Вернер Линден, неміс музыкатанушысы, композитор:
The Spirit of Tengri фестивалі өзіне этникалық музыка орындаушыларын ғана емес, әлемге әйгілі зерттеушілерді де тарта бастады. Жуырда осы фестивальдың ұйымдастырушыларымен кездесуге Германияның Майндағы Франкфурт қаласынан танымал композитор, музыкатанушы Вернер Линден келді. Қазақ әуендерін асқан ынтызарлықпен зерттеп жүрген 55 жастағы Линден мырза елімізге келуді бұрыннан армандаған. Оны достары әзілдеп, «қазақ музыкасымен есі кеткен адам» деп атайды. Ұлттық музыкамызға ессіз ғашық өнертанушы біздің басылымға оңаша сұхбат берді.
– Доктор Линден, сізді «қазақ музыкасымен ауыратын адам» деп жатады. Сол себепті де болар, The Spirit of Tengri фестивалін ұйымдастырушыларды өзіңіз іздеп тауып алыпсыз. Қазақ музыкасына әуестігіңіз қай кезден басталды?
– Иә, бұл маған жиі қойылатын сұрақ – «Неліктен қазақ мәдениетін зерттейсің, несімен қызықтырады?» деп сұрап жатады. Мұны басқалар түгіл, менің қасымдағы әріптестерім де, Германияда оқып жатқан қазақ студенттері де түсінбейді. Негізі, менің жүрегімдегі қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен талпыныс осыдан сегіз жыл бұрын, яғни 2004 жылы басталды. Бірде менің назарыма акцентпен сөйлейтін өте әдемі әріптес қыз ілікті. Мен одан қай елден келгенін сұрағанымда, ол қыз «Қазақстаннан» деп жауап берді. Шынымды айтсам, мен ол қыздан көп жас үлкен едім. Бәлкім, ондаған жылға жас болсам, қазақ қызына ғашық болып қалар ма едім. Ол кезде Қазақстан жайлы мүлдем хабарым жоқ, тек КСРО-ның құрамында болған мемлекет ретінде хабардар едім. Сол уақыттан бастап, менің қазақ жеріне, еліне, мәдениетіне деген қызығушылығым артып, зерттей бастадым. Алдымен картадан іздеп тауып алдым, кейін ғаламторға кіріп, «Қазақстан мәдениеті» деп іздегенімде еш мәлімет табылмады. Бірден қазақтың мәдениеті жайлы басқаша жолмен іздене бастадым. Мен әуел бастан Қазақстанда түрлі мәдениеттің тоғысып жатқанын, жерінің тарихқа толы екенін түсіндім. Сол себепті қазақтың дәстүрлі музыкасы мен халық әндерін тауып, ұлттық аспаптарының дыбысын есту мен үшін аса қызық болды. Ғаламторда Қазақстан жайлы ақпараттың барлығы – орыс және қазақ тілінде ғана. Бірақ көп ұзамай интернеттен қазақстандық «Үркер» тобының жеке сайтын таптым. Ұлттық аспаптарыңыздың үні мен жалпы халық әндерін алғаш естігендегі әсерімді қазір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Кейін Германиядағы қазақ студенттерімен кездесіп, интернет-форумдар ұйымдастырдым. Қазақстандағы атақты сазгерлермен де байланыс орнатып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен бірлесіп жұмыс жасай бастадым. Тығыз қарым-қатынас қалыптасқаннан кейін қазақ мәдениетін тану одан әрі қызықтыра түсті. Міне, осылайша, қазақ музыкасын зерттеу басталып кетті. Ал The Spirit of Tengri туралы білгеніме аз уақыт болған жоқ. Ғаламтордан күн сайын Қазақстанда болып жатқан шараларды естіп, біліп, оқып отырамын. Қазақ музыкасын тудырған ұлы сазгерлеріңізді, тарихтарыңызды, бұған дейін ұйымдастырылған «Азия дауысы» сияқты байқауларыңызды да білемін. Сондықтан бұл фестиваль жайлы да білу қиындық туғызған жоқ. Ести сала, Қазақстандағы әріптестеріме хабарласып, шараның бағдарламасын беруді өтіндім. Маған Германияда тұрып қазақ музыкасын зерттеу оңай емес. Сондықтан бұл фестивальға әдейі келіп, қазақ халқын өз көзіммен көріп, дәстүрлі музыка мен ұлттық аспаптардың үнін өз құлағыммен естуге бел будым. Міне, бұл мақсатыма да жетіп, Қазақстандамын және өте қуаныштымын. The Spirit of Tengri-ге қатысып, өзіммен бірге бірнеше тың дүниені ала кететін болдым. Себебі мен үшін қазақ мәдениетіндегі әрбір жаңалық маңызды.
– Еуропада мұндай фестивальдар жиі өте ме?
– Иә, Еуропада да дәстүрлі музыка фестивальдары өтіп тұрады. Бұған дейін бірнеше байқауды тамашаладым. Әрдайым қазақтың сол фестивальдарға қатысуын тілеп, күтіп жүремін. Бірақ, өкінішке қарай, бірде-бір рет «қазақстандықтар келіпті, қатысады екен» дегенді естіп те, шақырылғанын көрген де емеспін.
– Батыс жұрты көбіне қазақ музыкасын түркітілдес өзге халықтардың әуенінен ажырата алмай жатады...
– Жасыратыны жоқ, қазақ музыкасын зерттеп, енді-енді әуестене бастаған шақтарымда менде мұндай сәттер болды. Бірақ уақыт өте келе қазақтың төл музыкасын сезініп, жүрегіме жақын тарта берген сайын өзге ешбір елдің әуенімен шатастырмайтын болдым. Қазір мен білемін, қазақ музыкасының мелодиясы өзгеше, ешбір ұлттікіне ұқсамайды. Шынымды айтсам, кей кездері қазақ әуендерін еуропалық музыкаға ұқсатамын. Біраз уақыт тыңдап отырсам, ырғақтарымен, жұмсақтығымен, жанға жайлылығымен және тез жатталып қалатындығымен ұқсайтын сияқты. Ал өзге түркітілдес халықтардың музыкасында ноталар тым ұзақ, қазақ музыкасындай есте қала бермейді. Сондықтан қазір қазақ музыкасын қандай жағдайда да ешбір елдің музыкасымен шатастырмаймын деп толық сеніммен айта аламын.
– Линден мырза, қалай ойлайсыз ұлттық музыкамызды әлемге насихаттау үшін не істеу керек?
– Әлемде ұлттық музыканы бүкіл әлемге паш етіп, оны насихаттауда алдына жан салмайтын мемлекеттер өте көп. Ал олар мұны қалай жүзеге асырады? Музыкатанушы болғандықтан, әрине, барған елдің тәжірибесіне жіті көңіл бөліп, біле жүремін. Көптеген елде ұлттық музыканы насихаттау үшін халықаралық байқаулар ұйымдастырылады және ол байқаулар жылына бір рет емес, бірнеше рет өтеді. Кез келген мемлекетте өздеріңіздегідей Мәдениет министрлігі бар. Сондай-ақ ірілі-орталы кәсіпорындар да жұмыс істейді. Оларға үкімет тапсырма беріп, ұлттық музыканы насихаттау үшін ұйымдастырылатын шараларды қаржыландыруды міндеттесе, байқауларды да соғұрлым жиі өткізуге болады. Демек, ұлттық музыканы кең танымал етуге болады. Тек бұған қомақты қаржы қажет. Бұл – қай елде болмасын бірінші орындағы мәселе. Сондықтан егер үкімет бұл сұрақты қолға алып, қолдау көрсетсе, әлемге таныту соншалықты қиын демес едім. Тағы бір айтарым, халықаралық байқауларға жиі қатысып тұру – ұлттық музыканы насихаттаудың тиімді жолы.
– Бізде домбыраның электрленген түрі жасалды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Иә, шынымен-ақ, домбыраның электрленген түрін жасап шығару өте тамаша идея болған. Бұл домбыралардың «Алдаспан» тобымен танылғанын білемін. Әлі есімде, тұңғыш рет электрдомбыраның үнін естіген кезде одан шыққан дыбыстың тазалығына қатты таңғалдым. Тіпті ондай ерекше домбырадан шыққан үн электргитараның үнінен де артық, асып түсті деп айтуға болады. Егер домбыраны осы қарқында насихаттап, түрлерін көбейте берсеңіздер, бұл аспаптың бүкіл әлемге танылары анық. Домбыра – тек өзіне ғана тән қоңыр үнін еш уақытта жоғалтпайтын, қасиетті аспап. Сондықтан бүгінгі таңда оның электрленген түрінің қаншама жұртты таңғалдырып жатқанына қатты қуанамын.
– Қазақ музыкасымен байланысты қызықты оқиға айтып берсеңіз?!
– Сұрағыңыз да өте қызықты екен, бірақ ешбір оқиға ойыма оралмай отыр. Мүмкін болмаған да шығар. Бірақ мен қазақ музыкасына қатысты бірнеше қызықты аңыз білемін. Оның ішінде «Ақсақ құлан», «Қобыз туралы аңыз» бар. Оларды оқығанды жақсы көремін, өте қызықты.
– Сізге қазақтың халық әндері ұнай ма, әлде күйі көбірек ұнай ма?
– Мен қазақтың халық әндерін де, күйлерін де сүйіп тыңдаймын. Сол себепті екеуіне теңдей баға беріп, бірдей қараймын десем дұрыс болар. Қазақтың дәстүрлі әндерінің де, күйлерінің де құрылымы ерекше. Тыңдаған сайын рақаттанып, жаным жайланып сала береді.
– Құпия болмаса, айтыңызшы, қазір қандай әндерді тыңдап жүрсіз?
– Қазір мен «Үркер» тобының соңғы жинағы «Толғауды» тыңдап жүрмін. Бұл топтың әнді орындау шеберліктері өте керемет. Кез келген әнді жүректен шығарып айтады. Сондықтан болар, олардың орындаған кез келген ән-күйінің ішіне кіріп кеткендей әсерде боламын.
– Қазақтың музыкасы қазіргі заманғы музыканың қандай ағымдарымен үйлеседі?
– Қазақ музыкасында қазіргі заманғы музыкалық ағымның барлығы да бар деуге болады. Соның ішінде классикалық ағым басымдау сияқты. Әрине, зерттеу жұмыстары енді бастала бастаған кезде бұл сұраққа жауап беру мен үшін аса қиындық туғызды. Бірақ уақыт өте келе қазақтың біраз сазгерімен танысқаннан кейін бұл жайлы танымым кеңейе бастады. Қазақта дәстүрлі музыканы туғызғандар мен дамытқан таланттар өте көп. Айта кету керек, мысалы, Қуат Шілдебаев. Бұл сазгердің туындылары маған қатты ұнайды. Тағы бір білерім: Қ.Шілдебаев «Ұлжан» фильміне арнап музыка жазған. Классика демекші, қазақтың қылқобызына жететін әлемде аспап бар ма?! Қобыз көне аспап болса да, оркестрге де қосыла алады. Шілдебаев мырза да қобызды оркестрге қосып, көптеген әдемі музыканы жарыққа шығарған. Бірақ олар өте ескі. Одан басқа, сазгер Ақтоты Райымқұлованың «Толғау» атты симфониялық поэмасын атап өткім келеді. А.Райымқұлова фантастикалық туындыларды дүниеге әкеле біледі.
– Линден мырза, біз де сіздің Қазақстанға келгеніңізге қуаныштымыз. Айтыңызшы, The Spirit of Tengri фестивалінен не күтесіз?
– Біріншіден, өзіме рухани азық табамын деп сенемін. Екіншіден, тек монитордан көріп жүрген қазақ халқын енді өз көзіммен көріп, танысатын болдым. Бұл да қазақ музыкасындағы бірталай сырды шертіп, білмегенімнің орнын толтырары сөзсіз. Үшіншіден, осыған дейін неше түрлі фестивальды көрсем, енді қазақ жерінде өтіп жатқан бұл жобаны солармен салыстырып, жақсы жақтарын Еуропаға айта баратын болдым. Бәлкім, ол жақтағылардың ойына келмеген ерекше идеялар осы фестивальдан табылар. Сондай-ақ қазақ музыкасының ерекшелігін, ұлттық аспаптарыңыздың құдіретін, қазақ халқының қонақжайлылығын да Еуропадағы әріптестеріме мақтана айтып баратыным анық.
– Қонақжайлылық демекші, редакциямызға тақиямен келген екенсіз. Сыйлық па?
– Иә, Алматыдағы әріптестерім мен достарым үйлеріне кезекпен-кезек қонаққа шақырып жатыр. Дастарқан жайып, шапан да кигізді. Мына тақия да – достарымның сыйлығы. Қазақстанға келгенім үшін қалай қуанып жүргенімді білсеңіз ғой. Сізбен сұхбаттасу да көңілімнен шықты...
– Әңгімеңізге көп рақмет!