Отандық кинотеатрлардың шетелдің түрлі жаңа анимацияларын көрсететіні жақсы болды. Балам екеуміз соңғы рет «Армандар қаласы», «Майя есімді ара», «Пингвиндер» секілді мультфильмдерді көрдік. Әсіресе, маған «Армандар қаласы» қатты ұнады. Өмірге құштарлық, адамдарға қамқорлық, не керек, жақсылықтың бәрін табасың. Мультфильм емес, құдды мөлдір кино көргендей әсерленіп қайттым. Ішімде «біз неге осындай мультфильм түсірмейміз» деген қыжыл қалды…
Шынында да, неге біз сондай шынайы мультфильм түсіре алмаймыз? Қазақ мультфильмі десек болды, баяғы «Қарлығаштың құйрығы неге айырды» айтамыз. Одан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Айтатынымыз әлі қарлығаш. Рас, Әмен атамыздың мультфильмін айта беретін жөніміз бар. Себебі, оның орнын басатын жақсы анимация әлі шықпай тұрған сияқты. Бірақ, жоқ та емес. Бар бізде мультфильм. Қалдыбай Сейдановтың «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты», Қайырғали Қасымовтың «Құйыршық», Батырхан Дәуренбековтің «Қошқар мен Теке» мультфильмдері қандай тамаша!
Алайда, «Қошқар мен Текенің» екінші сериясы мүлдем ұнамады. Қасқыр: «Сендер бізге – бөрілерге келіп әңгіме айтпақшысыңдар ма?» – дейді. Мультфильм болған соң, аздап әдеби өңдеуге болатын шығар. Мұнда да сол баяғы қасқыр мен қойдың төбелесі. Соңында қойлар «Құрбан айттан аман шықсақ» деп армандайды. Бұл енді сәтсіз әзіл шығар. Әйтпесе, қазақ қасиетті құрбан айтында қой шалмағанда не шалады?
Іргеміздегі Ресейді алайықшы. «Фиксики» мен «Смешарикиді» мемлекеттің тапсырысымен түсірді. Балаларының болашағын ойлап жатыр. Солар қандай керемет мультфильмдер. Танымдық әрі қызық. Мемлекет қаржыландырған Батырхан Дәуренбековтің «Қазақиясы» да сол «Смешарикиге» келеді. Анау не, мынау кім? Қамшы мен Асық соның бәріне жауап береді. Алайда, Асықтың түрі аздап Спанч Бобқа келіңкірейді. Асық емес, көз алдыңа бірден Спанч Боб елестейді.
Біз түсірген мультфильмдерден әйтеуір бір мін табасың. «Алдар көсе» жағымсыз бейнесімен жиіркендіріп бітті. «Ер Төстік» те ежелгі аңыздың тас-талқанын шығарды. Біз оқыған ертегіде басқа, мультфильмде мүлдем басқа Төстік. Төстік деген не өзі? Малдың төс сүйегі емес пе? Төстіктің қасиеті сондай, мықты да мығым болғандықтан, оны сындыру не жару мүмкін емес. Қазақ та осы төстік сияқты мықты халық емес пе? Негізі осыны айту керек еді. Ал мультфильмдегі Төстікте осы ұлттық танымның жұрнағы да жоқ.
Әңгіме арқауы сынға ауысқан екен, өзім көрген бірнеше мультфильмге тоқталып өтейін деп отырмын.
«Ақ қаз» мультфильмі жақсы дүние екен. Алайда, Чайковскийдің атақты туындысын көз алдыңа әкеледі. Естеріңізде болса, «Аққулы көл» шығармасында Одетта ханшайымды көл иесі Ротбард рыцарь дуалап тастаушы еді ғой. Кейін Зигфрид ханзада Одеттаны ұнатып қалады. Соңында Ротбардты жеңіп, қызды құтқарады. Тіпті, кейін осы балеттің негізінде «Ханшайым аққу» мультфильмі түсірілген болатын. «Ақ қаз» тура сол «Ханшайым аққудың» көшірмесі сияқты. Тіпті, қазақыланған қысқа метражды үзіндісі деуге де болады.
«Ақ қаздың» қысқаша айтары мынадай: Бір күні аңшы жігіт қазды атып алмақшы болады. Алайда, оның дуаланған қыз екенін біледі. Сол маңда тұратын қария жігітке қызды құтқарудың амалдарын айтып береді. Қарияның кеңесіне құлақ асқан жігіт көл астындағы айдаһарды өлтіріп, киелі сәукелені алып келеді. Осылайша, қызды сиқырынан арашалап алады.
Мультфильмнің түсіріліміне қояр дау жоқ. Кейіпкерлердің бейнесі қазақы. Әсіресе, қызды сондай көрікті, әдемі етіп бейнелепті. Алайда, кейбір көріністері өзіміздің «Ер Төстік» мультфильміне ұқсап кетеді екен. Мысалы, мұнда да жігіт айдаһармен алысады. «Ер Төстіктегідей» мұнда да тұмар бар. Айдаһарды жеңуге сол тұмардың да көмегі болады. Неге біздің мультфильмдердің сюжеті бір-бірін қайталай беретінін түсінбейсің.
Мультфильмнің сценарий авторы да, қоюшы режиссері де, тіпті қоюшы суретшісі де Тұрдыбек Майдан деген жігіт екен. «Ақ қаз» Тұрдыбектің дипломдық жұмысы көрінеді. Дипломдық жұмыс ретінде қабылдасақ, мультфильм тамаша шыққан. Аз адамның еңбегі осылай шықпағанда қайтеді? Бірақ, мультфильм басталарда «Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілгені» айтылады. Егер «Ақ қаз» мемлекет тапсырысымен жасалған дүние болса, әлі де толықтыратын тұстары бар дер едік.
«Аңшы» мультфильмі де – дипломдық жұмыс. Қоюшы режиссері Адай Әбілданов, қоюшы суретшісі Жәнібек Нұрбекұлы. Сценарийін жазған да осы екі жігіт. Бірақ, «Ақ қаз» сияқты бұл да Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша шыққан екен. Бірнеше рет халықаралық сыйлықтарды жеңіп алған. Жеңімпаз болатындай да жөні бар екен. Өйткені, мультфильмнің кейіпкерлері сондай тартымды. Бала түгіл үлкенді өзіне үйіріп әкетеді. Кішкентай «аңшы» баланың күлгені, қорыққаны, таңғалғаны сондай шынайы. Аздап жапонның комикстеріне ұқсап кеткені болмаса, кейіпкерлері жақсы суреттеліпті.
Мультфильмнің айтар ойы өзекті. Жер бетіндегі жауыздықтың ұзақ жасамайтынын ұғындырады. Мына қызықты қараңызшы, мультфильм басталғанда аңшы болуды аңсап, армандап жүрген бала, фильм соңында садағын лақтырып жіберіп, аңшы болудан бас тартады. Жақсылыққа үндеу деген осы емес пе түсінгенге?
Ал «Мақтаншақ қыздың» айтар ойын мүлдем түсінбедік. Мультфильм Бибігүл деген олақ та салақ қыз туралы. Не бауырсақ пісіре алмайды, не самаурын қайната алмайды. Соңында тіпті самаурынды жарып жібереді. Шешесі «сенің теңің – сайтан» деп тұра қуалайды. Ана баласын солай қарғаушы ма еді?
Бибігүл өтірік айтпауды үйренсе де, өтірік айтады. Мүлдем еңбек еткісі келмейді. Өрмекшіге кілем тоқытып алып, артынша оны өлтіріп тастайды. «Мақтаншақ қыз» жай әзіл үшін түсірілген мультфильмге ұқсайды екен. Анимация көңілді болса да, кейіпкерлерінің бейнеленуі біртүрлі. Тура «Алдар көседегідей» кейіпкерлері сұрықсыз, сиықсыз. Әсіресе, шарасынан шығып кетердей болып тұрған көздері қорқынышты. Қазақылықтың өлшемі осы екен деп, өрмекшінің өзіне қазақы қалпақ «кигізіп» қойыпты.
«Алдар көсемен» аты шыққан «Азия анимейшн» студиясы батырлар туралы көпсериялы мультфильмдер түсіргенін білесіздер. Алдарды анадай қылған аниматорлар батырларды да аямапты. Мысалы, «Қамбар батыр» мультфильмін алайық. Кейіпкерлердің сөз саптасының өзі біртүрлі. Адамдардың сөйлеген сөзі мен ауыз қимылдары қабыспай¬ды.
Қалмақ ханы Қараман Қамбарды өлтіретінін айта келіп: «Қазақ халқының ұрпақтары мен тағы басқалар үшін бұл жақсы мысал болсын», – дейді. Не түсіндік? «Тағы басқалар» деген кімдер? Қамбар «бос сөзді қайтесің», «артық сөздің қажеті жоқ» дейді. Батырлар осылай сөйлеуші ме еді?
Қамбардың Қараманның алдына келе жатқан кезі де қызық. Айналасына жымиып қарап қояды. Қолтығына сыздауық шыққандай, қос қолын көтеріп алған. Тұлпарының шылбыры жоқ. Қамбар «кешір, кешігіп қалдым» деп қалмақ ханы Қараманның алдында иіліп тұр. Батыр деген осындай бола ма?
Қараман мен Қамбар шайқаса кетеді. Сол кездегі адамдардың әрлі-берлі қашып жүрген кезі қызық. Бір тобы бері жүгірсе, бір тобы әрі қашады. Жүгірістері де қорыққан емес, жай жаттығу жасап жүрген адамдарға ұсқайды, сондай сенімсіз. Сосын мұндағы адамдардың неге шалқайып жүретінін түсінбейсің.
Шайқас кезіндегі сәт тіптен күлкілі. Жауынгерлер қылыштарын ауаға сермейді. Жау шоқпар тимей жатып жан-жаққа ұшып жатыр. «Алпамыс батыр» мультфильмі де дәл осындай. Алпамыс жауларын жапыра отырып, қамалды бұзады. Алпамыстың семсері тимей жатып, жау жақтағылар бірінен соң бірі құлап жатыр. Құлағаны түк емес-ау, қаңбақ құсап жан-жаққа ұшып жатқанын қайтерсің? Әрине, Алпамыс батыр ғой. Бірақ шайқастың өзін шынайы, сенімді қылып суреттеуге болатын шығар. Тағы бір мәселе, Алпамыстың түрі батырдан көрі, балаға көбірек келіңкірейді.
Иә, айта берсек, сын көп. Бірақ сынаудағы мақсат тұқырту емес, кемшілікті кейін қайталамаса екен деген ой. Ұлттық мультфильмдеріміз көбейсе, балаларымыздың болашағы үрейсіз болар ма еді?
Былтыр Білім және ғылым министрлігі шетелдік фильмдерді сұрыптау туралы орынды бастама көтерген еді. Әсіресе, Спанч Бобтың балалар санасын улайтынын, оларды бұзақылыққа итермелейтінін айтқан. Алайда, Спанч Бобты біздің арналар, соның ішінде НТК арнасы күн сайын көрсетіп жатыр. Тыйым жасау туралы бастама жайына қалды. Соған қарағанда, біздің бір ғана амалымыз бар сияқты көрінеді. Ол – ұлттық мультфильмдерді көбейту. Бәлкім, «Аңшы» сияқты анимацияларымыз көбейсе, Спанч Бобтар өздері-ақ ысырылып қалар ма еді?
Серікбол ХАСАН
zhasorken.kz