ҚАДЫР КӨШІП БАРАДЫ

«Тап өстіп сұлу қыздың да,
Соңына түсіп көргем жоқ».

Қали СӘРСЕНБАЙ
Қазақта өмірден өткенімен, өлмейтін тұлғалар аз емес. Соның бірі – Қадыр Мырза Әли. Өлмегені ғой, бүгінде қайда барсаң да алдыңнан Қадырдың сөзі шығады. Қыл аяғы, асабалардың бәрі Қадырмен күн көріп жүр. Мектепке барсаң да таңдайы тақылдап өлеңін оқып тұрған бала. Тіпті, өлім-жітімде де Қадыр сөзі ауызға алынады.
Бүгінгі сөз ақынның оқымыстылығы, кітаптары туралы.
Кеңес үкіметінің тұсында басқа үлкен қалалардағы тәрізді Алматыда да қара базар болған. Қадыр аға тәрізді оқымысты кісілер күн шықпай барып, сол базардан кітап алып жүреді екен. Қара базар болғаннан кейін онда құпия, оқуға тыйым салынған кітаптар да сатылады. Әрине, мұндай жерде белгілі мекеменің адамдары да жүреді. Демек, Қадағаң да кезінде қарауылға ілінген. Міне, сол жерге тәуекел етіп баратындар да көп болмаған. Соның бірі — қайран біздің Қадыр аға еді.
– Таңалакеуімде байеке (жеңгеміздің отағасын «байеке» деп атауының да сыры бар. Өйткені, жеңгеміздің әкесінің аты да Қадыр. Содан ақылдаса келе осылай атап кеткен) бір жерге барып келіп жүретін. Әуелде бір түрлі ұрлық жасайтын адам тәрізді алаңдап, алабұртып кететін де, қай-тарында қуанып келетін. Сөйтсем, қымбат кітаптарды ия айырбастайды, не болмаса, сатып алып келеді екен ғой. Шайды қантсыз ішсе де кітап алатын. Ал енді оның сондағы қуанғанын айтпаңыз, – дейді ақынның жары Салтанат.
Міне, Қадыр Мырза Әлидің сөйтіп жүріп жинаған кітаптары енді туған еліне – Орал қаласына сапарламақшы. Бұл — Қадекеңнің өзі жазған «Көшінен» кейінгі екінші көші болар, сірә. Көш демекші, бұған дейін де Алматының ішінде тұрып, бірнеше жерге көшкенде Қадекеңнің кітаптары бір КамАЗ прицепімен, екі «Газельмен» көшірілген екен. Қазірдің өзінде жертөледен 2,5 мың кітап шығарылды.
Енді Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің атқарып жатқан істері жөнінде қысқаша айта кетейік. «Қадыр Мырза Әли қоғамдық қорының» директоры, белгілі әнші, композитор Д.Қажымовтың айтуынша, Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі (Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың тапсырмасымен) ақын отбасы мүшелерінің рұқсатын алып, кітаптарын, жәдігерлерін, тұтынған заттарын Орал қаласында 80 жылдығына орай ашылатын ақын атындағы үш қабатты зәулім ғылыми-танымдық, мәдени орталыққа орналастырмақшы. Естуімізше, Қазақстан бойынша әзірге теңдесі жоқ ғимараттан Қадыр Мырза Әлидің мемориалды кабинеті ашыл-мақшы. Міне, бұл дүниелер сол кабинеттің ең қымбат мүліктеріне айналмақшы.
Қайсыбір күні Салтанат жеңгей осы бір қасиетті іс-шараның бастал-уына орай жақын-жуықтарды шақырып, дұға оқытты. Басым көпшілігі ақын-жазушылардың жесірлері болған бұл басқосуда көңіл толқытар әңгіме көп болды. Ең алдымен, бұл басқосудың мән-жайын ақын атындағы қордың директоры Д.Қажымов тәптіштеп түсіндірді, оның мәнісін жоғарыда бірауыз сөзбен айтып та кеттік.
Бұл жайдың отбасына, әсіресе, Салтанат жеңгейге оңайға соқпағаны рас. Өзі айтқандай, көзін ашқаннан көргені осы кітаптар. Ақынның кітапханасына әр кіріп шыққан сайын Қадағаңның өзі жұмыс істеп отыр-ғандай күй кешетін жеңгемізге моральдық тұрғыдан да қиын болатыны және рас. Осы бір қамкөңіл сәттің пердесін сырып жібергісі келді ме, бір әңгіменің арасында қашаннан тапқыр Әшірбек Сығай, «кітаптарды дұрыстап қарадыңыз ба, арасында ақша жоқ па екен» деп жұртты бір күлдіріп алды. «Айтқандай, ондай да болды», – деді жеңгей.
Қазір Батыс Қазақстан облысының кітапханаларынан төрт маман, мұражайдан екі қызметкер келіп, ақын кітапханасымен жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде кабинетін айтпағанда, жертөледен 2,5 мың кітап шығарылып, реттестірілуде. Әрине, мұрағат ісінің тәртібіне сай, ол түрлі електен өтеді. Тек кітаптар емес, қолжазбалар, ақынның тұтынған заттары, құнды жәдігерлер, т.б. толып жатқан дүниелер сұрыпталады. Қысқасы, бұл аса жанкештілікті талап ететін қыруар шаруа. Бірақ, ең бастысы, ақынның кітаптары. Қадағаңның кітапханасында, кабинетінде талай мәрте болдық. Жұмыс істеу, әсіресе, кітап оқу тәсілінен де аз-кем хабарымыз бар. Қадағаң бір материал жаза қалған жағдайда керек деректі, керек кітапты қиналмай тез таба қояды. Себебі, әр кітапқа, соның ішіндегі деректерге, сөйлемдерге дейін арнайы картотека жасап қойған.
«Өзіңдікі, қанша дегенмен, өзіңдікі ғой. Қай кезде де еркін пайдаланасың» деп отыратын. Тіпті, кабинетінен шыққан адамды қапсыра құшақтап шығарып салатыны да көпшіліктің есінде әзіл әңгімемен қалған. Біз қанша тәптіштеп айтсақ та, Қадағаңның өзіндей айта алмаспыз. Бұл кісіден сөз қалған ба, кітапқа деген құмарлығын да былай білдіріпті:

«Құлыбыңды аштым кілт болып,
Қақпа боп тұрсың еңселі,
Далаға тартсаң бұлт болып,
Дауыл боп қудым мен сені.

Ұйқымды талай бұздым да,
Ұяңа тыным бергем жоқ.
Тап өстіп сұлу қыздың да,
Соңына түсіп көргем жоқ».

«Жазмыштың» өзі бір кітапхана
Жалпы, ұқыптылық, жинақылық бұл кісі бойындағы көп адамға үлгі етіп айтатын қасиет. Соңғы жылдарда оқырманның олжасына айналған «Жазмыш», «Иірім» кітаптарын осы кітапханасында отырып-ақ, ешқайда сабылмай-ақ жазды.
Оған өзінің бір сұхбатындағы мына сөзі дәлел.
– Біраз адам жақсы біледі, бүгінгі таңдағы менің жеке кітапханам – Алматыдағы барынша бай кітапханалардың біріне жатады. Өз меншігіңнің аты – өз меншігің. Өз кітаптарымды мен әдетте, қысылмай, қымтырылмай, белгі салып отырып, сызып оқимын. Жылдар өткен соң әлгі өзім арнайы белгі салған жерлерге қайтып оралам. Санамды, зердемді жаңғыртамын. Іздеген нәрселерімді, ой-пікірлерімді, мәліметтерді тез тауып, қуанып қаламын. Сондай бір қажетті қайта оралулардың кезінде «Жазмышты» жазу идеясы туған тәрізді… Бәрі бірдей болмағанмен, біраз ақын-жазушылардың азаптары, ауру-дерттері, іс-әрекеттері, қайғы-қасіреттері, кейде тіпті мезгілсіз өлімдеріне дейін ұқсайды. Әсіресе, талайсыз-бақсыз тағдырларының, сорларының ұқсайтыны мені қатты ойға қалдырды. Бұл енді, құдай біледі тегін емес! Осыны байқаған күндерден бастап, оқыған кітаптарыма, мақалаларыма айрықша белгі салып, сызып қана қоймай, оларды шағын форматтағы қағаз қиындыларына көшіріп, картотека жасауға кірістім. Ақын-жазушылардың күнделіктері мен естеліктерін, кейбір ұтымды зерттеулерді індетіп жүріп іздеп, қайткенде де тауып алатынды шығардым. Солардың арқасында тек болашақ «Жазмыш» кітабына байланысты арнайы кітапхана дүниеге келді. Бүгінде ол саяжайымда бөлек сақтаулы.
Ақын кітапханасының облыс орталығына көшірілуі бұл маңызына сөз жетпейтін ірі оқиға. Әрине, бұл кітапхананың жұртшылыққа республи-калық деңгейде қызмет еткені жөн еді. Алайда, Қадыр қайда да Қадыр ғой. Кітапханасыз, кітапсыз жазушы болмайды. Алайда, Қадырдың кітапханасының жөні бөлек.
Өзі талантты адам таланттың жайын көп ойлайды. «Алматы ақшамында» Ісләм Жарылғапов туралы көп жазылды. Сол дүниелердің бәрін арнайы кітап етіп те шығардық. Орыс тілінен, өзге тілдерден енген сөздердің қазақша баламасын табуда бұл кісінің алдына түсетін кісі кемде-кем. Бұрынғысы бар, кейінгісі бар, бәрі «Алматы ақшамында» жарияланды. Бұл тірлігіміз жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды. Бір заманда Мұхтар Әуезовті құтқарып қалуға көп еңбек сіңірген Ісләм аға Қадағаңа арнап 50 жылдығында ғажайып өлең жазды. Ол газетімізде жарияланды. Қадағаң да сол ағаның жанкешті еңбегі, әсіресе, кітапханасы туралы көп ойлайтын. Тіпті, Ісләм ағаның үйге сыймай, ашылмаған күйі босағада қалған кітаптарының тағдырына көп алаңдап жүрді. Мұндай ұқсастық Қадағаңның өз басында да бар еді.
Қазына аралы
Қадағаңның өзі айтқандай, кітап оқуды бірінші класқа бармай тұрып бастаған ақынның бар ғұмыры оқумен өтті. Ол аса өнімді жұмыс істеген адам, кітап жазбаған, кітап шығармаған жылдары болмаған. Тіпті, арнайы бір тақырыптар туралы кітаптардың өзі бір кішігірім кітапхана болар еді.
Есенғали ақын бір сөзінде: «Қазіргі қоғамда кейін айтылатын сөздер көп» депті. Кім біледі, сөзді кім айтып тауысқан?! Ал Қадырды оқысаңыз, қазірге де, кейінге де айтылатын сөз қалмаған тәрізді. Әсіресе, афоризмдерін айтамын. Оның газеттік емес, кітаби нұсқасын оқыған адам одан бәрін табады.
Қалай болғанда да Қадыр Мырза Әлидің кітаптарының көшірілуі, бұл — үлкен оқиға. Бүгінде көп нәрсеге селт етпейтін мына қоғам да бәлкім бұған назар аудара қоймас. Әрине, Қадекең кітаптары тиелген көш өзі елу жыл ғұмыры өткен Алматыға сыймай кетіп бара жатқан жоқ, кісіде соған деген бір қимастық сезім басым. Сұңғыла Ә.Сығайдың мына сөзі жүрегімді шым еткізді. Әшағаңның сөзі түсінікті болу үшін оқырманға мынадай түсіндірменің де артықтығы болмайды. Әшекең мен Қадағаң Каменка елдімекеніндегі Сейділда атындағы көшенің бойында ұзақ уақыт көрші тұрды. Әшағаң көшенің басында, Қадағаң соңында тұрады. Өмірінің соңғы жылдары ешкінің сүтіне көп құмартқан Қадағаңның сол күндерін Әшағаң әдемі әңгімелейді. Әшекең Қадағаңды еске алған сол басқосудағы ұзақ толғанысының бір тұсында «Қайран ағам-ай, кітаптарың тиелген керуен үйімнің тұсынан өтіп бара жатқанда не күйде болар екенмін» деп жиналған жұртты жылатуға шақ қалдырды.
Энциклопедиялық білім жиған, қазына аралына айналған Қадырдың көші — қара нардың белін қайыстыратын көш.
Қадырдың көші – ұзатылған қыздың көшіндей көркем көш.
Бұл да бір тарих, тарих болғанда қандай!?
Р.S. Қадыр Тескентау асып кетсе де бәрібір қазақтан ажырамайды. Қысқасы, Қадырсыз өмір сүру мүмкін емес.
Сұңғыла Ә.Сығайдың мына сөзі жүрегімді шым еткізді. Әшағаңның сөзі түсінікті болу үшін оқырманға мынадай түсіндірменің де артықтығы болмайды. Әшекең мен Қадағаң Каменка елдімекеніндегі Сейділда атындағы көшенің бойында ұзақ уақыт көрші тұрды. Әшағаң көшенің басында, Қадағаң соңында тұрады. Өмірінің соңғы жылдары ешкінің сүтіне көп құмартқан Қадағаңның сол күндерін Әшағаң әдемі әңгімелейді. Әшекең Қадағаңды еске алған сол басқосудағы ұзақ толғанысының бір тұсында «Қайран ағам-ай, кітаптарың тиелген керуен үйімнің тұсынан өтіп бара жатқанда не күйде болар екенмін» деп жиналған жұртты жылатуға шақ қалдырды.

Студент Қадырдың жазған арызы
Асыра сілтеудің заманында Ұлы Отан соғысына қатысқан, екі аяғы жоқ ардагердің екі сиырының біреуін жергілікті әкімшілік артық мал басына жатқызып алып қойыпты. Содан сауаты орташа ақсақал демалысқа келген Қадырға арыз жазып беруін өтінеді. Қадекең сонда былай деп жазады.
«Маған ел үшін қажет болса ештеңе де бұйым емес. Тек екі аяғымды қайтарып берсеңіз бопты».
Содан ұлықтар екі сиырын қайтарып беріпті.

almaty-akshamy.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста