Шымкентте Қайрат Нұртас, Еркін Нұржанов пен Асқар Жүнісбековтің "Үш жұлдыз" атты концерті өтпей қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі жергілікті TVK телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, "Үш жұлдыз" концерті Шымкентте 15 маусым күні өтуі тиіс еді. Алайда елге белгілі әншілердің кеші болмай қалды. Нәтижесінде халық шу шығарды.
"Үш жұлдыздың ән кешін тамашалауға шымкенттіктерден бөлек Өзбекстаннан да ат арытып келгендер болды. Алайда олардың қуанышы су сепкендей басылды. Әр билетін 3 500 теңгеге сатып алған олардың әншілерге деген өкпесі қара қазандай", - деп хабарлайды телеарна тілшісі.
Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, ұлының бұл кешке қатысы жоқ көрінеді. Кейін бұл кешті ұйымдастырушы "Шайнус СТАР" орталығындағылар билеттердің өтпей қалғанын айтты. Олардың сөзіне қарағанда, орталық телеарналарға жарнама беріп, афиша жабыстырып, шығынға батқан. Сол себепті концертті ауыстыруға мәжбүр болыпты. Айта кетейік, концертті ұйымдастырушылар халықтан кешірім сұрап, билеттің ақшасын көрермендерге қайтарып берді.