Әулиеата өңірін дүбірлі думанға бөлеген даңқты дарабоз Бауыржан Момышұлының ғасыр тойына жерлестері барын салып дайындалыпты. Даңқты ұлын дәріптеу үшін жұртшылық Тараз төріне жиналды. Батырдың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Мәдени іс-шаралар облыс орталығындағы Баласағұн мәдениет сарайында жалғасты. Баукең шығармаларының 30 томдық жинағы мен «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» фотоальбомының тұсаукесері болды.
Томдыққа жауынгер жазушының бұрын-соңды жарияланбаған еңбектері мен батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы сақтаған, соғыс жылдарында жазған хаттары мен күнделіктері де енгізілген. Одан кейін «Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Ұлт батырын ұлықтаған шара барысында зиялы қауым Баукең туралы кеңінен толғанып, ой қозғады. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев келген қонақтарға Баукең өмірінің үзік сырларымен таныстыра келіп, қызық деректі жария етті. Бүгінде облыста 3,5 мыңнан астам Бауыржан есімін иеленген азаматтар бар екен. Арда ұлын ардақ тұтқан халқы есімінің өзін тәбәрік етуі – сүйсінерлік жайт, әрине. Бұдан кейін сөз алған жазушы Әзілхан Нұршайықовтың әңгімесі де қызықты шықты. Таңертеңімен Тараз қаласын аралауға шыққан Әзағаң батыр Баукеңнің көшесін көрмек болған екен.
Ары іздеп, бері іздеп таппапты. Содан бір кісіден сұраған екен ол: «Байталдың құйрығындай ғана қысқа көшені берген», – деп жауап беріпті. Алдағы уақытта осы кемшіліктің орны толып, орталықтағы үлкен көшеге батырдың аты берілетінінен үміттенетінін жеткізді. Әз-аға тойға тәттіден емес, кітаптан шашу шашты. Баяндама жасаушылардың дені Баукеңнің айтылмаған сырлары мен ашылмаған қырларына тоқталды. Қазақтың маңдайына біткен батырдың аты кезінде мұхит асып, бостандық аралының халқын да тәнті еткені белгілі. Көзі тірісінде Куба елінің көсемі Фидель Кастроның өзі арнайы шақырып, құрмет көрсеткен. Бір әттегенайы – батырдың шетелдерде оқыған дәрістерін табу мүмкін болмай отыр екен. Сұрапыл соғыста жүріп-ақ қазақ жазушыларының сыншысына айналғаны да – ашылмаған сырларының бірі. Қаламын қару еткен майдангер қазақ жазушыларымен алысқан хаттарының өзі бір шығармаға арқау боларлық жүк. Мұхтар Әуезов «Абай жолының» бірінші кітабын Баукеңнің пікірін білмек болып, жібергені белгілі. Баукең бірінші кітабына жақсы пікір айтады да, екінші басылымына: «Қадірлі Мұха, мен сіздің еңбегіңізді бағалаймын. Бірақ сіз Құнанбайдың мәртебесін неге төмендетіп жібергенсіз? Ол – қазақтың Иван Грозныйы, оның алатын өзіндік орны бар. Құнанбай болмаса, Абай қайдан шығады?» – деп жазған екен. Бұл нағыз шығармашылық байланыстағы хаттар болған. Ұлттық салт-дәстүрге сананың төрінен тақ берген тарланның дара пікірі де тілге тиек болмай қалған жоқ. Екі тілде еркін жазған тарланбоз жазушының жанына батқан мәселенің бірі тіл болса, бұл мәселе бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. «Адамзат соғысы бір күні бітер, ал тіл соғысы бітпейді» деген сөзін тірілтіп жүргендер баршылық. Конференция барысында Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің деканы Қайырлы Мұхамедқалиев сөз алған болатын. Алдымен қазақша «ассалау» деп амандасқан оқытушы баяндамасын орысша оқуға залдағы қауымнан рұқсат сұрады. «Қазақша сөйле» деп, залдағылар шулап кетті. Өкінішке қарай, ұлтын сүйген ұлы тұлғаның мерейтойында декан мырза қарсылыққа қарамастан, айтарын орысша жеткізді.
Бұл көпшілікке мерейтойдың мерейін түсіргендей көрінгені рас. Жиын соңында сөз алған Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлов та кем-кетікті айта кетуді жөн көріпті. «Ресейдің Волоколамск жеріндегі мектептердің біріне Бауыржан Момышұлының есімі берілгенде, Қазақстаннан делегация барды. Сонда Волоколамск мэрінің «Қазақтың қайсар ұлының арқасында Мәскеу аман қалды» деп айтқан сөзі «Қазақстан» телеарнасы мен Халила Омаровтың туындысынан қырқылып қалыпты. Ұлтты ұлықтау жолындағы мақтан тұтуға тиіс нәрселерден қайта қашқақтайтынымыз қалай?» деп, ренішін жеткізді. Расында, неге?.. Конференциядан көпшілік тағылымы зор, рухани байлық алып шыққаны анық. Бұдан кейін облыс орталығындағы Жеңіс саябағында мерекелік шара өтті. Саябаққа Баукеңнің аты берілді. Қаһарманның айбатты келбеті кескінделген еңселі ескерткіш орнатылды. Бұдан кейін кестеге сәйкес театр ғимаратында жыр мүшайрасының қорытындысы шығарылды. Екі толқын арасында өткен жыр жарысының бірі «Ақ бата», екіншісі «Бауыржанды жырлаймын» деп ат қойылып, айдар тағылыпты. Өлең сөздің патшалығында жыр шашқан ақындардың еңбегін сараптау Қадыр ақын бастаған, Күләш ақын қостаған қазылар алқасына бұйырыпты. 50 ақын үмітін үкілеп қосқан жыр додасында қас жүйрікті тап басып тану оңайға соқпағаны анық. Екі аталымдағы бас жүлдені де Маралтай Райымбекұлы мен оның жұбайы Ақтолқын Күлекеевалар иеленді. Жүлде табыстау барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген: «Жамбыл жері – жырдан шашу шашатын жұлдыздар шығаратын қасиетті жер. Осы киелі топырақта өтетін қандай да жыр додасының бас жүлдесін Маралтай иеленеді. Ендігі кезекте де бас жүлдені Маралтайдың отбасы ала береді, ала береді», – деді. Ал патриоттық әндер байқауының бас жүлдесін Жоламан Тұрсынбаевтың «Батыр бабам Бауыржан» әні жеңіп алды. Келесі күнгі мерекелік шара Жуалы ауданындағы батырдың өз атындағы ауылда жалғасты.
Тарланбоздың рухына тағзым етіп келгендер қаһарман бабамыздың жаңартылған мұражайын аралап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мерекелік шара барысында Астанадан ат арытып келген мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сөз сөйлеп, Елбасының сәлемін жеткізді. Театрландырылған көрініс көрсетіліп, соңы концертке ұласты. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Келесі күні даңқты дарабоздың мерейтойы Түлкібаста жалғасын тапты. «Топырағы мықты болмаса, осынша батыр туа ма?» деп ақындар жырлағандай, батыры да, ақыны да көп қасиетті Жамбыл жері мәшһүр ұлдарының тойын осылайша жоғары дәрежеде атап өтті.