Дөңгеленген дүниенің тұрақсыз екені, жер-әлемнің адамға уақытша тұрақ екені кімге де болса мәлім. Дегенмен сол уақытша тұрақтың өзін көшіп-қонып жүріп, тұрлаусыз мекендеуге мәжбүр болған жандардың бірі Қасым Аманжолов еді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ, қасымтанушы ғалымдар мен оның шығармашылығын ерекше құрметтейтін қауым ақынды еске алу шарасы ретінде оның жүріп өткен жолымен экспедиция ұйымдастыруына әбден болады.
Қазақтың ауыз әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қазақ ақындарының бірі Қасым Аманжолов екені анық. Сондықтан Қасым ақынның 100 жылдығын ұрпақтары қалай атап өтіп жатқаны – маңызды мәселе. Себебі Қасым шығармашылығы – өткен дәуірдің ғана жәдігері емес, дәл бүгінгі ұрпаққа да қажет болып отырған нәрлі сусын. Бір кездері бүтіндей қазақ жастарына қайрат берген, жігер дарытқан ақын шығармашылығы қазіргі замандастарымызды да қанаттандыруға жетерліктей қуатты. Ендеше, ақын Қасымның мерейтойын қалай ұлықтасақ та жарасатын шығар.
Қасымның ұлтына, туған жеріне деген ыстық махаббатының бір себебі саяхаттан, тоқтаусыз жол жүруден туындаған болар. Жастайынан жетім қалып, ата-анасының, отбасының қызығынан құр қалған кішкентай Қасым 13 жасында үйінен білім іздеуге аттанып, содан кейінгі бар өмірін ел мен жерді аралаумен өткізеді деуге болады. Киелі қазақ жерінде Қасым танымайтын топырақ жоқ деседі көзін көргендер. Өмірбаянына көз жүгіртсек, оны-мұны сапарларын айтпағанның өзінде, қоныс еткен қалаларының өзі біршама екен.
Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде дүниеге келеді. Алғашқы сапары 13 жасында басталады. Қасым білім алу үшін Семей қаласына аттанады. Үш жылдық интернатты тамамдаған соң, Семей малдәрігерлік техникумында оқиды. Осылайша бас-аяғы алты жылдан кейін, 1930 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейді. Алматыда бір жылдай ғана тұрақтаған ол 1931 жылы Ленинградқа кетеді. Онда орман шаруашылығы институтына түсіп, оқуын жалғастырады. Бірақ денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласындағы «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Әншілік, әртістік өнерге бейім, домбыра, мандолин бастаған бірсыпыра музыкалық аспаптарда еркін ойнайтын ақкөңіл, жайсаң жанды «ерке Қасымның» Оралда болған, әсіресе 1935-1936 жылдары Оралдағы қазақ театрындағы қызмет еткен кезі өміріндегі ең бір қызықты, қымбат шағы болып қалады. Ақын 1941 жылы әскер қатарына шақырылады. Ұлы Отан соғысының 1941-1943 жылдарында Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін «қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде» болады.
P.S.
Қарқаралыда туып, одан Абыралы арқылы жаяу-жалпылап Семейге өтіп, Семейден Алматыға тұяқ іліктіріп, одан Орал асып, Оралдан Ұлы Отан соғысына аттанып, Қиыр Шығыс, белорус жерінде болады. Шығыстан майданға аттанып бара жатқан жолда Отанға деген сағыныштан туған «Сарыарқа», «Ертіс», «Атамекен» тәрізді өлеңдері Қасымның жер қадірін түсінген ақын екенін көрсетеді. Ендеше, қасымтанушы қауымға Қасым жүріп өткен жолды аралап, экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде шағын болса да деректі фильм түсіруді ұсынар едік.