Оңтүстікте әлем елдерімен иық тірестіретін жаңа үлгідегі демалыс аумақтары салынуда. Оның бірі Қасқасу шатқалында ашылатын Алматыдағы «Шымбұлақ» шаңғы базасынан да үлкен әрi заман талабына сай демалыс орны болмақ. Енді бірі, Шардара ауданындағы су қоймасы маңынан жағажай салынады. Ал Сарыағашта санаторий қалашығы бой көтереді. Шетелден келген қонақтарды Бадам өзенінің маңынан ашылатын жағажай да қарсы алады. Осылайша Оңтүстікке аяқ тірейтін туристердің саны артып, экономикамыз дамитын болады. Бұл туралы Шымкентте алғаш рет өткен халықаралық туристік форум барысында айтылды.
Оңтүстік түгілі Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған форумға шетелден мамандар көп келді. Көрші Ресей мен Қырғыстанды былай қойғанда Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Малайзя, Қытай секілді алпауыт елдердің туристік қауымдастықтары, инвестициялық компания өкілдері көптеп қатысты. Барлығының мақсаты бір — жаңа туристік жобалармен танысып, табысты инвестиция құю. Оңтүстік Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен, ҚР Инвестициялар және даму министрлiгiнiң қолдауымен өткен форумға министрлiктiң өкiлдерi, кәсiпкерлер, еуропалық және қазақстандық туристiк компаниялар, туристiк ассоциациялар мен операторлар, инвесторлар, Қазақстанның 5 облысынан және әлемнiң жиырмаға жуық мемлекетiнен өкiлдер келiп қатысты. Жиынды облыс әкiмiнiң орынбасары Сапарбек Тұяқбаев ашып, жұртшылықты өңiрiмiздiң туризм саласындағы әлеуетiмен таныстырды.
Сапарбек ТҰЯҚБАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
— Бүгiнде туризм экономикалық сектордың айнымас бөлiгiне айналып үлгердi. Дүниежүзiнде осы сала жоғары қарқында даму үстiнде. Өйткенi, тұрмыс деңгейi жоғары адамдар демалысқа көп көңiл бөледi. Нәтижесiнде әлемде шетелге шығатын саяхатшылар саны көбейдi. Қазақстанда да саяхатшылар саны артты. Экономиканы iлгерi бастыруға туризмнiң маңызы зор. Сондықтан бiз халықаралық форумға инвесторларды, кәсiпкерлердi, құрылыс компанияларын және сала мамандарын шақырып отырмыз. Мақсатымыз — шетелдiк және отандық инвесторларға облыстағы ауқымды жобаларды таныстыру. Туризм саласындағы өзектi мәселелердi талқылау. Облысымызда туризмдi дамытуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. «Шардара», «Қасқасу», «Сарыағаш» және Шымкенттiң маңындағы Бадам туристiк аймақтарын дамытпақшымыз. Оған мемлекет инфрақұрылым тартуға қолдау көрсетiп, жеңiлдiктер жасайды. Өткен жылдың өзiнде өңiрде 30-ға жуық туристiк нысан iске қосылды. Олардың санын көбейтiп, қызмет көрсету сапасын жақсартуға күш салудамыз. Бұған мемлекеттiң де, кәсiпкерлердiң де қызығушылығы жоғары. Себебi, туризм – жылжымайтын мүлiк. Ол жыл сайын табыс түсiредi. Екiншiден, өндiрiсте, ауыл шаруашылығында жаңа технология дамыған сайын қол күшiне сұраныс азаяды. Ал туризм, керiсiнше көп адам күшiн қажет етедi. Өйткенi, сервистiк салаға жұмысшылар қажет. Яғни, туризмдi дамыту арқылы жұмыс орындары ашылады.
Жиналғандарды көп күттірмеген ұйымдастырушылар бірінші болып Қасқасу шатқалындағы тау-шаңғы базасының жобасын таныстырды. Құны 230 млн. АҚШ долларын құрайтын алып жоба жүзеге асса, Алматыдағы Шымбұлақты басып озатын түріміз бар. Базаның аумағы — 900 гектар. Таудағы қардың жату ұзақтығы 7 айды құраса, бір мезгілде 7-8 мың азаматқа қызмет көрсетуге қауқарымыз жетеді екен. Туристік аймаққа инфрақұрылымды мемлекет қаржысына тартылады. Бұл жоба бойынша алғашқы жұмыстар былтыр бастауын алыпты. Бүгінгі таңда бір емес, үш бірдей инвестор қызығушылық танып отырған көрінеді. Облысымызда табиғаты ғажайып демалыс орындары өте көп. Былтыр өңiрiмiзге 800 мыңнан астам саяхатшы келген. Оның 15 пайызы – шетелдiктер. Шымкент елiмiздегi үшiншi агломерацияға айналғалы берi iскерлiк туризм де жанданды. Мұны Fabulos Abu Dhabi Hotel Management компаниясының бас менеджерi Мариус ван Ренсбург те атап өттi. Әлемдегi қонақүй бизнесiнiң майталман маманы Оңтүстiк Қазақстан облысында халықаралық талапқа сай қонақүйлер салуға болатынын, оған инвестиция салуға мүдделi екендiгiн жеткiздi. Сондай-ақ, ол қонақүй бизнесiн дамыту жолындағы тәжiрибесiмен бөлiсiп, келелi кеңестерiн айтты.
Роза АСАНБАЕВА, Қазақстанның туристiк ассоциациясының президентi Роза Асанбаева:
– 2013 жылы дүние жүзiнде 1 млрд. адам шетелге шыққан. Бұл туризмнiң табыс көзi екендiгiнiң айғағы. Елiмiзде осы салаға көңiл бөлiнiп, жобалар жүзеге асырылуда. Барлық әуежайлар, темiржол вокзалдары, автовокзалдар зерттелiп, жаңартылуда. Елiмiздiң барлық өңiрлерiнде халықаралық талапқа сай демалыс орындары ашылуда. Ұлы Жiбек жолының жаңартылған үлгiсi «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралiнiң бойында орналасқан Оңтүстiк Қазақстанның да туризмдегi мүмкiншiлiгi өте жоғары.
Форум аясында «ОҚО туризм индустриясын дамыту орталығы ассоциациясы» мен «Шымкент» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясының жетекшiлерi Ұлыбритания, Канада және өзге де мемлекеттердiң компания өкiлдерiмен, отандық кәсiпкерлермен облыста туризмдi дамыту жөнiнде меморандумға қол қойды. «Қасқасу», «Сарыағаш», «Шардара», «Бадам» демалыс аймақтарының жобалары таныстырылды. Елiмiздiң және Еуропаның жетекшi мамандары жалпы туризмдi жандандыру, саяхатшыларды көбейту, қонақүй мен мейрамхана туризмiн дамыту, облысымызға осы салаға инвестиция тарту туралы ойларымен бөлiстi. Сондай-ақ, Сарығаштағы «Көктерек» курортты аймағының да жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда шипалы суымен әлемге танылған Сарығашқа жыл сайын 100 мыңнан аса демалушы келеді екен. Әсіресе, жаз мезгілінде әрбір орынға алдын ала тапсырыс беретіндердің қатары артқан. Осыны ескерген өңір басшылығы Көктерек курортты аймағын тұрғызбақ. Мұнда минералды суын ішіп, ем-дом аламын деушілер үшін 1500 орынды төрт бірдей қонақ үй, аквабақ бой көтереді. Құрылыстың құны — 120 млн. АҚШ доллары. Шардарада да жағажай ашылады. Су қойма маңында бес бірдей қонақ үй салынып, стадион бой көтереді. Түрлі саябақтар бой түзейді. Жобаның құны 187,5 млн. долларды құраған. Мұны да көп көрмеген кәсіпкерлер табылды. Форумға дейін олардың саны санаулы болыпты.
Айта өтейік, күнгейде соңғы үш жылда 30-ға жуық туристік нысан ашылған. Кәсіпкерлер де туристік саланы дамытуға көңіл бөлген. Өйткені кәсіпкерлер көптеп ақша тапқан сайын, капиталы ұлғайып, бір жерге инвестиция салуды көздейді. Ал туризм саласы — діттеген мақсатқа жететін ең тиімді жол. Осына ескерген инвестициялық компаниялар бір емес, бірнеше меморандумға қол қойды. Осылайша, Оңтүстік туризм саласын дамытып, экономикасын көтереді. Әлем сарапшыларының алдында тұсауы кесілген жобалар 2017 жылға дейін салынып бітуі керек. Елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келгендер күнгейдің де кең пейілдігін, байлығын көруі тиіс десті жиналғандар.
Нұршат ТӨКЕН