Біз, 60-жылдардың түбіт иек шәкірттері, ұстаздарымызбен мақтанушы едік, олардың аты-жөндерін ауыз толтыра айтып масаттанушы едік. Өйткені бізге дәріс берген ұстаздардың қай-қайсысы да ұлт мақтанышы деуге тұрарлық, есімдері ең кемінде оқулық мұқабалары арқылы ел жадында әлдеқашан жатталып үлгерген тұлғалар болатын. Тек ұлы Мұхаңның – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің лекцияларын ғұламаның өз үнімен тыңдай алмадық демесек, бізге ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы мен тіл білімі ғылымдарының атынан ат үркетін небір марқасқалары дәріс берді.
Біздің бақытымызға орай, қазақ әдебиеттану ілімі мен оның әдеби сынын қалыптастыру сатысын Алаш қайраткерлерінен кейінгі жаңа белеске көтерген Б.Кенжебаевтың, М.Қаратаевтың, Т.Нұртазиннің, Б.Шалабаевтың, қазақ тіл білімінің майталмандары М.Балақаевтың, Ы.Мамановтың көздері тірі кез еді. Өздері айтатындай, соғыстан кейінгі «өртеңге шыққан» өрендер тобы Т.Кәкішев, З.Қабдолов, К.Ақановтардың орны бір бөлек болса, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғалиев, О.Төлегенов, Х.Кәрімов, М.Томановтар да алдыңғы жақсылардың жалғасындай тәрбие-тағылым көрсеткен ұстаздар болатын. Осынау бір-бірінен бөле-жара қарауға көнбейтін ардақты да аяулы есімдер шоғырының ішінде қадірлі Тұрсекеңнің – профессор Тұрсынбек Кәкішұлының ағалық, адамдық тұлғасы көңілге ерекше жылылық ұялатып, айналасына сәуле шашып тұратын ұстаздық ұлағаты күні бүгінге дейін жақсы ұстазға шәкірт болу олжасының ізгі иірімдеріне жетелейді.
Әлі есімде, 1969 жылғы шілде айының бас кезі болатын. Өзіме тете інім Мырзахметтің ұзақ науқастанып, ақыры алып тынбас ажал тырнағына ілінуінен есеңгіреген отбасымыздың, әсіресе қарт ата-анамның жағдайы жоғары оқу орнына түсуге деген талпынысымды кейінге шегерген болатын... Дей тұрғанмен, тірі адам тіршілігін істейді. Ауыр қайғыдан енді-енді ғана есін жиып, еңсесін көтере бастаған әкем жарықтықтың ақылына тоқтап, ақ батасын алып, өзіме етене таныс ару қалам Алматыма, енді жоғары білім іздеп қайта соққан бетім – осы.
Келе сала, ойланып-толғанып жатпай-ақ, бірден сол кездегі астанамыздағы жалғыз университет – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарымды тапсырып тастап, болашақ емтихандарға жатпай-тұрмай дайындала бастадым. Орайы келген бір күні университеттің қабылдау комиссиясы орналасқан маңға келіп, талапкерлерге арналған әртүрлі хабарлама ілінетін тақтаға көз салсам, емтихан алынатын пәндер бойынша өткізілетін үш апталық сабақ кестесі де қатар ілінген екен. Үміт пен күдіктен жан-жүрегі лүпілдеп жүрген талапкердің іздегеніне сұраған кездескен сәтті қалт жібермей, кестенің етек жағында көрсетілген мекенжай – қазіргі Төле би мен А.Байтұрсынов көшелері қиылысындағы ғимаратқа келдім. Керекті дәрісхананы тауып алып, ашық тұрған есікті сәл ғана серпіп ашып ішке кірсем... тым-тырыс, ешкім жоқ.
Сәлден соң мен тұрған үшінші қабатқа аққұба ашаң жүзді, келісті келбетіне ашық түсті жаздық киімі ерекше жарасқан жігіт ағасы ширақ басып, көтеріліп келе жатты. Толып жатқан талапкердің бірі екенімді айтпай таныған болуы керек, бірден еш кідіріссіз тура маған қарай жүрді. Мен де қарсы жүріп, ауылдағы әдетімізше аузымды толтыра «ассалаумағалайкүм» деп салем бердім. Қол берісіп амандастық. Оқуға түсуге келгенімді аты-жөнімді сұрап білген соң, қолындағы папкасынан әдеттегі оқушы дәптерін шығарып, талапкерлердің тізімі жазылатын графикті қолма-қол сызды да, реттік сан бойынша бірінші етіп менің аты-жөнімді жазып алды. Талапкерлер жиналып, бүгінгі дәрісті жүргізетін оқытушы да келді. Бейтаныс ағай аудиторияға кіріп, менің аты-жөнімнен басталатын тізімін толықтырды. Осы отырған бәрімізге етене таныс 60-жылдардағы ауыл клубынан да аумақтырақ көрінетін аудиторияда көздері жәутеңдеп отырған талапкерлер үшін «созсам қолым жетерменің» биігінде бұлдырап тұрған, бәріміздің өміріміздегі нөмірі бірінші «биік лауазым» – студент атанудың жай-жапсарын асықпай түсіндіріп, сабақ берушіні таныстырды да, кетіп қалды. Кейін ашаң жүзді ағайдың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен алынатын емтихан комиссиясының төрағасы екенін, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің ұлағатын сан қырынан сипаттаған «Қызыл сұңқар» атты эссе кітаптың авторы, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев екенін білдік. Өз басым ағайдың аталған кітабын ерекше ықыласпен, қызыға оқығаным рас. Олай деуге басты себеп – мектебімізде С.Сейфуллин шығармашылығына арналған сабақтар төңкерісшіл рух тұрғысынан да, әдеби жаңашылдық тұрғысынан да, патриоттық тағылым тұрғысынан да өте жоғарғы деңгейде дәріптеліп, ерекше ілтипатпен өткізілетін. Міне, сол Сәкеннің «сырын білетін», оның ақындық алымы мен қажырлы қайраткерлігі, салтанатты сәнімен сабақтасқан адамдық болмысы, аңызға айналған тұлғасы туралы кітап жазған, біреулер үшін өзі де қол жетпейтін тұлға болып елестейтін адамның сәті түсіп алдыңнан шығуы қандай әсерге бөлейтінін айтып жеткізу қиын. Сондай көрнекті тұлға, көрікті ұстаздың алдынан дәріс тыңдап, оның шәкірті болу бақыты маңдайымызға жазылғанына қалайша қуанбайсың.
Тұрсынбек Кәкішұлының ғалымдық жолына көз салар болсаңыз, қазақ әдебиеттануындағы, әсіресе талас-тартысқа толы, қыртыс-қабаттары көп кезең әдебиетін зерттеп-зерделеу барысында, оның жаужүрек жанкештілік танытып, кешегі «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» жүйедегі бұралаңы мол, қиюы қиын соқпақтарды басып өткенін байқайсыз. Қазақ әдебиеттануында ұзақ жылдар бойы қозғалмай жатқан тақырыптардың бірі қазақ әдеби сынының тууы мен қалыптасуы еді десек, оны да алғаш көтеріп, ғылыми айналымға енгізген Тұрсынбек Кәкішев екені бәрімізге аян.
Бір ғана С.Сейфуллиннің шығармашылығы мен өмір жолын баяндауға арналған «Сәкен Сейфуллин» (1967, орыс тілінде, ЖЗЛ сериясы бойынша, Мәскеу, 1972), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин. Өнегелі өмір» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Мағжан және Сәкен» (2000) сияқты шоғырлы кітаптар жазуы ғалымның Сәкендей ұлы тұлғаға, Сәкендей ұлды тәрбиелеген ұлы далаға деген адами-азаматтық адалдығын көрсетеді.
Туған тіл үшін тұяғынан от өрілген тұлпарлар дүбірін, туған діл үшін қанаттарын жалын шарпыған сұңқарлар жүрегінің дүрсілін бізден гөрі «жақыннан» тұрып естіген ғұламаның айтқан сөзі мен жасаған ісінің арасында алшақтық жоқ. Бұл – филология ғылымының докторы, профессор, қазақ еліндегі жоғарғы білім саласының ардагер-абыздарының бірі Тұрсынбек Кәкішұлының көптің көкейіне қонақтаған тағы бір феномені, үздік қасиеті. Бұл – кез келгеніміз қысылмай, қымтырылмай дәріс алуға тұрарлық Кәкішев мектебі!
Ол, қай тұста, қандай мінберде сөйлесе де, адалдыққа араша болуға тырысады, жас ұрпақ болашағына алаңдайды, ұлт тағдыры үшін күйіне тіл қатады. Таза шындық пен әділдік жолында жалтақтауды білмейтін, жағынуды жаны сүймейтін Тұрсынбек Кәкішұлындай абзал ағаның әрқашан туған ел, өскен орта алдындағы мерейі үстем екені бүгінде айдан анық. Әманда солай бола беруін шын тілейміз! Жасай беріңіз, жаны жайсаң, жаратылысы жомарт, қайсар мінезді, дарқан көңілді, асыл текті аяулы ұстаз!
Құныпия АЛПЫСБАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор
Қайсар мінезді ғалым, дарқан көңілді ұстаз
Последние статьи автора