Өткен аптада М.Әуезов театрында, дәстүрлi «Театр көктемi» фестивалi өттi. Сөйтiп, былтырғы фестивальден берi қарайғы уақытта сахналанған төрт қойылым, атап айтқанда, «Жүрейiк жүрек ауыртпай», «Үмiт үзгiм келмейдi», «Көктөбедегi кездесу», «Бәкей қыз» спектакльдерi көрермен назарына ұсынылды. Шындығында, бұл жай ғана кезектi шара емес. Аталмыш ұжымның фестивальден фестивальге дейiнгi аралықтағы iзденiсi мен өсу-өрлеу деңгейiнiң қаншалықты болғандығын тап осы «Театр көктемi» арқылы аңғаруға болады. Ендеше, биылғы бәйгеде сарапқа салынған спектакльдердi тамашалай отырып, бiз ненi байқадық? Көңiлге түйткiл ұялатқан жайттар қандай? «Театр бүгiнде қалай тыныстап отыр?» дегенде нендей ой түйдiк?..
Негiзi, бұл жолғы фестивальдiң «Ұлы мәртебелi актер!» деген атпен өтуi заңды сияқты. «Талқыға салынған төрт спектакльдi де «спектакль» етiп тұрған – ең әуелi актерлердiң ойыны ма?..» деген ой келгенi жасырын емес. Әсiресе, Сәбит Оразбаев кейiптеген қария мен Нүкетай Мышбаеваның күлегеш әйел, Саят Мерекеновтiң Досберген, Ұзақ, Данагүл Темiрсұлтанованың келiн және Гүлжан, Бахтияр Қожаның қарияның ұлы мен Өсiпбай, Ерлан Бiләлдiң Мәмбет рөлдерi өзiндiк ойын өрнегiмен ерекшеленген, бiрегей бейнелер болды. Тiптi бөлiп-жаратын түгi жоқ, Рашида Хаджиева, Омар Қиқымов, Шәмшәгүл Меңдиярова, Ғазиза Әбдiнәбиева, Төлеубек Аралбай, Майра Омар, Азат Сейтметов, Қымбат Тiлеуова рөлдерiнiң кез келгенi көрермендi бей-жай қалдырмағаны анық.
«Сахнаның ажары – актер» дейтiн болсақ, басқа-басқа, М.Әуезов театры рөлге бүкiл жан-жүрегiмен берiлiп, қайталанбас образ тудыруға келгенде небiр мықтыны жолда қалдыратын талантты әртiстерге тапшы емес. Осы арадағы бiр мәселе – бiз солардың күш-қуатын, шеберлiгiн қаншалықты дұрыс пайдалана алып жүрмiз? Әртiс жан-жақты ашылып, өз қабiлет-қарымын, актерлiк дарынын толық көрсете алуы үшiн, соған себепкер болатындай драматургиялық шығармалар керек. Ол әуелден аян. Сонымен қатар, егер заман талабына сай қызмет етудi көксейтiн болса, театрдың бүгiнгi көрерменнiң сұранысын да ескергенi жөн. Яғни сахнадан тек пәлсапа соғып, қысыр әңгiмемен құлақты жауыр еткеннен аулақ болған абзал. Өкiнiшке қарай, бiз тiлге тиек етiп отырған төрт қойылымда да әрекет аз, сөз көп. Персонаждардың бiр-бiрiнiң естелiгiне елтiп отырып, әлсiн-әлсiн терең ойға шоматын сценаларын «Бәкей қыздан» өзге қойылымдардың үшеуiнен де ұшырастыруға болады. Мәселен, «Жүрейiк жүрек ауыртпай» (авт. Б.Жәкиев, ауд. Ә.Сығай, реж. Е.Обаев) драмасында келiн-баласынан қорлық көрiп, күңiренiп отырған қарияға қарттар үйiнен оның көңiлiн сұрай келген екi кемпiр, бiр шал қосылады, сөйтiп, әрқайсысы өзiнiң көрген теперiшiн айтып, мұң шағады... Ал замандас төрт шалдың өз бастарынан өткен-кеткенiн айтып арылуына, бiр-бiрiне ағынан жарылуына ғана құрылған «Үмiт үзгiм келмейдi» (авт. Н.Келiмбетов, реж. Е.Обаев) спектаклiн тапжылмай екi сағат «тамашалау» үшiн көрерменге қаншама жүйке керек десеңiзшi! «Көктөбедегi кездесуге» (авт. Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматов, реж.О.Кенебаев) келсек, ол да – сыныптас төрт достың кезiнде өздерiмен қатар жүрген бесiншi достарын еске алуы, соған iстеген қиянатын, қысастығын мойындауға ешқайсысының батылдығы жетпеуi, сайып келгенде, пенденiң пендешiлiгi арқау болған қойылым. Қай-қайсысының да мазмұндылығына, әрине, дау жоқ! Дегенмен айтыла-айтыла жауыр болған тақырыпты қашанғы қажалай беруге болады? Қарашекпендiлердiң iргелес жатқан екi ел – қазақ пен қырғыз арасына жер дауын туғызуы, қырғыз жiгiтi Сейiтке атастырылған қазақ қызы Бәкейдiң ақырында сол алауыздықтың салдарынан қайғылы хәлге душар болуы өзек етiлген «Бәкей қыз» (авт. Т.Мәмесейiт, реж. Ә.Рахимов) спектаклiнен де айтарлықтай жаңалық, тың шешiм көре алмадық. Бәкей қыздың не тұлға екенi, не асқан бiр трагедиялық бейне екенi белгiсiз болып, екiұшты күйде қалған. Режиссердiң көрермендi әдемi әнмен, әсерлi әңгiмемен елiтпек болғаны байқалады.
Осыдан кейiн де: «Театр сентиментальдi дүниелерге көбiрек ойысып бара ма?» деген ой келедi. Қалай дегенмен де, сезiм – мелодрамаға лайық, жеңiл-желпi нәрсе. Онсыз да торығушылық дендеп бара жатқан бүгiнгiдей уақытта сезiмге ерiп, сарыуайымның жетегiнде кетпей, көрермендi серпiлтетiндей, рухын көтеретiндей дүниелердi көбiрек сахналауға тырысқан жөн секiлдi.
Сонымен бiрге, пьесаларды iрiктеп алғанда персонаждары неғұрлым көп дүниелерге басымдық берiлсе... Спектакльге театр ұжымын мейлiнше тұтастай жұмылдырудың бiрден-бiр үлгiсiн кезiнде Болат Атабаев сахналаған «Абылайхан», «Кебенек киген арулар», «Тоғышардың тойы», «Естайдың Қорланы», «Мәңгiлiк бала бейне» спектакльдерiнен көргенбiз. Мезгiлсiз қыршын кеткен талантты режиссер Қайрат Сүгiрбеков те спектакльдерiн ешқашан бес-алты актердiң ойынына құрған емес... Демек, театрдың «театр», спектакльдiң «спектакль» болуы драматургиямен қатар, режиссердiң iзденiсiне, тыңнан жол табуына тiкелей байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда, өзiме Әуезов театры қалғып кеткендей болып көрiндi. Күндердiң күнiнде оянар да. Бiрақ ол кезде кеш болып жүрмесе, игi. Қанша дегенмен талант та шау тартады. Мүмкiндiгi сарқа пайдаланылмаған жерде жорғаның да, жабының да құны бiрдей...
БIР ОЙ
...Спектакльде рөлдiң аз болғаны көрерменге де, актерлерге де тиiмсiз. Мысалы, театрдың Д.Ақмолда, Ш.Жанысбекова, А.Боранбай, Б.Тұрыс сияқты, орта буынға жататын өте талантты әртiстерi осы жолғы қойылымдардың төртеуiнен де төбе көрсеткен жоқ. Себебi олар екiншi, үшiншi ауысыммен, қосалқы құрамдарда ойнайды... Ж.Толғанбай, Е.Бiләл, Ш.Асқаровалар тек кiшiгiрiм рөлдерде көрiндi. Сондықтан фестивальдiк спектакльдер, негiзiнен, аға буынның шеруi түрiнде өттi. Әсiлi, бiр қойылымда бес-алты, ары кетсе, он-он бес әртiс қана ойнамай, актерлер труппасының барынша көп қамтылғанына не жетсiн! Әр актердiң өз жанкүйерi бар. Көрермендердiң алдыңғы толқыны сахнаға өзiмен қатарлас әртiстердiң шыққанын қаласа, бүгiнгi жастар үшiн тап сол «қосалқы құрамдағы» Дулыға, Шынар, Асылбек, Бекжан, Жалғастардың ойыны әлдеқайда қымбат!..
ӘДIЛҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ МҮШЕСIНIҢ ПIКIРI
Әлия БӨПЕЖАНОВА, театртанушы:
– Мен бұл жерде: «Театрдың репертуарына көңiлiм толады немесе толмайды» деп ештеңе айта алмаймын. Ал жалпы тенденцияны айтар болсақ, жұрттың бәрiнiң мiнсiз, мүлтiксiз нәрсенi көргiсi келетiнiн түсiнемiн. Бiрақ кез келген нәрсенi өзiнiң контексiнде қарастырып, бұл театрды ғана емес, әлем театрларын тұтастай алып көретiн болсақ, негiзi, қоғамдық-әлеуметтiк, өзектi спектакльдер өте көп. Капитализм келiп, нарық күшiне енiп тұрған бүгiнгiдей уақытта көптеген ұғымдар өзгерiп кеттi. Қазiр адамның жан жалғыздығы өткiр мәселе болып тұр. Менiң ұғымым бойынша, осындай жағдайда, әсiресе, мемлекеттiк театр қоғамның өзiн-өзi тануына қызмет етедi. Негiзi, әдебиетте де, өнерде де эксперимент пен бүгiнгi күннiң сұранысына жауап беретiн дүниелер қатар жүредi, бiр-бiрiн толықтырып отырады. Оларды бiр-бiрiне қарсы қоюдың қажетi жоқ. Сол тұрғыдан келгенде, фестивальде көрсетiлген спектакльдердiң екеуi бүгiнгi күннiң тақырыбына арналған. Бiреуi – «Көктөбедегi кездесу», тағы бiреуi – «Бәкей қыз», яғни тарихи спектакль. Олар белгiлi бiр деңгейде өзiнiң мiндетiн атқарды деуге болады. Ал ендi, көркемдiк-эстетикалық iзденiстер тұрғысынан келгенде, әңгiме басқа.БЕЙТАРАП СЫНШЫ ПIКIРI
Бағыбек ҚҰНДАҚБАЕВ, театртанушы, профессор:
– Фестивальде көрсетiлген төрт спектакльдi де жақсы бiлемiн. Олардың iшiндегi материалы мықтысы – Шыңғыс пен Қалтайдың «Көктөбедегi кездесуi». Соның өзiн жеңiлдеу қойыпты. Сахнада бұрын жүрген пьесаны қайта қойғаннан кейiн оған басқаша қырынан келу керек едi. Психологиялық тереңдiк жоқ. «Жүрейiк жүрек ауыртпай» дегендерi – дәстүрлi, бiзде бұрыннан бар тақырып. Режиссурасында да бәлендей жаңалық жоқ. Қазақ театрларында қазiр декорациялық безендiруге қалай болса, солай қарайтын бiр ауру пайда болды. Бiр көрiнiстi ғана жылтыратып қояды, басқа түк жоқ. Ал «Бәкей қыздың» драматургиясы драматургия емес, шашыраңқы. Қазақ пен қырғыздың арасындағы қайшылық М.Әуезовтiң «Қилы заманында» жан-жақты көрсетiлдi ғой. Мұнда Бәкей қыз бен қырғыз жiгiттiң қарым-қатынасы мүлде ашылмай қалған. Ол қыз неге елiне қайтып келедi? Ұзақ сияқты батыр әкесi тұрғанда неге оған ағасы өктемдiк жасайды? Тiптi қисынға келмейдi. «Үмiт үзгiм келмейдiге» келсек, оны тiптi «пьеса» деп айтудың өзi қиын. Шындығында, зейнеткерлердiң көшеде отырып алып, әр нәрсенiң басын бiр шалатын қысыр әңгiмесi... Актерлерге өкпем жоқ. Барын салып-ақ ойнап жүр. Жалпы, осы уақытқа дейiнгi фестивальдердiң iшiндегi ең олқысы осы болды...