Танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртас депутат болса, нені іске асыратындығы жайлы айтты. Егер депутаттық мандат алса эстрададан кетуге дайын екенін де айтты, — деп хабарлайды Today.kz.
«Мен — өнер адамымын және өнерді ешқашан тастап кетпеймін, мен мәдениетімізді дамытуға атсалысамын. Егер депутат болсам — сахнадан кетемін», — деді Қайрат Нұртас «Нұр Отан» партиясының ХVІІ кезектен тыс съезінде.
Әншінің айтуынша, ол партиядан үміткер ретінде ұсынылды. Қазақстандық жастар, әсіресе ауыл жастары оны халық қалаулысы ретінде көргісі келетініне сенімді.
«Менің ойымша, бұл өте қажет, себебі мәдениет пен өнер адамдары еліміздің көптеген аудандары мен ауылдарын аралаған. Мен, мысалы, Қазақстанды шарлап жүргеніме 10 жыл болды, интернет және ұялы телефон ұстамайтын ауылдарда да болдым. Біз көп нәрсені көрдік және көп нәрсені білеміз. Сондықтан біз өнер мен қазақ тілін дамыту саласында мүмкіндігімізше көптеген мәселелерді шешкіміз келеді. Ауылдарда дарынды, ән айтуға шебер жастар көп, мен соларға көмектескім келеді. Мен «Нұр Отан» партиясының атынан үміткерлер тізіміндемін. Егер мәжіліс депутаттарының қатарына кіретін болсам, бірінші кезекте өнер мен қазақ тілі мәселелерін, ауылды көркейту, ауыл жастарына көмектесу сияқты сауалдарды көтергім келеді», — деді Қайрат Нұртас.
Сонымен қатар, әнші депутат болуды армандайтынын және еліне қызмет еткісі келетінін жеткізді.
«Депутат боламын ба, жоқ па — бәрібір бұның өзі үлкен жеңіс. Егер депутат болмасам, депутаттыққа дайындық жасауға уақыт көбірек болады. Менің талпынысым жастарды да ынталандырады. Егер 27-жасар жігіт депутат болса, бұл үлгі аларлық жағдай деп ойлаймын. Мен еліме жақсы жағымды көрсетуге тырысамын. Мен әрдайым білімімді жетілдіріп тұрамын. Қазір ағылшын тілін оқып жатырмын, қазақ тілін жетік меңгергенмін», — деп қосты әртіс.