Біздің мәдениет саласының басшылары «Қара жорға» биін зерттеу керек, өзіміздікі екеніне көз жеткізуіміз керек деп жүргенде қырғыз ағайындар «Қара жорғаға» бейнебаян түсіріп, әлеуметтік желілерде қарқынды насихаттауда. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, күні ертең «Қара жорғаны» қырғыздың ұлттық биі деп хабарлап билеп жүрмесек болғаны...
Жақында Кубанычбек Эсенбаев деген қырғыз азамат «Кара жорго» деген атаумен қызғыздың бір топ қыз-жігіттері билеген тартымды бейнебаянды әлеуметтік желідегі жеке парақшасына қойған екен. Осы клиппен бөліскендер саны 1000-нан асып кеткен. Бейнебаянға пікір білдіруші қырғыз ағайындардың «Қара жорға» биін иемденіп, ой бөліскендеріне қарап біртүрлі қымбат затыңды біреу алып алғандай сезімде болады екенсің. Неге екенін кім біледі, біз не нәрсеге «қолымызды кеш сермейміз» ғой.
Қырғыздар түсірген «Кара жорго» бейнебаянын әлеуметтік желіде бөліскен Серік Әбікен ағамыздың пікіріне қосылмасқа шарамыз жоқ.
Серік ӘБІКЕН, белгілі журналист:
– Қырғыз ағайындар "Қара жорғаға" кірісіпті. Құт болсын! Бөтен халық емес қой. Бір адамның жазбасының өзін мыңнан аса адам таратып, қырғыз биі деп жатыр. Телеарналары да осы сарында екен. Жақсы биді ауызбірлігі мықты осы халықтың сақтап қаларына шүбәм жоқ. Ал біз... осыны "қазақтыкі емес" "моңғолдыкі", ананыкі-мынаныкі, дінімізге жат - деп ділмарсып, бәріміз этногроф, битанушы болып кеттік. Ұлт ағзасы жат элементті қабылдамайтынын ескермедік, кез келген жиында "Қара жорғаның" "дүбірі" естілсе 2 жасар баладан еңкейген қартқа дейін арқаланып шыға келетінін "байқамадық". Кавказдықтардың лизгинкаға "ассалап" шыға келетіні секілді бар қазақ қиқулап сала беретін. Бәлкім соны "байқатпау" үшін күстаналады біреулер... Ақыры "Қара жорғаны" сирек еститін болдық. Өстіп өзіміздікінен жерініп жүріп мойнымыз ырғайдай, битіміз торғайдай күйге түсіп, битанушыдан "биттанушыға" айналып кетпесек жарағаны! (facebook.com парақшасынан).
«Қара жорға» биі атауында тұрғандай жылқы малын ерекше бағалайтын көшпенділердің биі екендігінде дау жоқ. Қырғыз халқы өзімізбен бауырлас ел болғандықтан мұндай би түрі оларда да болған жоқ деп айтуға болмайды. Дегенмен қырғыз ағайындардың «Қара жорғаның» қазақша нұсқасын қырғызшалап алып насихаттап жатқанынан олардың осы биді иемденіп алуға деген құлшынысы байқалады. Олар үшін «Қара жорға» биін кім, қашан, неге шығарғаны маңызды емес. Ең бастысы қырғыздар өздерінің қандарын қыздырып, делебелерін қоздыратын, халықтың көңілінен шығатын төл өнеріне жақын дүниелерді жатырқамайды, қайта меншіктеп алуға талпынады.
Ал біз қырғыздардың «Шоқ қыздар», «Қызыл өрік» секілді әндерін өз елімізде «хит» әнге айналдыруға құмармыз. Ал олар қазақтың «Қара жорғасын» иемденіп әлек...
"Қара жорғаны" қырғыздар иемденуде
Последние статьи автора