Алматыдағы А.Чехов атындағы қалалық кітапханада көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Заманымыздың заңғар ұлы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Кітапханадағы кешке Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов, «Өлке» баспасының директоры, жазушы Мереке Құлкен, сатирик Нұртан Төлепберген, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Аманхан Әлімұлы, Қонаев мұражайының директоры Болысбек Батталханов, «Алматыкітап» баспасының вице-президенті Бүбіхан Баратқызы, Республикалық кітап мұражайы директорының орынбасары Мәншүк Досқараева сынды белгілі тұлғалар қатысты.
Кеш қонақтары Димаш Ахметұлы жайында жылы естеліктерін айтып, ақындар жалынды жырларын оқырмандарға тарту етті.
Кездесу барысында М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі жинағынан алынған «Қонаевпен сырласу» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап, негізінен, екі тұлғаның өзара диалогі ретінде өрбиді. Негізінен, Желтоқсан көтерілісін арқау еткен бұл кітапта ұлттық рух пен ана тілімізге қатысты көптеген мәселелер қозғалған. Тұсаукесер рәсімінен соң кеш қонақтары мен оқушыларға және студент жастарға Д.Қонаев өмірінен сыр шертетін екі бөлімнен тұратын кітап көрмесі ұсынылды. Көрменің «Димаш аға ұлылығы» деп аталатын бірінші бөлімінде қайраткер тұлғаның балалық шағы, отбасы жағдайы, еңбек жолдары туралы еңбектер қойылса, «Ұлы адамдар ұмытылмайды» деп аталатын екінші бөлімде тұлғаның айтқан сөздері мен баяндамалары назарға ұсынылған. Кеш соңында М.Шаханов өзінің жаңа кітабына қолтаңбасын жазып, оқушылар мен студент жастарға табыс етті.
Қайраткерді еске алу
Последние статьи автора