады?
– «Алтын қордағы» кино өнімдерін пайдалану – стратегиялық мәселе. Мемлекеттік тапсырыс бойынша өте маңызды шараларға, айталық, егемендігіміздің 20 жылдығына тарихи материал қажет болған жағдайда жоғарыдан рұқсат хат жолдау арқылы қордағы қажетті фильмді тек көшіріп алатындай тәртіп орнату керек. Сондықтан, ең алдымен, қазіргі таңда біз көшіру аппаратына зәруміз. Қор аумағынан ешбір үлдірдің шетке шықпауы қатаң қадағалануы тиіс. Егер фильм режиссеріне бір фильм керек болды ма, ол қор қызметкерлерінің еңбегі мен көшіру аппараты үшін тиісті тиын-тебенін төлеп, өзіне керегін көшіріп алуына болады. Осы тәртіп орындалу үшін де қатаң заң керек.
Ой-түйін
Біз жерге де, кенге де, мұнайға да бай елміз деп мақтанғанда, алдымызға жан салмаймыз. Сөйте тұра байлығымыздың қызығын көруді басқаларға береміз. Сондай-ақ тарихымыз терең, құндылықтарымыз жетерлік, қазақ тіліндей шұрайлы тіл жоқ деп ауыз толтырып айтамыз да, өзіміз басқа тілде сайраймыз. Баз біреулер бізге келіп, «о, Қазақстан бай, керемет қой» десе, соған марқайып отыра береміз. Бұл біздің қанға сіңген мінезіміз бе, салғырттығымыз ба, әйтеуір осы бір қасиетімізден талай опық жесек те, басымызға бір тимейді. Өзіміздің қолда бар дүниелерімізді көзіміздің қарашығындай сақтаудың орнына жан-жаққа таратып, талан-таражға түскеніне немқұрайды қараймыз. Әбден «аузымыздағы ірімшіктен» айырылып қалған кезде жан-жақтан кінәліні іздеп, дал боламыз да қаламыз. Сондықтан бүгін тындыруға болатын істі ертеңге қалдырмағанымыз абзал болар еді...