Қазақ сахнасының Ақтоқтысы бенефисін өткізді

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

«Тарих қайталанбайды» дейміз біз... Әйтсе де тарихи сана жиі-жиі қайта жаңғыртуды талап етеді. Айталық, кәрі тарихтың сонау кезеңінде махаббат жолында жанын құрбан еткен Қыз Жібек пен Төлегендер жайлы халық жырламаса, одан бері заман дами келе ару Жібектің бейнесін киноға арқау етпесек, бүгінгі ұрпақ тамырынан ажырап қалар еді ғой. Сол секілді Ақандай серінің ғашығы Ақтоқтыны да біз сол бір кездерде дүниеден өтті, өлді де кетті дей алмаймыз. Себебі әр кезең өз Ақтоқтысын тудыруды талап етіп, біздерді сол бір ғажап бейнемен қауыштырған жандар бар. Соның бірі де бірегейі – Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  «Дарын»  мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты, «Ерен  еңбегі  үшін»  медалінің  иегері –  Райхан  Қалиолдина.
Биыл театр сахнасында жүргеніне 30 жыл толған  әйгілі актрисаның маусымның 17-сі күні Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ мемле­кеттік  академиялық  балалар  мен  жасөс­пірімдер  театрында  бенефис-кеші өтті. Осы кеш соңында құшағы гүлге толған Райхан Қалиолдинамен оңаша қалып, өнер жолына біраз саяхат жасаған жайымыз бар.
– Мен өзім Алматы облысы Ақсу ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген­мін, – деп бастады әңгімесін актриса. –  Біздің ауылда кезінде қазіргінің қаншама кәсіби театрларына бергісіз халық театры болыпты. Әйгілі Дәнеш Рақышевтің өзі сонда әуелете ән салып, қарапайым ауыл тұрғындары арасындағы тума талант әртістер өнер көрсеткен сол бір театр жайлы мен бертінге дейін әжелеріміздің тамсана айтып отырғанын еститінмін. Содан соң біздің енді бойжетіп келе жат­қан шағымызда ауыл өмірі қайнап жататын, ән-жыры өз алдына, кинотеатр­да жиі болатын үнді фильмін жаттап алсақ та, қайталап көре беруші едік. Бәлкім, менің актриса болуыма алғаш ықпал еткен осы екі жайт шығар. Сондай-ақ ауылдарда ол кезде көркемөнерпаздар үйірмесі жақсы жұмыс істейтін, солардың барлығына қатысып, ән салып, би билеп өстік. Алайда әке-шешелеріміз сол тұста «әртіс болам» деген сөзімізге өре түреге­летін, «ол не деген сұмдық, қыз баланың орны сахна емес» деп тыйып тастайтын кез ғой. Мені де үйдегілер «нархозға» түседі деп дайындалып отырса керек. Бірақ мен еркелігім, асаулығым да бар, өз дегенімнен қайтпай, Өнер институтына түсіп кеткенімде, алғаш тіпті ата-анам да  сенбей қалды.
Ауылда ән салып, би билеп, жыр оқу бір бөлек те, кәсіби сахнада, мыңдаған көрермен алдына шығудың не екенін Райхан қыз осы өнердің оқуына түскен кезде бір-ақ білді. Әрине, кеудесінде құштарлық оты тұнған жастың жолындағы қандай қиындықты болсын жеңетіні сөзсіз, әйтсе де өнер жолын алғаш бастаған шақта кімнің де болсын алдағы асау толқындардан қорқатыны тағы бар.
– Мен әйгілі актриса Шолпан Жан­дарбекованың курсына қабылдандым, бірақ мені соған дейін дайындаған Татьяна Қасымқызы Наурызбаева бола­тын. Бір таңғалатыным, кейде адамды өз еркінен тыс бір тылсым күш болашақ тағдырына жетелей түсетін секілді. Мәсе­лен, Татьяна апайым ең алғаш мені Шолпан Жандарбековаға таныстырғанда, «міне, саған Ақтоқтыңды алып келдім» деп айтқаны есімде. Шынымды айтсам, мен ол кезде Ақтоқтының кім екенін білмейтінмін де. Бірақ Құдайдың құдіреті менің өнер жолымды осы арумен әкеліп байланыстыра берді. Ал «Ақан сері – Ақтоқты» мен үшін өнердегі үлкен бір мектеп болды. Шын өнердің не екенін мен алғаш сол арқылы таныдым. Оның үстіне ол туындының авторы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің өзі бірінші күнінен бастап, өле-өлгенше бір рет те жібермей көрді. Өзі келіп құттықтап, маңдайымнан сүйіп, ақ батасын беріп кетті.
Қазір Райхан Қалиолдина қызмет ететін театр сол Ғабең – Ғабит Мүсіреповтің атында. Жалпы, алғаш қазақ сахнасына Ақтоқты болып жарқ ете түскен актриса содан бергі 30 жылдық  өнер жолында, сондай-ақ Т.Минуил­линнің «Диляфруздың төрт күйеуінде» – Диляфрузды, Ә.Тауасаровтың «Сен жанбаса­ңында» – Жанар сұлуды,  С.Сматаевтың  «Зар  заман»  қойылымында – Қолаң сұлуды,  А.Островскийдің «Адам аласы ішінде» дра­ма­сында – Машеньканы,  Н.Мирошничен­коның  «Алау  жалды  арғымақ»  спектаклінде – Оксана, С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» лирикалық драмасында – Жібекті,  «Ең әдемі келіншекте» – Мәдинаны, М.Байд­жиев­тің «Ерте, ерте, ертеде» спектаклінде – Зылиханы,  М.Алшынбаевтың «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде – Айғанымды,          Ш.Мұр­тазаның «Жетім бұрыш» драмасында – Сырғаны, тағы  да  басқа  көптеген рөлдерді сомдады. Жалпы, осы ретте өзінің актриса болып қалыптасуына, бір кейіпкерді екінші біріне мүлдем ұқсатпай сомдауды, әр кейіпкерді көрермен жүрегіне жеткізе білуді үйреткен ұстаздарына Райхан Қалиолдина аса ерекше тоқталды. 
– Менің ең бір қуанатыным – Райымбек Сейтметовтей теңдессіз ғажап адам, режиссер-педагогтің қолына түскендігім. Дәл ондай ұстаз, ол кісідей керемет мәдениетті әрі сондай мейірімді, сабырлы режиссерді кездестірмеппін. Ауылдан келген сарыауыз балапан талай баланың, оның ішінде менің де актриса болып қалыптасуыма ол кісі аянбай кірісіп, әрбір нәрсені тәптіштей түсіндіріп, талай жайтқа көзімді ашты десем болған­дай. Жалпы, өнер, сахна деген әлемге есік ашып берген осы Райымбек Сейтме­тов ағамыздан бастап, Шолпан Жандар­бекова, Татьяна апайым, содан соң Ата­гел­ді Смайылов, Мәкіл Құланбаев, Әмина Өмірзақова, Лидия Кәден, Гүлжа­мал Қазақбаева, Талғат Теменов сынды аға буын, тәжіри­белі әртіс аға-апаларым.
Әйгілі актриса, Қазақстанның  еңбек  сіңір­ген  қайраткері,  «Дарын»  мемлекеттік  сый­лы­ғының  лауреаты, «Ерен  еңбегі  үшін»  ме­да­лінің  иегері Райхан Қалиолдинаның соң­ғы  жылдары  ойнаған  рөлдеріне  тоқта­лар  болсақ, олар: Э.Хушвақтовтың «Сүйе біл­сең...» лирикалық комедиясында – Сайда­бану,  И.Турсунов, В.Умардың  «Мың бір күн»  мюзиклінде – Ана,  Д.Родаридың «Чиполлино және оның достары» атты балаларға арналған  ертегісінде – Асқабақ, Ғ.Мүсіре­повтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында – Дәмелі, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясында – Сатты, М.Ахмановтың  «Нау­рыз-думан»  балаларға  арналған  музы­калы-танымдық ертегісінде – Көктем, Б.Мұ­қайдың «Шындық детекторы» спектаклінде – Сәния, Ә.Таразидың «Жақсы кісі» траги­комедиясында – Балзия,  Т.Теменовтің  «Шы­ғыс  сазы»  музыкалық  хикаясында – Аспаз  қыз,  т. б. Әсіресе тұсауы осы таяуда ғана кесілген «Жақсы кісі» қойылымының орны  ерекше, себебі оны автор, жазушы Әкім Тарази актрисаның өзіне әдейі арнап жазған еді. Ал өнер адамы үшін ол – мың алғысқа бергісіз құрмет. Сондай-ақ Р.Қалиолдина – отандық киностудиялар түсірген бірнеше кинофильмдерге  де  түсіп, киносүйер қауы­м­­ға танылып үлгерген актриса. Солардың  қата­рында: «Рэкетир» фильміндегі – Ана, «Ана жүрегінде» – Сәуле, «31» арна ұсынған «Базар­баевтар отбасы» телехикаясындағы – Айғаным  бейнесін  атап  өтуге  болады.  Ол  және  де  өткен  жылы  КТК телеарнасы  тұ­сауын  кескен  «Бешбармақ-шоу»  бағдарла­ма­сының  алғашқы  жүргізушісі  ретінде  теле­кө­рермендерге  етене  таныс.  Оның сыртында талай жарнама роликтері тағы бар. Бірақ бір ғажабы, актриса «болдым, толдым» деген сыңай танытудан бойын аулақ ұстайтынын аңғартты. Сөз соңында, ол кісі бір кездердегі ауыл мәдениеті мен бүгінгі көрерменнің мұқтаждығы жайына тоқталып, бізді де ойлантып тастады. 
– Шіркін, сол кезде ауыл қандай еді?! Тіпті кіп-кішкентай ауыл болса да, өзімен-өзі біте қайнаса араласып, өнер мен мәдениеттен мейірлене жұтып, ұл-қызы өмірге құштар болып өсетін. Қазір ауылда дәл сондай өмір жоқ, өкінішке қарай. Үлкен әртістер келетін шағын ауылға, ал қазір өзіміз әртіспіз ғой, облыс орталық­тарына, болмаса ауыл түгіл, аудан орта­лы­ғына да бармаймыз, себебі барлығы қаржыға келіп тіреледі. Сонда ауыл жұрты не көреді деп ойлап, ішім ашиды. Біз қазір жастар театрға келмейді деп кінәлаймыз. Ал, шын мәнінде, жастардың көбі сол ауылдардан, ал ауылда театр дегенді көрмесе, білмесе қалай келмек? Бұл бір дейік, екінші бір байқағаным, бізде қазір жасөспірімдер мен студент­тердің дәл бүгінгі жағдайын бейнелейтін қойылымдар жоқ. Не тым ересек, не тым бүлдіршіндерді қамтиды екенбіз. Ал соның аралығындағы 12-13 жастан бастап, нағыз жастық шақтың қайнаған кезі – студенттік кез жайлы, жаңа, заманауи қойылым жоқ деуге болады. Бірен-саран барының өзі сонау бір кез­дер­де кеңестік үкіметтің сарынында жазыл­ған шығармалар. Заманның тыны­сын тап басатын туындыларға, бәлкім, бәйге жарияласақ та, бір жағына шықпа­сақ болмас. Себебі «әй, олай етпе, өйтпе, бүйт» деп мың рет айтқанша, одан да жастық шақта кездесетін түрлі қиындық­тар мен қызықтар жайлы қойылым көрсетсек, онда оны бір-ақ рет көрген соң санасында саңылауы бар жас көрермен талай сабақ алар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста