Әлеуметтік желіде танымал әншімен жиі жұрт назарына іліккен бейтаныс әйел жағымсыз жазбалардан шаршаса керек, Instagram парақшасында көлемді пост жариялаған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Халық арасында Қайрат Нұртастың "екінші әйелі" атанған келіншек Сәуле Базархан атымен әлеуметтік желіге тіркелген екен. Парақшасында өзін актриса, кәсіпкер деп таныстырған. Жыл сайын Қайратты туған күнімен құттықтап, әнші жігітпен түскен фото-видеоларын инстаграмға жиі жүктейді. Бірақ оқырмандары жағымсыз жазбаларды ғана қалдыратын көрінеді.
"Алдында Қайраттың туған күнінде түскен видеоны пост қылып салып едім, елдер не болса соны жазып, "Жұлдыздың орнын ешкім баса алмайды" деген небір жағымсыз пікірлер жазды. Мен шыр-пыр болып ақталып... Жұлдыз менің оқушым болған, бірнеше жыл дәріс бердім. Оның орнын ешкім басайын деп жаткан жоқ. Сіздер не деп кеттіңіздер? Не азап деймін... Міне, Жұлдыз, "бұл кісі 136 мектепте оқытқан апайым менің" деп өз аузынан естіп жатырсыздар, енді ешқандай жағымсыз пікір жазбаңыздаршы, өтініш. "Жақсы сөз — жарым ырыс" дейді. Адамдар туралы тек жақсы сөздер жазайық, жақсы ойлай білейікші", — деп жазды желіні шулатқан әйел.
Кереғар пікірлерден әбден шаршаған әйел әлі күнге дейін ақталып әлек. Ол Жұлдыз Әбдукәрімовамен де түскен видеосын Instagram-ға салып, өзін сынаған оқырмандарына бейнеүндеу жолдапты. Аталған роликте кезінде Жұлдызға сабақ бергені туралы айтылған.
- Апайымды көріп қуанып тұрмын. Алматыдағы № 136 мектепте сабақ берген. Ұстаздардың ішінде осы кісіге "не деген сұлу" деп қатты қызығатынмын. Әлі сол қалпы. Сізді көргеніме қуаныштымын, — деді Жұлдыз Әбдукәрімова.