Қазақ баласына арнап би әліппесін жазған ұстаз

Қазақ баласына арнап би әліппесін жазған ұстаз

Көрермен сахнадан әдемі әуеннің ырғағымен мың бұрала билеген бишіні, әсіресе балет бишісін көргенде оның өнеріне таңдай қағып, тамсанып жатады. Алайда есімін ел танитын бишіні осынау әсем өнерге баулып, нағыз өнер иесі етіп шығаратын ұстаздардың есімін де, еңбегін де біріміз білсек, біріміз білмей жатамыз. Машақаты мен қызығы қатар жүретін жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалаған хореограф мамандар болашақ бишілердің дарынын шыңдап, алғаш би әліппесімен таныстырады. Осындай өз мамандығына адал жанның бірі, биші, ұстаз – Қуаныш Майлинқызы Жақыпова. Қазақ балаларын классикалық бидің қыр-сырына қанық етіп, тұңғыш рет қазақ тілінде «Би өнерінің әліппесі» атты оқулық жазған ұстаз есімін оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз.

kuanysh-mailinkyzy

Қуаныш Майлинқызының Алматы қаласындағы А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде қызмет еткеніне биыл 45 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қуаныш Жақыпова балет өнерінің бірнеше буынын тәрбиеледі. Білікті ұстаздың шәкірттері тек Қазақстанда ғана емес, біршама алыс-жақын шетелдерде жұлдыз атанған. Кеңес Одағының халық әртісі Наталья Чеховская, ҚР халық әртісі Сара Нұрсұлтанқызы, Қазақстанға еңбегі сіңген әртістер Людмила Ли, Ләйла Әлпиева, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, профессор Меңтай Тілеубаев, Мюнхендегі «Абсалют» театрының бас балет бишісі Мария Эйхвальд секілді аттары әлемге әйгілі бишілер Қуаныш Майлинқызынан дәріс алған. Сондай-ақ дәл қазіргі кезде А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищеде Қуаныш Жақыпованың шәкірттері Назира Абдуллина, Светлана Медеубаева, Бақыт Сүлеева, Анвара Садықова сияқты мұғалімдер дәріс береді.

Жастайынан биге құмар Қуаныш Майлинқызы алғашында гимнастикамен айналысып жүреді. Күндердің күнінде ол Ресейден қаржы табу үшін келген балеринаны көреді. Сол сәттен бастап өнерге жаны құмар жастың көз алдынан пуанты киіп, аяғының ұшымен билеп жүрген қыздың бейнесі кетпей қояды. Жас қыздың бұл қызығушылығына қолдау білдірген туысқан ағасы Хамит Сүлеевтің көмегімен Қуаныш Майлинқызы 1949 жылы Қазақ хореография училищесіне оқуға түседі. Училищені тамамдағаннан кейін ол Мәскеудегі А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтында (ГИТИС) білімін жалғастырды. Осы оқу орнында ол аты аңызға айналған орыс балетінің жұлдыздарынан дәріс алған. Барлық білген-түйгенін жас биші өзі алғаш еңбек жолын бастаған А.В.Селезнев атындағы училищедегі шәкірттеріне үйретуге тырысты. Қуаныш Майлинқызы училище табалдырығын алғаш аттаған жеткіншектерге би әліппесін үйретіп, балет тарихынан дәріс берді.

Баршамызға мәлім, қазақ дарынды халық болғанымызбен, жазу-сызуға келгенде ұқыптылығымыз жетіңкіремей жатады. Қай салада болсын ана тілімізде жазылған оқулыққа зәруміз. Би өнерінің қыр-сыры туралы оқулықтарды, ғылыми әдебиеттердің барлығын дерлік орыс тілінде оқуға мәжбүрміз. Осы тұрғыдан алғанда Қуаныш Майлинқызының «Би өнерінің әліппесі» деп аталатын кітабы – оның өмір бойғы еңбегінің жемісі. Бұл еңбек – қазақ хореографиясы тарихында классикалық би туралы қазақ тілінде жазылған алғашқы оқулық. Автор аталған еңбегінде классикалық бидің 100 терминін қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ мұнда баланың биге деген қабілетін арттыратын 50 жаттығу түрі берілген.

– Балет әртісі болу, балет өнерімен шұғылдану аса төзімділікті, көп еңбектенуді талап етеді. Үлкен мақсатқа жету үшін болашақ биші өзіне қатаң талап қоюы керек. Кейде өмірдің тамаша қызықтарынан шет қалуға, күн тәртібін қатаң сақтауға, барлық күш-жігерді жұмысқа арнауға ғадеттенуге тура келеді. Өзін жастайынан еңбекке тәрбиелеу шығармашылық адамы үшін өте маңызды. Шындығында, өз мамандығының көлемінде ғана шектеліп қоймай, өнер адамдарына жаңа ұрпақ тәрбиелеу үшін өте мол білім керек, көп ізденіс керек, – дейді тәжірибелі ұстаз Қуаныш Жақыпова.

Ешқашан білімін жетілдіруден, ізденістен талмаған талантты ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қуаныш Майлинқызы қазақ балетінің өркендеуіне зор үлес қосқаны үшін және қазақ хореографиясына сіңірген еңбегі үшін 1998 жылы «Білім беру ісінің үздігі» атанса, 2004 жылы Ы.Алтынсарин белгілерімен марапатталды. Бүгінде Қуаныш апай – Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық Өнер академиясының доценті. Жақында Қуаныш Жақыпова шетелдік мамандардың шақыруымен Жапонияның жас таланттарын тәрбиелеп қайтты.

Ұстаз үшін ең үлкен жетістік – шәкірттерінің өзіне деген құрметі. Қандай шебер биші болса да, бәрі бірдей ұстаз бола алмайды. Ал бойына өнер мен білімді бірге тоғыстырған Қуаныш Майлинқызы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тұлға. Би мектебін тамамдап, кезінде сахнада тәмам жұртты өнеріне тәнті еткен Қуаныш Жақыповаға кейін өзінің түлеп ұшқан ұясына ұстаз болып оралу бақыты бұйырған. Бойындағы өнерін жастарға дарытып, ең бастысы, өскелең ұрпаққа тәрбиелі білім беруді өмірінің мәні деп түсінген Қуаныш Майлинқызына ұзақ ғұмыр тілейміз.

Асылдың сынығы...
Қуаныш Майлинқызы Талдықорған қаласындағы қазіргі І.Жансүгіров ауданында 1938 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Майлин Жақыпов – 1937 жылғы репрессия құрбаны болған Алаш қайраткерлерінің бірі. 1938 жылдың ақпан айында түрлі айыптаулармен қамауға алынған Майлин Жақыпов үш күннен кейін, сот шешім қабылдамай тұрып, атылып кеткен екен. Сол кезде анасының құрсағында қалған Қуаныш Жақыпова тумай жатып әкесінен айырылған. Онымен қоймай, Қуаныш апайдың кішкене кезінде Жақыповтар «халық жауының отбасы» деп қудаланады. Осындай қиын-қыстау кезеңде бұл отбасына Алаштың тағы бір айтулы азаматы, ең алғаш білім министрі болған Біләл Сүлеев қол ұшын беріп, үнемі қолдау көрсетіп отырды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста