Алматы қаласындағы «Мереке» баспасынан он томдық Қазақ поэзиясының антологиясы жарыққа шықты.
Осы орайда, ертең, 4 ақпан күні сағат 15-00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында таныстырылым рәсімі өтеді.
«Мереке баспасы» Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен және қолдауымен «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясын жарыққа шығарды. Қазақ кітап басу тарихында тұңғыш рет 1977 жылы екі томдық қазақ совет поэзиясының антологиясы және белгілі әдебиетші Сауытбек Әбдірахманов құрастырған (2007 жыл, «Раритет» баспасы) екі томдық антологиядан басқа бұрын-соңды қазақ халқының арғы тарихынан белгілі баба жыраудан бастап бүгінгі жас таланттарға дейін мейлінше толық қамтылған көлемді 10-томдық антология оқырман қолына тиген емес.
10-томдықтың І-томы ұлы бабамыз тасқа қашап жазып кеткен данышпандық жырлары мен түрік қағанатын құрған Құтылығ қағанның ұлы Күлтегін қағанның ел шежіресінен басталады. Күлтегін мұрасының еркін әдеби нұсқасын жасаған ақын Темірхан Медетбек.
«Қазақ ақындарының басын құрап, он томдық жинақ шығару жөнінде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастама жасаған болатын. Содан кейін ақындардың шығармаларын жинау, іріктеу, баспаға дайындау жөнінде көптеген жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде тұңғыш рет осындай он томдық жарыққа шығып отыр. Онда қазақ тарихындағы жыраулардан бастап қазіргі ақындардың басым бөлігі қамтылды. Бұл көлемді жинақ өмірден өтіп кеткен жыр жампоздарына көрсетілген ерекше құрмет деп есептейміз. Сондай-ақ бүгінгі таңда әр өңірде жүрген ақындарға да жасалған үлкен қолдау болады деп ойлаймын»,- деді белгілі қаламгер, аталған антологияны құрастырушы Мереке Құлкенов.
Осы он томдық жинақтың қазақ поэзиясын зерттеуші ғалымдар мен сыншыларға да зор пайдасы тиетіні анық. Жыр сүйер қауым үшін де рухани байлық болмақ.
678 ақынның басын қосып, 3000 данамен жарық көрген осынау жыр жәдігерінің әр томы көркем безендіріліп, әр ақынның бейнесі суретшінің қылқаламымен салынған. Бұл жинақтан суретші Алтай Айтжанов қолтаңбасын көреміз. Антологияны құрастырғандар Мереке Құлкенов пен Гүлсім Мұқышева. Алғысөзін жазған ақын Темірхан Медетбек.
Мереке Құлкеновтің айтуынша, он томдық антологияның таныстырылым рәсіміне ақындар, сондай-ақ өмірден өтіп кеткен Жұбан, Ғафу, Қадыр, Тұманбай және басқа жыр саңлақтарының жұбайлары шақырылып отыр.