Қарлығашқа кім қамқорлық көрсетеді?

Халқымыздың ертеден табиғатқа жаны жақын болды. Әсіресе кейбір аң мен құсты киелі санады. Солардың қатарында қарлығаш та бар. Ауылда өскен бала оны жақсы біледі. Әрбір шаңырақта қарлығаштың ұясы тұратын еді. Үйдің есігі күнұзаққа ашық болатын. Қарлығаш үйге емін-еркін кіретін. Балапандары күні бойы «ән салады» да жатады. Оған әбден үйрендік. Олар жылы жаққа ұшып кеткенде шаңырақта жақынымыз жоқтай көрінетіні тағы бар. Туған топырақтан нәр алған төл перзент мұндай көріністі ешқашан жадынан жоғалта қоймайды. Ауылды сағынғанда бұрынғы сол бір көрініс ойыңа оралып, көз алдыңда көлбеңдей береді. Қазір де елге барғанда қарлығашты іздеп елеңдеп отырамыз. Алайда баяғыдай емес, аталмыш қанатты көзімізге көп түсе бермейді. Әрбір үйге ұя салуды да қойған секілді. Адамдар да бұрынғыдай есігін күні бойы ашып қоймайды. Әйтеуір, қарлығаштың «мінезі» өзгерген. Жұмыр басты жандарға жолай бермейді. Ертедегідей топ-тобымен ұшып жүрмейді.
Осындай көріністі қызылордалық құс­тар әлемін зерттеуші Оразбай Қосанов аға­мыз ба байқаған екен. Ендеше, қар­лығаштың азайып бара жатқаны рас бол­ды ғой. Көптеген кісімен осы жайлы сөй­лес­кенде де киелі құстың сирей түскені әң­гіме өзегіне айналады. Қазақ халқында қар­лығаш жайлы талай аңыз бар. Басқа ұлтты қайдам, қазақ пен қарлығаш құс бір-біріне өте жақын. Бәріміздің санамыз­да сақталып қалған «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» деген ертегіні ертеректе егде кісілерден тыңдап өстік. Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған құсты сол се­бепті бауыр тартамыз. Дегенмен кейінгі ке­зеңде оларды жиі көзіміз шала бер­мей­тіні жанымызды жабырқатады. Олар неліктен азайып кетті? Бұл тұрғыда Оразбай ағамыз «Иә, мұндай көрініс бай­қа­лады. Оның себебі ретінде мен бы­лай­ша жорамал жасаймын. Бүгінде баяғыдай емес, қоршаған ортамыз бұзылып ба­ра­ды. Экологиялық жағдай көптеген өңірде кө­рініс беріп отыр. Жер астынан қазба байлықтар өндірілуде. Бұл табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға кері әсерін тигізеді. Осын­дай өзгерісті ең алдымен аң мен құс бай­қайды. Қарлығаш секілді құстардың біздің даламызда азая түсуіне осы секілді жағдайлар ықпал жасауы әбден мүмкін», – дейді.
Экологиялық жағдай, қоршаған ортаның бұзылуы айналадағы та­би­ғи байлыққа әсер етуі ықтимал екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Кү­нара көкке зымыран аттандырып са­латын Байқоңыр ғарыш айлағы Сыр бо­йының табиғатын өзгертіп жіберді. Сыр өңі­рінде бірде қыс ерте түссе, кейбір кезеңде ауа райы жыл бойы жылымық болып тұрады да қояды. Дәл осындай жағдай Қазақстанның барлық аймағында да жиі кездеседі. Қарлығаш – жылы жақта өмір сүретін құс. Ауа райының құбылуы құстың тіршілік етуіне әсерін тигізеді. Сондықтан олардың көбінің көктем мезгілі келген шақта біздің елімізге қайта орал­мауы ғажап емес.
Бір қызығы, біздің орнитолог ғалымдар бұл жайында үнсіз отыр. Алайда қара­пайым жұрт қарлығаштың саны азайып ба­ра жатқанын айтады. Әрине, әңгіме тек­тен-текке қозғалып жүрген жоқ. Біз үшін табиғат байлығының орны бөлек. Кезінде дұрыс назар болмауы салдарынан талай аң-құстың тұқымы тұздай құрып кеткенін несіне жасырамыз?! Иен даланың сәніне айналған қоршаған ортаның құндылығы, осылайша, көз алдымызда сиреп бара жатса, ештеңе көрмегендей, білмегендей болып отыра бергеніміз дұрыс па? Күні ертең қолымызды мезгілінен кеш сермеп, бармақ тістеп қалғаннан ұтарымыз қайсы?!
Оразхан АЙДАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы:
– Біз студенттерді табиғат аясына жиі алып шығамыз. Жаз бойы осындай шаралар жүргіземіз. Облыс аумағын­дағы көптеген орында болдық. Қара­тауға бардық, Арал теңізінде болдық, басқа да барған жерлеріміз аз емес. Сонда байқағанымыз: бұрын топ-тобымен көзге түсетін аң мен құс қазір мүлдем сиреп барады. Қарлығаш та сондай жағдайды бастан өткізіп отыр деуге болады. Әрине, олардың қазір дәл санын айту оңай емес. Шындығын айтқанда, көгімізде қалықтаған құстар­дың қанша екенін түгендеу де мүмкін емес. Десе де, олардың кеміп бара жат­қаны бірден байқалады. Өйткені біз та­биғаттан бөлек өмір сүре алмаймыз ғой.

Қарлығаш торғай тәрізділер отрядына жатады. Арктика мен Антарктидадан өзге өлкенің барлығында кездеседі. Олардың әлемде 80-ге жуық түрі бар екен. Біздің елімізде қарлығаштың жар, құз, қос реңді секпілтөс және кент қарлығашы секілді бес түрі өмір сүреді. Оларды қорғау мәселесіне қалай көңіл бөлініп жатқанын дөп басып айта алмаймыз.
Бүгінге дейін талай аң-құстан айыры­лып қалуымыздың себебін біздің бойы­мыз­дағы бейқамдықтан іздесек, артық емес. Тіпті осыдан 20-30 жыл бұрын дала­ның сәніне айналған табиғат қазыналары аялы алақан жоқтығынан саны азайып, кейбірі «Қызыл кітапқа» жазылды. Ал біз бол­сақ баяғы қалпы­мыз­дан таймай, олар­ғ­а қамқорлық көрсетуге ен­жар кейіп та­ны­та­мыз. Күні ертең қар­лығаш та сондай жағ­дайға душар болса, ешкім де таңғала қой­мас.
Қазақ кие дегенді бағалайды. Ал қар­лы­ғашты киелі құс санауы тегіннен-тегін емес шығар. Оның адамға жақын жүретіні кезінде жұмыр басты пендеден жанашыр пейіл көргенінен бе екен?  Қазір қазақ та бұрынғы дарқан мінезінен айы­рылып барады. Қатал өмір заңдылығынан біз­дің ұлтымызда да басқаша психология қа­лыптаса бастады. Тіпті аң-құсқа жа­на­шырлық жасамақ түгіл, ет-жақынына суық тар­та түсті. Қарлығаш қазақтың бұ­рын­ғы пе­йілін аңсап жүрген болар... Оны кім біл­ген? Әйтеуір, киелі ұғымды аяқасты ет­пе­сек дейміз...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста