Астананың он бір жылдығына арналған торқалы той басталып та кетті. Елбасының туған күнімен тұспа-тұс келетін мерекені алғашқылардың бірі болып Президенттік мәдениет орталығы атап өтті. Бір емес, екі бірдей елеулі мәдени шарамен.
Астанадағы рухани қара шаңыраққа айналып үлгерген Президенттік мәдениет орталығы тойдың басын көрмеден бастапты. «Елбасы және Елорда» деп аталатын фотосурет көрмесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-анасы мен туған әпке-інілерінің көне суреттері орын алыпты. Одан кейінгі фотолар елорда мен Елбасын байланыстыратын өмір белестерін бедерлеуге арналған. Сонымен қатар көрмеде Елбасына шет мемлекеттер тарапынан сыйға тартылған құнды естелік бұйымдар да көздің жауын алып тұр. Көрмеге көз суарып болған жұрт ендігі кезекте белгілі ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасының негізінде дайындалған музыкалы-поэтикалық спектакльді тамашалады. Музыкалы-поэтикалық қойылымның басты ерекшелігі – Тәуелсіздігіміздің символы, ел тілегін тоғыстырған елорданы Сарыарқаның төріне орнатудағы Елбасының тарихи шешімі мен еңбегін, осы жолдағы Президенттің терең толғанысын, жан тебіренісін сахналық көркем тілмен бейнелеу. Спектакльде Елбасы бейнесін талантты жас актер Қуандық Қыстақбаев сомдады. Сондай-ақ қойылымдағы жырау рөлінде ойнау үшін Алматыдан ат арытып Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев та келіпті. Музыкалы-поэтикалық спектакльдің сценарийін белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков жазған. Ал қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы.
Президентке арналған тұңғыш спектакль
Последние статьи автора