Қазақ әнінің «Ақмаңдайлысынан» айырылдық
Ақ қарлы ақпан келісімен Алаш жұрты ақиық ақын Мұқағалидың туылған күнін күтетін жақсы әдетке ие. Сөйтіп отырғанда кенет қайғылы қазаға тап боламыз деп кім ойлаған? «Әдемі-ау» деп ән салғанда өзі сол кейіпкерге айналып, көрерменін тебірентпей қоймайтын қазақтың қайталанбас «Ақмаңдайлы» әншісі, КСРО Халық әртісі Роза Бағланова тоқсанға қараған шағында пәниден озды.
Нақтырақ тоқталсақ, ақпан басталғалы күнтізбе парағының жетіншісі жыртылып, сегізінші парағы басталар таңға жетпей түнгі үштің шамасында аяқ астынан жүрегі ұстаған Роза Тәжібайқызы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіледі. Сол жерде есін жимаған күйі бақиға аттанып кете барды. Жалған-ай, тап содан бір-ақ күн бұрын ай жүзі жарқыраған апамыз Елбасымыздың мәдениет қайраткерлеріне тағайындаған стипендиясына ие болып еді...
Көзінен үнемі көктем шуағы есіп тұратын Роза апамыз 1922 жылдың қақаған қаңтарының бірінші күні Қызылорда облысының Қармақшы өңірінде дүниеге келіпті. Қызылорда педагогикалық институтын бітірген тұста төрткүл дүниені тітіреткен соғыс басталып кеткен еді. Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші-солистік қызмет атқарып жүрген апамыз ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлермен қатар, майдан төрінде жаралы жауынгерлерге рух бергендердің бірі болды. Сол еңбегі үшін Роза Тәжібайқызы «Отан алдындағы ерлігі үшін» медалімен марапатталса, егемендік алғаннан кейін Елбасымыз ол кісіге арнайы «Халық Қаһарманы» атағын берді. Сонда апамыздың қолынан қысып тұрып Елбасымыз: «Сіз сұрапыл соғыста да, бейбіт күнде де халқыңызға рух бердіңіз. Мен өзім де туғаннан сіздің үніңізге қанықпын», – деген болатын. Қашаннан бала көңіл әнші апамыз сол сөзді Елбасының аузынан естігенде көз алдына оқ пен оттың ортасында аяғындағы керзі етігінің ауырлығынан сүріне-қабына жүгірген қаршадай кезі елестеп, жанарына жас тығылғанын айтып еді.
Қазақ әндерімен қатар, классикалық және эстрадалық әндерді тамылжыта орындаған Роза Бағланованың өнердегі кезеңіне сараптама жасаушылар ол кісінің шығармашылық шырқау кезеңі деп 1960 жылдарды атайды. Әсіресе «Ах, Самара-городок» Бағланова репертуарының беткеұстар «визиткасына» айналып еді.
Жалпы, Роза Тәжібайқызына ақын-сазгерлер арнайы ән жазды, ол кісіге көптеген кітап та арналды. Апамыз аңыз адам ретінде есімі әлемге әйгілі әйелдердің қатарында «Кто есть кто» энциклопедиясына да енді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» де бұлбұл әнші туралы деректі фильм шығарды. Оның бәрінен де бұрын Роза Бағланова күллі қазақ, қала берді, дүбірлі дүние жоқтайтын дара тұлғаға айнала білді.
Нұрғали НҮСІПЖАНОВ:
– «Елімнен айналайын еркелеткен» деп елу жылдан аса қазақ эстрадасының төрінде бәрімізді бастап жүрген Роза апамызды енді арамызда жоқ дегенге сенгің келмейді. Өзіндік сыңғырлаған тұп-тұнық даусы, айшықты келбеті өз алдына, апамыз керемет мейірімді, кішіпейіл, жүрегі жұмсақ жан еді ғой. Төріне шығып, малдас құрып отырмасақ та, өмір бойы сахнада бірге жүрдік қой. Гастрольдық сапарларға бірге шықтық. Үйде бірге отырғаннан гөрі, адамның қайталанбас қасиеттері сапарда жүргенде көрінеді. Сол жағынан алғанда, ең бір ерекше мінезі кішіпейіл еді, үлкен-кіші демей, «әке, көке, жаным» деп, бәрімізді анамыздай айналып-толғанып отыратын. Сол жағынан бізге ыстық. Өнерде біз ол кісіге қарап бой түзеуші едік. Қара жер апамызды мәңгілік құшағына алды, бірақ Роза Бағланова деген есімінің өзі қазақ эстрадасының бөлінбес бөлшегіндей болып қала береді. Артында қалған арман-тілегі болса, Алла халқына нәсіп етсін. Топырағы торқа, жаны жаннатта болсын!
Бағдат Сәмединова:
– Өткен ғасырда өзінің керемет үнімен қазақ даласын тербеді ғой апамыз. Еркелеп тұрып ән салғанда, ол кісідей сұлу жанға тамсанбайтын адам қалмаушы еді. Өзге емес, өз басым Роза апамды тыңдағанда өзге дүниені ұмытып кететінмін. Енді ондай әуезді үн, сондай сұлу жанның қайталанбасы анық. Қазір әншілер көп, сұлулар көп, бірақ ән салғанда басқа бір әлемге айналып, әнмен біте-қайнасып кететін Роза Бағланова жоқ. Ол кісі ерекше жаратылған әнші, ерекше адам болды. Жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, әр басқан қадамы өзгеше еді. «Қазақконцерт» ғимаратына еніп, баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда бәріміз тұра қалатынбыз. Бәріміз де өнер адамымыз дегенмен, ол кісінің сондай өзіне еріксіз қарататын құдіреті болды. Тіпті оқыстан қарағанының өзі... Білмеймін, еш адам ол кісіге жай қарап өте алмайтын.
Ылғи жаңа жыл басталысымен, қаңтардың 1-і күні біз апамыздың туған күніне бір шоқ гүлімен үйіне кіріп-шығушы едік. Қаншаға толса да, сол сән-салтанатын жоғалтпай, мұнтаздай киініп, биік өкшелі туфлиімен тық-тық басып үстел басына келетін. Соның өзіне таңғалатынбыз. Биыл 89-ға толды, мен бара алмай қалып едім. Әттең, дүние, күні ертең не боларын білмейсің. Дәм-тұзының жеткені осы шығар, қайтеміз...
Ақ маңдайлы әнші апамыздың бүгін қонақасысы берілсе, қоштасу рәсімі ертең сағат 10.00-де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында өтеді. Қазақ әнінің бұлбұлы Кеңсай зиратына қойылмақ. Дүние-ай десеңші, бұйрық шығар, апамызға Дінмұхаммед Қонаев сынды ардақты адамның жанынан жер бұйырыпты.