Қазақ өнері күні кеше ғана өзінің таңдаулы тарландарының бірі әрі бірегейі, Қазақстанның Халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, композитор Мыңжасар Маңғытаевтан айырылды.
Мыңжасар Маңғытаев музыкасы баяғыда-ақ бүкілхалықтық сүйіспеншілікке бөленіп, әнсүйер қауымның жүрегін жаулаған болатын. Композитордың «Іздедім сені», «Жас ұландар жыры», Абайдың «Не іздейсің көңілім», сондай-ақ С.Сейфуллин, Қ.Аманжолов, І.Мәмбетов, Ж.Молдағалиев, Н.Шәкенов, Н.Әлімқұлов, М.Әлімбаев өлеңдеріне жазған әндері – бір емес, бірнеше буынның жүрегін тербеп, ұранына айналған, рухын көтерген шығармалар. Сол сияқты, Мыңжасар ағаның «Қозы мен Баян» балеті, «Арман», «Құлагер» симфониялық поэмалары, «Шексіз махаббат» ораториясы, «Ақсақ құлан», «Жайлауда», «Қаратау әуендері» сияқты хорға арналған поэмалары – композитордың әралуан жанрларда ой тербеп, жемісті еңбек еткендігінің айқын дәлелі. Сонымен қатар композитор көптеген драмалар мен спектакльдерге, кинофильмдерге музыка жазып, театр мен кино саласына да сүбелі үлес қосты. Маңғытаев шығармашылығының жанрлық жан-жақтылығымен ғана емес, ашық әуезділігімен де айрықшаланатынын музыка білгірлері сөзсіз мойындайды. Мұның сыртында композитордың ұлттық бояулы мәнеріне вокалдық және халықтық-аспаптық ерекшеліктерді біріктіру тән.
Ең бастысы, Мыңжасар аға музыкасынан қазақтың жазира даласының лебі есетін, қоңыр желі мен боз жусанының исі аңқитын. Ұланғайыр даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған қаһарман бабалардың ерлікке, өрлікке толы өлмес рухы есетін. Өйткені өзінен ілгері-кейінді өмір сүрген Шәмші, Әсет, Әбілахат, Нұрғисалар сынды Мыңжасар Маңғытаев та кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегізсері, Жаяу Мұса, Естайлар тәрізді тумысынан талантты халық композиторларының ізін жалғастырушы дара дарын иесі-тұғын. Алайда осыншама биік бітіміне, бірегей тұлғасына қарамастан, Мыңжасар аға мейлінше қарапайым, бос мақтан мен артық-ауыз әңгімеден аулақ, ерекше мәдениетті жан болатын. Көбінесе өзі туралы емес, өзгелер туралы айтқанды қалайтын. Әлдекімдердей еңбегін бұлдап, еңкейген жасын, ағарған басын саудалағанын да көрген емеспіз. Бір әңгімесінде итальян композиторы Респиги Отториионың әлдебір симфониялық поэмасының лейтмотиві етіп Ақан серінің «Қараторғайын» алғандығын айтқаны бар. Сөйтіп, «ұқсата білген адамға қазақ музыкасы – ұшы-қиырсыз мұхит секілді. Сол мұхитты ретін тауып пайдалана алмай жүрміз ғой...» деп күрсінген. Енді бірде «Шәмші әндерінің ғажап болатын себебі – оның ауылда өскендігінен. Ол заманда оңтүстік өңірлер қазақ халқы жиі шоғырланған, ұлттың салт-дәстүрі жақсы сақталған бірден-бір аймақ болатын. Міне, Шәкең жастайынан соның бәрін көзімен көріп, көкірегіне түйіп өскен және соның бәрі оның шығармашылығына үлкен әсер еткен. Қалада тәрбиеленген кейінгі жастар мұндай қасиеттен жұрдай. Олардың шығармаларының жұрт көңіліне қонбайтыны сондықтан. Ата дәстүрің мен төл мәдениетіңді, ұлтыңның өзіндік философиясын бойыңа неғұрлым тереңірек сіңірсең, соғұрлым кемел азамат болып шығатының анық» деп сыр шерткен. Біздіңше, бұл – көрнекті композитордың шынайы сыры ғана емес, өзіндік берік ұстанымы да. Өйткені ол өзгеден көргісі келген осынау ата дәстүр мен төл мәдениетке деген махаббатты, адалдықты өзіне де ту етті және сол жолдан, сол ұстанымнан ешқашан тайған жоқ.
Елін, жерін шексіз сүйген тағы бір ұлы жүрек мәңгілікке дамылдады. Сіз ұстанған асыл мұрат – ұлт ұланына аманат. Жаныңыз жәннатта, нұрыңыз пейіште шалқысын, абзал аға!..
Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Халық әртісі:
– Мыңжасар екеуміз 1957 жылы консерваторияға келiп түсiп, сонда танысқанбыз. Ол композиторлар дайындайтын бөлiмде оқыды. Бiрақ шығармашылық жолда үнемі бiрге болдық. Әрбiр шығарылған әнiмiз, әрбiр атқарылған шаруаларымыз, бәрі-бәрі есімде. Ол адамгершілігі зор, адал азамат болатын. Мыңжасардың түрлi жанрларда еңбек етіп, теңдессіз мұра қалдыруының өзі – сирек кездесетін жайт. Осындай көрнекті композитордың еліне сіңірген еңбегі еш уақытта ұмытылмайды деп ойлаймын...
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Мыңжасар Маңғытаев – қазақ ән өнерінде ерекше орны бар маңдайалды композиторларымыздың бірі еді. Кезінде екеуміз бірігіп жазған «Жастық назы» және «Жүрек назы» деген екі ән халықтың жүрегіне жетіп, көңілінен шыққан шығармалар болды. Әңгіме, әрине, шығарманың санында емес, сапасында. Мыңжасардың қай әні болсын ел арасына кеңінен таралған, сондай сазды, назды, сүйкімді дүниелер. Тағдырға не шара? Бақилық болған бауырымызға иман тілейік. Алла тағала алдынан жарылқасын.
Үкілі үзінділер
* ...Осы күні қарттардан: «Жастар әнді бұзып айтатын болып жүр, неғып соларға «қой» демейсіңдер?» деген әңгімені көп естимін. Бірақ кімнің аузына қақпақ боласың? Кімнің ақшасы бар, сол жаздырады. Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы. Сөйтіп, жолын тауып, күні-түні радио мен теледидардан «шырқайды» да тұрады. Негізінде, біздің халқымызда керемет әнші қыздар мен жігіттер бар. Бірақ солардың насихаты аз, жолдары ауырлау болып жатады. Арагідік сондай әншілерді тыңдағанда өзім жалғыз отырсам, мен тіпті жылаймын...
* ...Мен өзінің жасына қарамастан, даусын сақтап қалған үш адамды білемін. Олар – Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, сосын осы Нұрғали Нүсіпжанов. Әншілердің ішінде осы Роза әпкеміз бен Нұрғалиға ерекше ризамын. Үндерінің қайталанбастығы өз алдына, олар әннің әрбір сөзін терең түсініп, тыңдарманға тақпақтай тәптіштеп жеткізеді, әннің мән-мағынасын көкірегіңе құйып береді. Ал көп әншілер өз даусына өзі елігіп, сөздің астарын түсінбейді. Түсінсе де соны жұртқа жеткізіп айта алмайды.
*Атақ кімге керек емес? Ол – халықтың арнайы мойындауы, баға беруі. «Адам содан өсіп кетеді» деген әңгіме жоқ. Бірақ ықылас кімнің болса да мерейін өсіреді. Әрбір талантты адам сәби сияқты, жылы сөзден көңілі толығады, «мені халқым сыйлайды екен, ел билеген азаматтар ескереді екен» деп ойлайды. Мысалы, сені біреу «данышпан» десе, сен «жоқ, мен данышпан емеспін» дейсің бе?! Әркімнің көкірегі – Алатаудай. Атақ-дәреже деген моральдық тұрғыда, жұрттың елеп-ескеруі үшін ғана керек. Абайды неге «данышпанымыз», Мұхтарды неге «заңғар жазушы» дейміз?! Халқы мойындамаса, дәріптемесе, Абай «Абай», Мұхтар «Мұхтар» болар ма еді?!
(Композитордың «Алаш айнасына» берген сұхбатынан үзінді)
«Алаш айнасының» анықтамасы
Композитор Мыңжасар Маңғытаев 1937 жылы, 23 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор К.Х.Қожамьяровтың класы бойынша бітірген. 1965-1967 жылдары республика Мәдениет министрлігінің өнер басқармасы музыкалық мекемелерінің аға нұсқаушысы, 1967-1969 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының жауапты хатшысы, 1969 жылдан бастап «Жазушы» баспасы өнер және музыка редакциясының бас редакторы қызметтерін атқарған.