Қазақ мәдениетінің жауһар мұралары әлемдік тізімнен тыс қалуға тиіс пе?..
Ресми мәліметтерге жүгінсек, биылғы жылдың қыркүйек айында ЮНЕСКО күллі адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары мен шұғыл түрде қорғалуға тиісті осы сипаттас рухани құндылықтарының тізімін бекітеді. БҰҰ-ның материалдық емес мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеті аталмыш тізімді жасау мәселелері бойынша бұған дейін де бірнеше отырыстар өткізген. Жалпы, материалдық емес мәдени мұра дегеніміз не? Оған не кіреді? Оны қорғау қажеттілігі неден туындап отыр? Жалпы, осы мәселеге біздің ынта-ықыласымыз қаншалықты?..
Мәселенің мәнісі
Жаңа ғасырдағы модернизация мен жаһандану процесіне байланысты материалдық емес мәдениеттің көптеген формалары ұмытылып, тіпті мүлде жойылып кетудің алдында тұр. Өйткені қоғамда белгілі бір дәстүрлердің өсіп-өркендеуіне, дамуына қажетті жағдай болмай барады. Соған орай халықаралық қауымдастық материалдық емес мәдени мұраның қолданыстан шығып бара жатқан түрлерін табиғи ортасында сақтап қалу, дамыту жолдарын қарастыруда. ЮНЕСКО-ның 2003 жылы өткен конференциясында «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау мәселелері жөніндегі» Конвенция қабылдануы да сондықтан. Ал енді аталмыш терминнің түсінігіне келетін болсақ, ЮНЕСКО анықтамасы бойынша, «материалдық емес мәдени мұра дегеніміз – адамзат ақыл-ойының көрінісі есебіндегі – сөз өнері, музыка, би, білім мен білік және солармен байланысты мәдени кеңістік, ұлттар мен ұлыстардың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері, кәсіптері». Мәдениет пен өнердің жоқшысы болып жүрген осынау мәртебелі ұйым Конвенция қабылданбай тұрып-ақ, материалдық емес мәдени мұралардың көптеген объектілерін өз қанатының астына алып та үлгерген. Олардың қатарында қытайдың Кунку операсы, сицилиялық марионеткалар театры, Эквадор мен Перу халықтарының ауызекі эпостары, грузиндердің көп дауыста ән айту өнері, Угандада сақталған, ағаш қабығынан мата дайындау тәсілі тәрізді бірегей құндылықтар бар.
Небір алмағайып замандардағы уақыт сынына төтеп беріп, бүгінге қаймағы бұзылмай жеткен жауһар дүниелерді аяқасты етпей, қашанда бағасына жете білген жөн. Бүкіл әлем бояуы тез оңатын арзан дүниелерге алданып, жақсы мен жаманды ажырата алмауға айналып бара жатқан қазіргідей өлара кезеңде бұл тіпті аса қажет те. Дегенмен бір анығы, адамзаттың материалдық емес мәдени жауһарлары – жаһандану нөпіріндегі қорғансыз халі айтарлықтай алаңдататын, ал өзіне ғана тән өрнегі, бай нақышы кеудеге мақтаныш сезімін ұялататын құнды мұра болып отыр.
Құндылықтың қайнар көзі
Жоғарыда айтқанымыздай, ЮНЕСКО күллі адамзат ақыл-ойының айрықша жемісі іспетті айтулы дүниелердің тізімін жасауға кірісіп кетті. Қарапайым тілмен айтқанда, сол тізімге енетін материалдық емес мәдени мұралар белгілі бір ұлттың, ұлыстың символы немесе эмблемасы іспетті болуы тиіс. «Ендігі мәселе – өнері мен мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі тұрғысынан алғанда, қазақтың да әлемдегі кез келген халықпен терезесі тең ұлт екенін әйгілей алатындай қандай керемет шедеврі бар?!» дегенде, ең әуелі ойға 500 жылдық тарихы бар «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры оралады. Одан кейін «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Көрұғлы» іспетті, басқа да толып жатқан батырлық дастандары... «Алпамысты» «өзбектің жыры» деп өзеуреп жүрген ала шапанды ағайындардың түпкі мақсаты да ЮНЕСКО-ның әлгі тізіміне оны өздерінің ұлттық мұрасы ретінде тіркету екен. Бір тіркеліп кетсе, әрине, сосын өзгерту қиын. Сондықтан әдебиеттанушы ғалымдарымыздың «Алпамыс» пен «Көрұғлы» дастанына, Қорқытқа, ұлтаралық таласқа негіз болып жүрген басқа да мұраларымызға қатысты мәселелерге орай әуелі өздері бір пәтуаға келіп, сосын оған өзгелерді де иландыруға тырысса, тіпті дүдәмал дүниелердің «түркі халықтарының ортақ мұрасы» ретінде қабылдануына ықпал етсе, құба-құп болар еді.
Былай ойлап қарасаң, халқымыздың өзінің бүкіл мәдени мұрасын ауызша шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таратқанының өзі – ерекше құбылыс. Таңды-таңға ұрып, небір қисса, дастандарды жатқа айтқан кешегі жыршы-жыраулардың зердесі – неткен зерде! Жалғыз айыбы, бүгінде иттің итақайы да білетін «ағылшын тілінде емес» демесең, ғибратқа толы тағылымды терме-толғауларды қалайша даналықтың, кемеңгерліктің көзі демессің?! Ал бір қарағанда, тіпті көзге қораштау көрінетін қарапайым домбырамен-ақ симфонияға бергісіз шығармалар туғызған әнші-күйшілеріміздің қайталанбас өнеріне қалай тәнті болмассың?! Жаңа туылған сәбиін бесік жырымен әлдилеуден бастап, дүниеден өткен жақынын жоқтау айтып шығарып салатын, яғни бүкіл өмірі әнмен өріліп, өнермен астасып жатқан киелі салт-дәстүр қазақтан өзге қай халықта бар?! Қысқасын айтқанда, бояуы бәсең тартқанымен, күні бүгінге дейін тіні үзілмей келе жатқан мәдени құндылықтарымыз көп. Тілі тұралап, діні шатқаяқтаған түрлі кезеңдерді басынан кешіргеніне қарамастан, қазақтың «қазақ» болып сақталып қалғанының өзі де – бәлкім, көңілінің төріне мықтап орныққан тап сол ұлттық құндылықтардың арқасы... Яғни әлемдік ақыл-ой мен шығармашылық қуат көрінісінің үздік үлгілері қатарына енуге лайықты жауһар дүниелеріміз жетіп артылады. Бізге тек соларды, бүгінгі тілмен айтқанда, дүниежүзілік бренд деңгейіне көтере алатындай біліктілік қажет.
Қорыта айтқанда...
Еліміздегі Мәдени саясат және өнертану институтының ғылыми хатшысы Ғалия Теміртонқызының айтуынша, материалдық емес мәдени мұраны зерттеп-зерделеумен бізде әр сала өзінше айналысып жатыр. Яғни әдебиетшілер сөз өнері мұраларына, музыкатанушылар ән-күйге, биге, этнографтар ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты зерттеулер жүргізген және олардың бәрі әдеттегі ғылыми жұмыс ретінде қарастырылған. Ендігі кезек күттірмес міндет – материалдық емес мәдени мұраларды мақсатты түрде жүйелеп, каталогын құрастыру. Каталогқа енген нәрсенің бәріне сипаттама беріліп, өзіндік паспорты жасалады және әрбір мұраның қорғалуына мемлекеттік тұрғыда жауапкершілік болады.
Сайып келгенде, осының бәрі – азаматтық қоғам мен демократияның маңызды факторларының бірі ғана емес, әр елдің өзіндік «менін», өзіндік бітім-болмысын сақтап қалуға тырысуы. Бәлкім, кез келген халықтың тарихи тамыры, танымы бар іргелі ұлт ретінде қалыптасуының негізі де мәдени мұраға деген жауапкершілікті сезіне білуінде болса керек...
Бір пікір
Ғалия ТЕМІРТОНҚЫЗЫ, ғылыми хатшы:
– Әрбір сала ғалымдарының басын қоса отырып, қазақ руханиятындағы материалдық емес мәдени құндылықтардың тізімін жасау – әрине, өте өзекті мәселе. Бірақ сол тізім жасалған күнде де ЮНЕСКО оны әзірге қабылдамайды. Өйткені ЮНЕСКО-ның әр мәселеге байланысты жеке-жеке құжаттары бар. Және әрқайсысы мемлекеттік тұрғыда ратификациялануы керек. Былайша айтқанда, аталған мәселеге байланысты Конвенцияға Қазақстан тарапынан қол қойылмаған. Ал «неге?» дейтін болсақ, оның мүшелік жарнаға т.б. қатысты өзіндік себептері болуы мүмкін...