Күйші-композитор Қазанғаптың 155 жылдық мерейтойына орай, бұл күндері Ақтөбеде республикалық ғылыми-теориялық конференция өтуде.
Қазанғап Тілепбергенұлының мұрасы – өзіндік орындау шеберлігімен, қайталанбас иірімдерімен қазақ музыка өнеріне қосылған құнды да сарқылмас қазына. Күйші-композитордың туындыларын ел арасынан жинақтауға Алматы консерваториясында ұстаздық еткен Садуақас Балмағамбетов алғашқылардың бірі болып ұйытқы болған. Ал күйлерді зерттеу, нотаға түсіру жұмыстарымен Абдулхамит Райымбергенов күні бүгінге дейін үздіксіз айналысып келеді. Қазанғап мұрасын 1984 жылдан бері жүйелі түрде зерттеп-зерделеп жүрген ол композитордың 25 күйін нотаға түсіріп, «Ақжелең» деген атпен жинақ шығарған. Ақтөбеде кезінде Қазанғаптың көзін көріп, одан тәлім алған Бақыт Басығараев, Машалақ есімді күйшілер болғанымен, бүгінде дүниеден озған. Ал Шалқар ауданының тұрғыны, жасы 80-ге таяған Жұмабай Жансүгіров оның 40-қа тарта күйін біледі. Қазанғап мұраларын өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында осыдан бес жыл бұрын Ақтөбе қаласында балалардың өнер мектебі де ашылған. Қазір онда 750 оқушы дәріс алады.
Майталман өнер шеберінің өміршең мұраларын халыққа кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конференцияға Астана, Алматы, Атырау сияқты басқа да бірқатар қалалардан музыка және өнер зерттеуші мамандар қатысуда. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өтіп жатқан аталмыш шараның қорытындысы ғылыми жинақ болып жарыққа шығады. «Қазіргі басты мақсат – туған мәдениетінен қол үзіп қалмайтын, тарихын білетін ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан бұл шараның тәрбиелік-тағылымдық мәні зор», – дейді конференцияға қатысушылар.