Астана қаласының ортасында, «Жастар» ықшамауданы маңында тұрған «Қараөткел» мұсылман қорымы елорданың мәдениеті мен тарихын тың деректермен толықтыруы мүмкін. 2010 жылы ресми түрде қала құрылысы мен сәулеті ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, арнайы қорғауға алынған осы қорымға былтыр жүргізілген археологиялық зерттеулердің алғашқы қорытындылары ғалымдарды осындай ойға жетелеп отыр.
Қаланың қақ ортасында тұрған бұл қорым – елорда аумағындағы ең көне мұсылман зираты. Ел аузында «мұнда Бөгенбай батырдың сарбаздары жерленген, Тәуке ханның ұрпақтары жатыр» деген секілді аңыздар да бар. Сондықтан да болар оны бір кездері сүріп тастап, орнына құрылыс салу туралы сөз қозғалғанда жұртшылық наразылық танытып, зираттың сақталып қалуына себепкер болған еді. Енді, міне, сол қорым қала мәдениеті мен тарихына тың деректер қосатын түрі бар. Қорымда зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Археологиялық сараптама» ЖШС қызметкерлері небәрі 0,16 шаршы шақырым аумақта 2169 көктас қойылғанын анықтап, олардың әрқайсысының қалпын, түрін-түсін, жазуын суретке түсіру арқылы сипаттамалық құжаттарын, тұтастай зираттың 3-D форматындағы көрініс-картасын жасап шығыпты. «Бұл Астананың мәдениетіне, осы қалада тұрып жатқан көптеген адамның тарихына қатысты тың деректерге жол ашады. Әзірге 2 мыңнан аса көктас анықталды. Бірақ іс жүзінде мұнда жерленгендер одан да көп болуы тиіс, өйткені зираттың аумағында белгі қойылмаған бейіттер баршылық. Оның бәрін зерттеу керек. Көктастардағы жазуларға қарағанда ең көне молалар шамамен ХІХ ғасырдың басында қойылған», – дейді «Қазақстандық археология қоғамы» бірлестігінің төрағасы, ҰҒА академигі Карл Байпақов.
Академиктің айтуынша, ендігі кезекте зираттың өсу тарихын бажайлау үшін оның қай бөлігіндегі молалар ең алғашқылардың қатарына жататынын анықтау қажет. Сондай-ақ қойылған көктастардағы жазуларды зерттеп, олардың аудармаларын жасау керек. Өйткені мұндағы көктастар араб жазуымен, латын графикасымен, кейіннен кириллицамен жазылған. Мысалы, көне араб жазуымен қашалған эпитафиялардың мазмұны қазақша болғанымен, шағатайлық оралымдар да кездеседі екен. Бұл бағыттағы жұмыстар есімі елге белгілі болған тұлғаларды немесе олардың ұрпақтарын табуға септігін тигізуі тиіс.
Кәмила ҚОҚЫМОВА, Астана қаласы Мәдениет басқармасы бастығының кеңесшісі:
– 2012 жылы алты ай бойы жүргізілген зерттеу жұмыстары кезінде зиратта 2169 көктас (құлпытас) бар екені анықталды. Олар, негізінен, тас, ағаш және темірден жасалған. Зерттеу барысында осы құлпытастың әрқайсысына паспорт жасалып, Мәдениет басқармасына өткізілді. Бұл паспортта құлпытастың орналасқан жерін көрсететін топографиялық картасы, жерленген кісінің аты-жөні және бар болса, ол жайындағы қосымша материалдар, тастың суреті секілді деректер қамтылған. Бұлардың бәрі әлі үлкен зерттеулердің басы ғана деп ойлаймыз. Мысалы, арабша жазылған бір көктасты оқығанда онда Тәуке қажы Белгібай деген азаматтың, сондай-ақ тағы бір таста атақты Ыбырайым Жайықбаевтың баласы жерленгені анықталды. Сәкен Сейфуллинмен қызметтес болған Жайық Айнабековтің отбасы, інілері де осы зиратқа қойылғанын білдік. Мұнда қазақтар ғана емес, татар, ингуш секілді өзге мұсылман халықтарының да зиялы азаматтарының, сондай-ақ кезінде Орталық Азиядан – Бұқара мен Хорезмнен ислам дінін насихаттай келген ғұламалардың да осы зиратқа жерленгені анықталып жатыр. Бұны ел аузында жүрген аңыз-әңгімелердің расқа айналуының алғашқы белгілері деуге болады.
«Қараөткел» қорымы елорда тарихын тың деректермен байытады
Последние статьи автора